Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құрандағы ғылым растаған деректер

0 411

Құран Кәрім Алла Тағаладан Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түскен иләһи кітап екені көпшілікке мәлім. Ал оның қалай келгенін, қолымыздағы бір том кітапқа қалай айналғанын біле бермейміз. Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көзі тірісінде Құранды жатқа білген сахабалар көп еді. Сонымен қатар оны жазу міндетін бірнеше сахабаға жүктеген болатын. Олардың қатарында Әли ибн Әбу Талиб, Убай ибн Кағб, Зәйд ибн Сабит, Муғауия ибн Әби Суфиян (оларға Алла разы болсын) тәрізді танымал сахабалар болды.

Алладан уахи келгенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осы хатқа жазушы сахабаларды шақырып, түскен аяттың Құранның қай сүресінің қай аятынан кейін жазылатынын айтып, жазып қоюды бұйыратын.
Бұл жайында Абдуллаһ ибн Аббас (оған Алла разы болсын): «Алла Елшісі өзіне бір сүре түссе, жазатын адамдардың бірнешеуін шақырып, оларға: «Бұл сүрені мына, мына айтылған жерге қойыңдар», – дейтін», – деген. Ол заманда қағаз болмағандықтан, Құран аяттары сүйек, тері, тас сынды жазуға жарайтын заттарға жазылған.
Әр жылы Рамазан айында сол уақытқа дейін түскен сүрелер мен аяттарды Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран кітабында келген қазіргі тәртібімен Жәбірейіл (Алланың оған сәлемі болсын) періштеге тапсырып отырған. Сол сияқты сахабалар да жазған және жаттаған сүрелері мен аяттарын жыл бойы Пайғамбарға тексертіп отыратын еді.
Ал Құран Кәрімнің кейінгі ғасырларда ғана ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктерді осыдан он төрт ғасыр бұрын айтып кетуі көптеген ғалымдарды таңғалдырып, Исламды мойындатқан. Бұл – Құранның авторы Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі) пайғамбар емес, Жаратушы екеніне бұлтартпас айғақ.

«Темірді біз түсірдік»

Қасиетті Құран Кәрімде: «Біз …темірді де түсірдік. Темірде адам баласына зор күш-қуат және пайда бар…» («Хадид» сүресі, 25-аят), – деген аят бар. Демек, темір жерде пайда болмай, Жаратушы Иеміз оны оны көктен түсірген. Аятта «анзальна» деген сөз қолданылған. Ол арабшадан аударғанда «түсірдік, құлаттық» деген мағына береді. Неге «түсірдік» деген сөз қолданылып тұр? Қазіргі ғылыми зерттеулер көрсеткендей, мұндай химиялық элемент Күн жүйесінде (Жер де кіреді) пайда бола алмайды. Өйткені күннің беткі температурасы 6 000 градустан (Цельсий) аспайды, ал ядросы 15 миллион градус шамасында. Көлемі мен массасы күннен әлдеқайда үлкен жұлдыздарда барлық сутегі жанғаннан кейін ондағы температура шамамен 3 миллиард градусқа жетеді. Сол кезде ғана темір түзіледі. Осынау орасан зор жұлдыздардың ішіндегі темір массасы өзінің шегіне жеткен кезде жұлдыз оны ұстап тұра алмайды. Осылайша іштен кернеген ыстық массадан жұлдыз жарылады. Темір массалары метеориттер күйінде ғарыш әлеміне шашыла ұшады. Бұл метеориттер ғарышта осылайша айналып жүргенде жердің тартылыс аймағына тап болып, құлап түседі. Бұдан шығатын қорытынды – темір рудасы жердің өзінде пайда болмаған. Ол мұнда сыртқы ғарыштан, әлдебір аса жаңа жұлдыздың жарылысынан соң метеориттермен бірге түскен. Яғни Құранда айтылғандай, жерге түсірілген.
Жер қыртысындағы темір кенінің орналасуы мен таралуында белгілі бір заңдылық бар екенін анықталды. Жер қыртысының пайда болуының әртүрлі кезеңдеріндегі және түрлі географиялық ендіктердегі темір кендері ретсіз емес, геомагниттік полюстерге қатысты белгілі бір бағытта орналасқанын көрсеткен. Мұның өзі темірдің жерге белгілі бір уақыт пен кезеңде түскеніне дәлел.

