Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тарихы терең таңбалы тастарды қорғау қажет

0 2  947

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында төл тарихымыздағы теңдессіз нысандарды сақтау жөнінде сөз қозғалды.

«Қазақстанды «Таңбалы тастар мекені» деп бекер айтпайды. Ешкіөлмес жотасы – Еуразия құрлығындағы петроглифі ең көп жердің бірі. Арпаөзен, Құлжабасы, Сауысқанды сайларында көптеген тарихи сурет сақталған. Бұл жәдігерлер – Дала өркениетінің сан мың жылдық шежіресі. Соңғы жылдары құрылысқа қажет деген желеумен кейбір жәдігерлеріміз бүлініп жатыр. Біз теңдессіз тарихи нысандарымызды жоюға жол бермей, мұқият қорғауымыз керек», – деді Президент.
Петроглифтер – еліміздің территориясын мекендеген ежелгі адамдардың жартастарда қалдырған ерекше жазбалары. Ерте заманның суретшілері жартастың теп-тeгic жазық бетіне аңдардың, адамдардың бейнесін немесе белгілі бip сюжеттік желіге құрылған тұтастай композицияны шекіп түcipгeн. Қазақстан жеріндегі таңбалы тастар сонау қола дәуірінен басталады. Петроглифтерді түсіну үшін зерттеуші археология, тарих, этнография, геология, өнертану және мифология салаларынан хабардар болуы керек. Елімізде таңбалы тастарды зерттеумен тарихшы-археологтар А.Медоев, Б.Әубәкіров, А.Марьяшев, А.Рогожинский, З.Самашев және т.б. ғалымдар айналысқан және айналысып келеді.
Петроглиф деген сөз ежелгі грекше πέτρο – «тас» және γλυφή – «шеку» дегенді білдіреді. Көне суретшілер тастарға жануарлардың, құстардың, адамдардың, аң аулау және тұрмыс-тіршілік суреттерін, сондай-ақ аспан денелері мен неше түрлі геометриялық пішіндерді салған. Оларды қазіргі заманда дәл қайталау мүмкін емес. 4-5 мың жыл бойы жақсы сақталған жартастар көне замандағы адамдардың өмірінен, дүниетанымынан хабар береді. Қазақстанда мұндай петроглифтер жүздеген мекеннен табылған, әcipece Жетісу өңipi – петроглифтерге бай аймақтардың бipi. Солардың ішінде Таңбалы тас жазулары ерекше танымал. Тамғалы петроглифтері орта қола дәуірі ескерткіштеріне жатады. Тамғалы шатқалы Алматыдан солтүстік-батысқа қарай орналасқан. Мұндағы суреттерде әйгілі Күнбасты құдай бейнесі жиі кездеседі. Президент атап айтқандай, Жетісу өңіріндегі Ешкіөлмес, Баянжүрек, Құлжабасы, Сауысқандық, Арпаөзен, Қасқабұлақ, Тосбұлақ, Қызылшың, Тектұрмас және тағы басқа мекендер қола ғасырынан бepi сақталған «мәдени-тарихи ландшафтар» болып есептеледі. Мысалы, Қызылтас жотасы маңында орналасқан, ел арасында «Тасбақа тас» деп аталып кеткен аумақ 80 шаршы шақырымды алып жатыр және бұл жерден мыңдаған петроглиф табылған. Сондықтан да Қазақстан жерін мекендеген ежелгі тайпалардың бүгінгі күнге дейін жеткен мәдени-тарихи ескерткіштерін сақтау, зерттеу, ұрпақтарға қалдыру өте маңызды.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент петроглифтерді сақтау мақсатында қажет болса, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесін қарастыруды, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Өйткені археологиялық қазба жүргізу үшін лицензия беру ісінде шешімін таппаған түйткілдер бар. Мәселен, соңғы кезде Талдықорған қаласының іргесіндегі Қызылтас жотасы аумағында екі өндірістік жарылыс болды. «Петроглифтер ізшілері» қоғамдық қорының үйлестірушісі Ольга Гумированың айтуынша, бұл аймақта ғалымдар әлі зерттемеген, тарихи ескерткіш ретінде ресми мәртебе берілмеген көптеген петроглифтер бар. Ғылыми еріктілер осы маңды барлау нәтижесінде, теңдесі жоқ жартас суреттерін тапқан. Таңбалы тастарға тарихи ескерткіш мәртебесі берілмегендіктен, «Темірбетон» кәсіпорны осы жерден диорит өндірумен айналысып, құрылыс материалдарын әзірлеп жатыр. Бұл жұмыстарға «Қазархеология» ЖШС археологиялық сараптама жүргізіп, құрылыс жұмыстарына рұқсат берген. Сарапшылар мұның бәрі заңнамадағы жүйелі қателіктердің салдары екенін айтып, осыған депутаттар назарын аударуды ұсынады. Сондай-ақ ғылыми еріктілер ежелден осы маңда орналасқан петроглифтер секілді ескерткіштерді жылжытуға, көшіруге болмайтынын, себебі жартастағы бейнелер, қорғандар біртұтас кешен екенін және тасымалдау кезінде бүлінетінін айтады.
Қоғам белсенділері петроглифтерді сақтау Жетісу облысындағы көрікті орындардың тартымдылығын арттырып, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді деп санайды. Көнеден қаз қалпында жеткен тарихи мұрамызды сақтап, тиісті құрмет көрсете білсек, өскелең ұрпақ та өз елінің қадір-қасиетін сезініп, сақтауға, табиғи және тарихи байлығын қорғауға атсалысатыны сөзсіз.
Сонымен, тарихи-мәдени мұраға жанашыр қауымды алаңдатқан осы мәселе Ұлттық құрылтай мінберінде айтылып, Президент тиісті орындарға нақты тапсырмалар берді. Археология саласындағы күмәнді адамдардың құрылыс фирмаларына жекелеген жер телімдерінің тарихи-археологиялық маңызы жоқ деген жалған ғылыми қорытындылар беретінін атап айтты. Тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау үшін археология саласында тәртіп орнатылғанда ғана, петроглифтер секілді бірегей ескерткіштерді жою әрекеттеріне тоқтау салуға болады. Бұл үшін алдағы уақытта археология саласындағы қызмет жүйеленуге тиіс.

Дина ИМАМБАЙ,
әлеуметтік ғылымдар магистрі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.