Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ислам тек ізгілікке үндейді

0 377

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға көптеген салауат пен сәлем жолдаймыз. Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Асыл дініміз мұсылмандардың өзара туыс екенін айтып, береке-бірлікте болуын міндеттейді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 92-аятында:
إِنَّ هَذِهِ أُمَّتُكُمْ أُمَّةً وَاحِدَةً وَأَنَا رَبُّكُمْ فَاعْبُدُونِ
«Осы сендердің үмметтерің бір-ақ үммет. Мен Раббыларың. Сондықтан Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп бұйырған.
Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш – күңшілдік, іштарлық, араздық. Халқымыз мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ел тізгінін қолына ұстаған ақсақалдар мен билер ел ішіндегі асқынған дау-дамайды, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда, ел бірлігіне сына түспеу жағына аса көңіл бөлген.
Ардақты пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) уахидің алғашқы кезеңінен бастап, мұсылмандардың өзара бауырмалдығы мен бірлігіне аса маңыз берген. Араздасқан адамдар болса, бірден татуластырып, өзара кешірімде болуды насихаттаған. Өйткені бірлік – кез келген қоғамның тірегі. Хадис-шәріпте:
لاَ تَبَاغَضُوا وَلَا تَحَاسَدُوا وَلاَ تَدَابَرُوا وَكُونُوا عِبَادَ اللهِ إِخْوَانًا وَلَا يَحِلُّ لِمُسْلِمٍ أَنْ يُهَاجِرَ أَخَاهُ فَوْقَ ثَلَاثِ لَيَالٍ
«Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көре алмаушылық жасамаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ», – деп ынтымақ пен бірлікке шақырған (имам Бұхари, Мүслим).
Ғалымдарымыз бауырмалдық пен бірлікті жайқалып өскен тоғайға теңеген. Себебі тоғай өсіп, бұтағы көбейген сайын қуатталып, оған қатты жел әсер ете алмайтынындай, ауызбіршілігі мен бауырмалдығы мығым елге ешқандай жамандық теріс әсерін тигізе алмайды.
Ислам діні қоғамдағы тыныштық пен ынтымақты сақтау үшін мына негізгі қағидаларды талап етеді:
Бірінші – бауырмалдық ақыларды орындау
Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:
وَاذْكُرُوا نِعْمَتَ اللَّهِ عَلَيْكُمْ إِذْ كُنْتُمْ أَعْدَاءً فَأَلَّفَ بَيْنَ قُلُوبِكُمْ فَأَصْبَحْتُمْ بِنِعْمَتِهِ إِخْوَانًا
«Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені сендер бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп мұсылмандардың өзара бауыр, туыс екенін айтқан. Сонымен қатар дінімізде мұсылмандар өзара атқаруы қажет болған ақылар мен әдептер бар. Ол ақыларды орындау арқылы мұсылмандар өзара ынтымақ пен бірлікте, береке мен татулықта болады. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ خَمْسٌ : رَدُّ السَّلَامِ وَعِيَادَةُ الْمَرِيضِ وَاتِّبَاعُ الْجَنَائِزِ وَإِجَابَةُ الدَّعْوَةِ وَتَشْمِيتُ الْعَاطِسِ
«Мұсылманның мұсылманға деген бес ақысы бар: сәлем берсе – қайтару, ауырса – халін сұрау, жаназасына қатысу, шақырса – бару, түшкірсе – жақсылық тілеу», – деген (имам Бұхари).
Ал имам Мүслимнің риуаятында мұсылманның мұсылман алдындағы алты ақысы бар екендігі айтылған. Олар:
حَقُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ سِتٌّ: إِذَا لَقِيتَهُ فَسَلِّمْ عَلَيْهِ، وإِذَا دَعَاكَ فَأَجِبْهُ، وإِذَا اسْتَنْصَحَكَ فَانْصَحْهُ، وإِذَا عَطَسَ فَحَمِدَ اللَّهَ فَسَمِّتْهُ، وإِذَا مَرِضَ فَعُدْهُ، وإِذَا مَاتَ فَاتْبَعْهُ
«Мұсылманның мұсылман алдында алты ақсы бар: егер кездестірсең – сәлем бер, егер шақырған болса – бар, егер насихат сұраса – насихат айт, егер түшкіріп, Алла Тағалаға мақтау айтса – оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса – халін сұрап бар, егер қайтыс болса – соңғы сапарға шығарып сал» (имам Мүслим).
