Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Тектұрмастағы» талдар тамшылату әдісімен суарылады

0 447

Биыл қаланы көгалдандыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта облыс орталығында жүйелі жұмыстар қолға алынған.

Айталық, «Ұлы дала» шағынауданындағы саябаққа 5 000-ға жуық тал егу жоспарланған. Осы кезге дейін 2 500-ден аса тал-дарақ отырғызылды. Әрине, бұл талдарға уақытылы күтім жасап, суғарып тұру – аса маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта қазір саябақ аумағынан екі су ұңғымасын бұрғылау көзделген.
Бүгінгі күні бір су ұңғыманы бұрғылау жұмыстары басталып кетті. Енді аталған жұмыстар толығымен аяқталған кезде осы арнайы бұрғыланған ұңғымалар арқылы егілген тал-дарақтарға арнайы су жүйесімен тіршілік нәрі жіберілетін болады.
Сонымен қатар Тараздағы ең көрікті нысанның бірі «Тектұрмас» этнотарихи кешенінің көркіне сән қосу аса маңызды. Айталық, бүгінгі күні «Тектұрмас» кешенін абаттандырып, жасыл желекпен көмкеру жұмыстары да қарқын алуда. Нақтырақ тоқталсақ, кешенге 4 500 дана қылқан жапырақты ағашты егу жоспарланса, оның бүгінге дейін 3 500-і егілді. Осыған орай, кешендегі ағаштарды тамшылату және егілетін көгалды автоматты суғару жүйелеріне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл жөнінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те тиісті тапсырмалар жүктеген болатын.
Қазіргі уақытта мұнда суғару жүйесіне арналған диаметрі 20-4000 метр, диаметрі 50-11 000 метр және диаметрі 75-1000 метр болатын су құбырлары алынды. Су Талас өзеннің арнасынан сорғылау жүйесі арқылы сақтау ыдысына (резервуарға) жиналып, талдарға жіберіледі.
Осылайша барлығы арнайы технология бойынша тамшылатып суғару жүйесіне қосылады.
Бұл жұмыстар жақын арада толық аяқталады деп көзделуде.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.