Саусақ іздері

Алла Тағала Құранда былай деген: «Әрине, оны саусағының ұшына дейін қайта жасай аламыз» («Қиямет» сүресі, 4-аят). Саусақ іздері – Құран кереметтерінің бірі. Әрбір адамның саусақ ізі – ешқашан қайталанбайтын бірегей құбылыс. Осы уақытқа дейін миллиардтаған адам дүниеге келіп, өмірден өтіп кеткенімен, әрбір адамның саусақ іздерінде мүлдем ұқсастық жоқ. Тіпті ДНҚ құрылымы бірдей егіздердің саусақ ізі де әртүрлі болып келеді. Бір сөзбен айтқанда, әрбір жанның саусақ ізінде оның жеке басы туралы мәліметтер жинақталған. Бұл мәліметтерді қазіргі уақытта кеңінен қолданылып жүрген штрих-кодпен салыстыруға болады. Әрбір жанның саусақ ізі – тек өзіне ғана тиесілі түпнұсқа. Саусақ ізі бала ана құрсағында жатып, өмірге келгенге дейін толыққанды соңғы пішінін қалыптастырады екен. Сондықтан саусақ ізі әрбір жанның жеке басын куәландыратын құжаты десек те болады.
Саусақ ізін сараптайтын мамандар әр адамның саусақ ізі сол адамды танудың кемшіліксіз, қатесіз әдісі деп есептейді. Мұндай мамандарды дактилоскопист, ал ғылым саласын дактилоскопия деп аталады. Дактилоскопия ғылымы 1877 жылы белгілі болса, 1902 жылдан қолданысқа ене бастады. Оған дейін саусақ ізі адамдар үшін жай ғана сызықтар ретінде белгілі болып, ешқандай маңызды ақпарат бермейді деп есептелінді.
Дене мүшелерінің сөйлеуі Алла Тағала Құран Кәрімде: «Күндердің күнінде Алланың дұшпандары топ-тобымен тозаққа айдалу үшін қабірінен шығарылып, сап түзеген күйде ғарасат майданына айдалады. Олар межелі жерге келіп жеткенде құлағы, көзі һәм терісі (дүниеде) не істеп, не қойғанын айтып, өздеріне қарсы куәлік береді. Сол кезде олар терісінен: «Неге бізге қарсы куәлік бердіңдер?», – деп сұрайды. Сонда терісі: «Барлық нәрсеге тіл бітірген Алла бізге де тіл бітірді», – деп жауап береді», – делінген («Фуссиләт» сүресі, 19-21 аяттар). Бұл аяттарда ақыретте адамның дене мүшелері өзіне қарсы айғақ беріп, пенденің барлық күнәсін ашып көрсететіні жайында айтылуда. Бір қарағанда ақылға қонымсыз, қисынсыздау көрінгенімен, мұның да ғылыми тұрғыда негізі бар болып шықты. Себебі ғалымдар бактериялардың ДНҚ-сына ақпарат енгізе алды, ол өз кезегінде мыңдаған жыл бойы сақталуы мүмкін. Жаңа әдіс мамандарға ақпаратты адамның жасушасына немесе су молекуласына жазуға мүмкіндік берді. Яғни бүгінгі күні ақпарат кез келген ағзада сақталады. Осылайша құдіретті Жаратушы Иеміз біздің денеміздің жасушаларында кез келген ақпаратты сақтауға мүмкіндік берген.

Қара құрдым

Құранда жұлдыздардың сөнетіні жайында былай делінеді: «Сендерге уәде еткен нәрсе сөзсіз орындалады, жұлдыздар сөнгенде, аспан жарылғанда…» («Әл-Мурсалат» сүресі, 7-9 аяттар). Ал сөнген жұлдыздар жайлы «Тариқ» сүресінде былай делінеді: «Тариқ жайында қайдан білесің? Ол – (қараңғылықты немесе аспанды) жарқыраған жұлдыз» («Ат-Тариқ» сүресі, 2-3 аяттар).
ХХ ғасырда ғалымдар ғарышта «қара құрдым (тесік)» деп аталатын орындарды анықтады. Олар – алапат тартылыс күшіне ие орындар. Сондай-ақ зерттеушілер саңылаулардың әлдебір жұлдыздың сөнуінен кейін пайда болатынын және айналасындағы жарықты өзіне сорып алатын алапат күшке ие екенін анықтады. Бүгінде қара құрдымға ең мықты деген астрономдар мен ғалымдардың өзі нақты анықтама бере алмауда. Сондықтан VII ғасырда қасиетті Құран түскенде сол кезде өмір сүрген арабтар ғарыш кеңістігіндегі қара тесіктердің болатынын білуі мүмкін емес еді.

