Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәслихаттың мақсаты – халық игілігіне қызмет ету

0 1  688

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа арнаған Жолдауында: «Саяси жаңғыру болмаса, елімізді орнықты дамыту, ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзгеріс жасау мүмкін емес. Бұл – анық нәрсе. Саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі буынына айналуға тиіс. Бүгінде олар жергілікті мемлекеттік басқару әрі жергілікті өзін-өзі басқару институты ретінде гибридті сипатқа ие болып отыр. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттігін нақты белгілеу қажет», – деген болатын.

Расында, бүгінде Президент тапсырмасына орай, жергілікті мәслихаттардың мәртебесі биіктеп, беделі арта түсті. Осы бағытта Тараз қалалық мәслихаты тарапынан да атқарылған ауқымды жұмыстар баршылық. Депутаттарымыз халық арасында жүріп, қоғамның өзегінде қайнап жатқан өткір мәселелерді үнемі көтеріп келеді. Осы арқылы сайлаушыларымен жиі кездесіп, көкейлеріндегі жүрген сауалдарына жауап беріп, халықтың мұңын мәслихат мінберінен айтып, шешілуіне мұрындық болуда.
Айталық, өздеріңізге белгілі, өткен жыл еліміз үшін ерекше болды. Өйткені Президенттің саяси реформаларын жүзеге асыру мақсатында Парламенттің және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Саяси дода ашық, бәсекеге толы форматта өткізілді. Барлық кандидаттарға тең құқық пен мүмкіндік беріліп, мәслихаттарға елді дамытудағы ұстанымы бір азаматтар топтасты.