Жалпы мұсылманның мұсылманға деген ақылары көп. Алайда ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол ақылардың ішінде осы айтылған амалдарды атап кетуі – бұл амалдарды орындауға ерекше мән беруіміз керектігін білдіреді. Сондықтан да ғалымдарымыз жоғарыдағы хадистердегі «бес» немесе «алты» деген сандардың шектеу үшін көрсетілмегенін айтқан.
Екінші – береке мен бірлікке нұқсан келтіретін істерден сақтану
Қандай да бір қоғамда береке мен бірлік болса, ол – Алла Тағаланың берген үлкен нығметі. Адамдар ол нығметті бағалап, оған нұқсан келтіретін барлық істерден сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 103-аятында:
وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللهِ جَمِيعًا وَلاَ تَفَرَّقُوا
«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп мүминдерді бірлікте болуды бұйырып, бөлінуден тыйған.
Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынов бабамыз: «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс жасау керек», – дейді. Ол өзінің «Аққу, шортан һәм шаян» атты мысал өлеңінде біреуі суға, біреуі құрлыққа, енді бірі аспанға тартқан аққу, шортан және шаянды мысал ету арқылы бірлігі жоғалып, әркім өзіне тартқан қоғамда береке болмайтынын суреттеп, өлең соңын:
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, – деп түйіндейді.
Жалпы бірлікке нұқсан келтіретін істерге – өзгенің ақысына қол сұғу, әділетсіздік жасау, сый-құрмет танытпау, күңшілдік, өсек пен ғайбат сияқты т.б. істер жатқызылады. Мұсылмандар бұл істерден сақтанып, өздерін бір бүтін ғимарат, бір дене іспеттес сезініп, мейірім мен қамқорлықта болуы қажет. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
مَثَلُ الْمًؤْمِنِينَ فِي تَوَادّهِمْ وَ تَرَاحُمِهِمْ وَ تَعَاطُفِهِمْ مَثَلُ الْجَسَدِ إِذَا اِشْتَكَى مِنْهُ عُضوٌ تَدَاعَى لَهُ سَائِرَ الْجَسَدِ بِالسَّهْرِ وَالْحُمَّى
«Мұсылмандар бір-біріне бауырмалдықта, мейірімділікте, қарым-қатынаста бір бүтін дене іспеттес. Егер оның бір ағзасы ауырса, қалғаны ұйқысыз және ыстығы көтерілуінде онымен бірге болады», – деген (имам Бұхари).
Денені құрайтын ағзалардың бірігіп, дұрыс жұмыс жасағанында ғана дененің сау болатындығы сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар да, өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, ол қоғам өркендеп гүлденеді.
Ақтамберді жырау өсиет өлеңінде:
Балаларыма өсиет:
Қылмаңыздар кепиет,
Бірлігіңнен айырылма,
Бірлікте бар қасиет.
Татулық болар береке,
Қылмасын жұрт келеке,
Араз болсаң алты ауыз,
Еліңе кірген әреке, – деп ұрпағына береке мен бірлікті насихаттап, араздықтан сақтандырған.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қоғамның ынтымағы мен бірлігін сақтау жолында үлкен қажыр-қайрат жұмсап, адамдар арасындағы бірлік жоғалмауы үшін екіжүзділердің өзімен әділетті қарым-қатынас жасады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина халқы арасында іріткі салушы мұнафықтарды, бастарында кімдердің жүргенін өте жақсы білсе де, қоғамның бірлігі бұзылмауы үшін оны ешқашан елге паш етпеген. Паш ету былай тұрсын, олармен мұсылмандар секілді қарым-қатынас жасайтын. Мұнафықтардың көсемі Абдулла ибн Убәйдің адам айтқысыз қиянаттарына төзіп, оны жазаламауы – бірлік көксеудің айқын дәлелі. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) қанша рет мұнафықтың көзін құртуға рұқсат сұрағанымен, ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мәселені Аллаға тапсырып, дін Исламға, қоғамға зиян тигізуші екіжүзділерге тиіскізбеді. Тіпті мұнафықтардың көсемі Абдулла ибн Убәй ибн Сәлул қайтыс болмай тұрып баласын ардақты пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жіберіп, үстіндегі көйлегін кебін ету үшін сұратқанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көйлегін береді. Міне, осындай ғибратты оқиғаларды ардақты пайғамбарымыз бен одан тәлім алған сахабалардың ғұмырынан көптеп көруімізге болады.