Терінің ауырсынуды сезінуі

«Негізінен, аяттарымызға сенбегендерді жедел тозаққа саламыз да, олардың терілері жанған сайын азап татуы үшін оны басқа теріге ауыстырамыз. Шәксіз, Алла тым үстем, хикмет иесі» («Ниса» сүресі, 56-аят). Бұл аятта адамның «терісі жанған сайын» пенденің қатты азапқа душар болатыны туралы айтылуда. Медицина күйіктің ауырлығына қарай негізінен 4 топқа бөліп қарастырады. I дәрежелі күйікте тері қызарады және аздап ісініп, орташа ауырсынуды сезінеді. Әдетте 4-5 күнде біртіндеп жазыла бастайды. II дәрежелі күйікте теріде мөлдір сарғыш көпіршіктер пайда болады. Көпіршіктер жарылған кезде терінің өскін қабатының астындағы еті көрініп, қатты ауырсынып, қиналады. III және IV дәрежелі күйікте тіндердің (ткань), бұлшық еттердің, жүйкенің май қабаттарының, тіпті сүйектер де қатты зақымданады. Тері қызыл, ақ, сары және қара түске енуі мүмкін. Байқағанымыздай, III және IV дәрежелі күйікте адамның терісі күйіп не жанып кеткеннен кейін ауырсынуды сезбейді. Ғалымдар ұзақ уақыт бойы ауырсыну мида пайда болады деген тұжырым жасап келген еді. Алайда осы саланы зерттеушілер: «Азап терінің үстінде болатындықтан, тері жанып кеткен соң бұлшықет зақымданғанмен, ауырсыну тоқтайды. Бұл дегеніміз, одан кейін азапты сезбей қалады деген сөз. Өйткені миға теріден сигнал барады. Ми тері арқылы сезінеді. Сондықтан тері жанып, көмірдей қарайып кеткенде бұлшық еттер міндетін атқара алмай қалады. Ол үшін жаңа бір терімен қапталуы қажет. Яғни дене жаңа терімен қапталғанда ғана азапты сезінетін жүйе қайта қалпына келеді. Басқалай болса немесе тері күйіп кеткеннен кейін қайтадан тері жаратылмаса, азап жалғаспайды», – деген тоқтамға келген.

Сүлеймен және ұшақ

Құранда мынадай аят бар: «Сүлейменге де ерте кетуі бір айлық, кешке қайтуы бір айлық (жол алатын) желді бағындырдық» («Сәбә» сүресі, 12-аят). Атақты Ислам ғалымы Хасан әл-Басридің айтуы бойынша, Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар таңда Құддыстан шығып, түске дейін Истахр қаласына жетеді. Екі аралық шамамен 2 000 шақырымды құрайды. Онда ол намаз оқып, түскі ас ішеді де, саяхатын жалғастырып, кешқұрым Кабулда (2 000 шақырым) болады. Бұл – жаяу адамның тоқтамай жүргендегі екі айлық жолы. Осылайша Сүлеймен (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың тағының ұшу жылдамдығы 400 шақырымды құрайды, бұл поршеньді қозғалтқышы мен әуе винті бар ұшақтың жылдамдығына тең. Бұл аятта жел туралы айту кездейсоқ емес. Жел – ең алдымен ауа ағыны. Күшті ауа ағыны бұрандалы қозғалтқышпен жабдықталған ұшақта әуе винті ауаны қалақтармен ұстап, ұшуға және ұшуға жеткілікті қуат жинап әуеге көтерілетінін бүгінгі ғылым дәлелдеді. Осыдан бірнеше мың жыл бұрын ұшақтың қандай физикалық заңдарға сүйене отырып ұшуы мүмкін екені белгісіз еді. Бұл да – Құранның Алла Тағаланың мұғжизасы екеніне тағы бір дәлел.

Кеулімжай ҚҰТТЫ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.