Үшінші – өзара сыйластықта болу
Сыйластық – отбасының да, қоғамның да береке-бірлікте болуының негізгі кілті. Сыйластық – қазақ халқында ежелден қалыптасқан, қанға сіңген қасиет. Төле би бабамыз: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық», – деген.
«Адам сыйлағанның құлы» деген халқымыз өзін сыйлап, құрметтеген жанға төрден орын ұсынып, сұрағанын береді. «Сыйлап берген су да тәтті» деп алдына қойылған асқа емес, пейілдің адалдығы мен көңілдің тазалығына баса мән берген.
Дініміз Ислам ата-анамен, туыс-бауырмен, көршімен, доспен көркем мәміледе болуды, оларға жақсы қарым-қатынас жасауды, жалпы қоғамдағы адамдармен сыйласуды бұйырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ниса» сүресі, 36-аятында:
وَٱعْبُدُوا۟ ٱللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا۟ بِهِۦ شَيْـًۭٔا ۖ وَبِٱلْوَٰلِدَيْنِ إِحْسَـٰنًۭا وَبِذِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْيَتَـٰمَىٰ وَٱلْمَسَـٰكِينِ وَٱلْجَارِ ذِى ٱلْقُرْبَىٰ وَٱلْجَارِ ٱلْجُنُبِ وَٱلصَّاحِبِ بِٱلْجَنۢبِ وَٱبْنِ ٱلسَّبِيلِ وَمَا مَلَكَتْ أَيْمَـٰنُكُمْ ۗ إِنَّ ٱللَّهَ لَا يُحِبُّ مَن كَانَ مُخْتَالًۭا فَخُورًا
«Аллаға ғана құлшылық етіңдер. Оған еш нәрсені ортақ етіп қоспаңдар. Әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, міскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық жасаңдар. Алла өзін әлдеқандай көретін мақтаншақты жақсы көрмейді», – деп айтқан.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді:
لَيْسَ مِنَّا مَنْ لَمْ يَرحَمْ صَغيرَنا ويُوَقِّرْ كَبِيرَنا
«Кішіге мейірім етпеген, ал үлкенге құрмет көрсетпеген бізден емес» (имам Термизи).
Хадисте кішіге деген сүйіспеншілік, үлкенге ізет көрсету – мұсылмандардың негізгі адамгершілік қасиеттері екені айтылған. Ислам діні адамдардың жағдайлары және жас айырмашылықтары қандай болса да, оларға қызмет көрсетіп, сыйластық танытуға бұйырған. Бұл хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ол бізден емес», – дегенді үлкенге құрмет көрсетпеу және кішіге ізеттілік танытпау біздің жолымыздан және сүннетімізден емес деген мағынада айтқан.
Майлы қожа бабамыз «Болатын елдің баласы бірін-бірі «сіз» деген, болмайтын елдің баласы бірін-бірі күндеген» деп сыйластық бар жерде татулық пен береке, бірлік пен ынтымақ орын алатынын айтқан.
Сондықтан да қоғамда әрбір адамды құрметтеп, сыйлап, ең көркем түрде қарым-қатынас жасауға тырысайық. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اِتَّقِ اللهَ حَيْثُمَا كُنْتَ، وَأَتْبِعِ السَّيِّئَةَ الْحَسَنَةَ تَمْحُهَا، وَخَالِقِ النَّاسَ بِخُلُقٍ حَسَنٍ
«Қайда болсаң да Алладан қорық, жамандығыңның артынан оны өшіретін жақсылықпен ұластыр әрі адамдармен көркем мінезбен қарым-қатынас жаса», – деп өсиет еткен.
Қадірменді жамағат!
Қоғамның тыныштығы мен береке-бірлікте болуын әрбір қоғам иесі бағалап, оған сызат түсіріп алмауды ойлауы қажет. Адамдардың құқығын құрметтеп, қоғамдағы тәртіпке бағынып, бірлігімізді бұзатын істерден сақтануы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلاَ تُفْسِدُواْ فِي الأَرْضِ بَعْدَ إِصْلاَحِهَا
«Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деп ескерткен («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Бұқар жырау бабамыз: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін», – деп насихат қалдырған.
Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға әрдайым тыныштық нәсіп етіп, күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!

Тұрар Әбуов,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.