Соның аясында Тараз қалалық мәслихатының бірмандаттық аумақтық округтері бойынша 27 депутат сайланды. Олардың біреуі «Ауыл», екеуі «Ақ жол», үшеуі Қазақстан Халық партиясынан, жетеуі өзін-өзі ұсынған және он төрті «AMANAT» партиясынан сайланды. 27 депутаттың жетеуі, яғни 25 пайызы әйел, ал қалған 20-сы, яғни 75 пайызы ер адам. Халық қалаулыларының орташа жасы – 44 жас. Депутаттарымыздың барлығы жоғары білімді. Әрқайсысы әр саланың майталмандары. Олардың арасында дәрігер де, мұғалім де, кәсіпкер де, өзге де саланың өкілдері де бар.
Мандат иеленіп, сайлаушылардың қолдауымен депутат атанған әріптестеріміз жыл көлемінде мемлекеттік бағдарламалардың іске асуына және өздерінің сайлауалды бағдарламаларында көрсетілген жоспарлы жұмыстарды, үгіт-насихат кезеңінде сайлаушылардан түскен өтініштер мен талап-тілектерді орындады. Бұл ретте депутаттар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе жұмыс істеп, тығыз әріптестік байланыста болып, тұрғындар үдесінен шығуды мақсат еткенін атап өтейін.
Қаладағы келелі мәселелер мәслихаттың сессияларынан тыс қалмайды. Халық қалаулылары өздері сайланған округтердегі өзекті проблемаларды қалт жібермеуге тырысуда. Айталық, өткен жылдың ішінде қалалық мәслихаттың жұмысы бекітілген перспективалық жоспарға сәйкес 11 сессия, оның ішінде 7 кезектен тыс, 4 кезекті сессия өтті. Сессиялардың күн тәртібінде негізінен шаһарымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуының аса маңызды мәселелері қаралды. Бұдан бөлек, жылдық жоспарға сәйкес, шаһар бойынша білім беру саласының жай-күйі және оны жақсарту шаралары, қала объектілерін жылу беру маусымына дайындау барысы және өзге де өзекті мәселелер тыңдалды. Сондай-ақ депутаттарымыз қала әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есебін тыңдап, оң бағасын берді. Осылайша, депутаттар сессияларда барлығы 92 негізгі мәселені қарап, оның ішінде 9 шешім әділет органдарында тіркеуден өтті. Мәслихат қабылдаған шешімдерге қатысты құзырлы органдардан наразылық пен ұсыныстар түскен жоқ. Мәслихаттар қызметінің ашықтығына байланысты сессиялар өз кезегінде «Youtube» платформасына жарияланды. Сондай-ақ сессияларға шығарылған мәселелер бойынша депутаттармен зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тұрақты комиссиялардың отырысында жан-жақты талқыланып, нақты ұсыныстар берілді.
Қазіргі таңда қалалық мәслихатта 4 тұрақты комиссия жұмыс істейді. Оның біріншісі – экономика, бюджет және кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия. Аталған комиссия былтыр 3 отырыс өткізіп, 6 мәселені қарастырды. Екіншісі – заңдылық, құқық тәртібі және қоғаммен жұмыс жасау жөніндегі тұрақты комиссия. Комиссия тарапынан 3 отырыс өткізіліп, 6 мәселе қарастырылған. Үшіншісі – білім беру және әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссия. Бұл комиссия 3 отырыс өткізіп, 9 мәселені назарға алды. Төртіншісі – инфрақұрылым, коммуналдық шаруашылық және жер қатынастары жөніндегі тұрақты комиссия. Бұл комиссия 3 отырыс өткізіп, 8 мәселеге кезек берген.
Қалалық мәслихат аппараты депутаттық корпустың қызметінде ақпараттық-талдау, құқықтық және ұйымдастырушылық қызметті қамтамасыз ететін 6 мемлекеттік қызметшіден тұрады. Жыл бойы мәслихат аппараты тұрақты комиссиялардың отырыстары мен сессияларында қарастырылған мәселелер бойынша ақпараттық материалдар мен талдау анықтамаларын дайындады. Мәслихат аппаратына жеке тұлғалардан – 43, заңды тұлғалардан 14 өтініш қабылданып, олардың барлығына нақты жауаптар жолданды. Қалалық мәслихат аппаратына әртүрлі мәселелерді қамтыған 375 хат келіп түсті. Келіп түскен хаттардың 50-і назарға алынып, 325-іне тиісті жауаптар берілді.
Кез келген мәслихат депутатының басты міндеті – сайлаушыларға берген сайлауалды уәдесін орындау, сайлаушылардың сенім үдесінен шығып, өз округіндегі тұрғындардың үмітін ақтау. Барлық депутат өз қызметінде ай сайын өткізетін қоғамдық қабылдауларда тұрғындардың көтерген немесе өзге де шешімі табылмай жатқан маңызды мәселелер бойынша қала әкімімен бірлескен, 2023-2025 жылдарға арналған жалпы саны 96 депутаттық сауал дайындады. 2023 жылы жоспарланған 44 сауалдың 30-ы орындалды. Ал өткен жылы орындалмаған сауалдар 2024 жылға шегерілді. Ағымдағы жылы – 54, 2025 жылы 12 сауалдың орындалуы жоспарда тұр. Бұдан өзге депутаттарымыз тарапынан әкімге, олардың орынбасарларына мемлекеттік органдардың, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына 100-ге жуық депутаттық сауал жолданды.
Жіберілген депутаттық сауалдарға тиісті органдардан нақты сапалы жауаптар алу, қойылған мәселелердің шешімін тауып, аяғына дейін жеткізу депутаттардың және мәслихат аппаратының ерекше назарында болды. Негізгі мақсат – депутаттық сауалдардың саны емес, олардың нақты нәтижесі екені белгілі. Осылайша шаһар басшысының қолдауымен сауалдар бойынша жобалық нақты тапсырмалар беріліп, әрқайсысының орындалуы қатаң бақылауда тұр. Дегенмен де, шешімін таппаған мәселелер әлі де бар.
Мәслихаттың негізгі жұмыс қағидасы – оның ашықтығында. Осы ретте қалалық мәслихат депутаттарының сайлаушылармен кездесулері және азаматтарды жеке қабылдаулары жоспарға сәйкес жүргізілді. Депутаттардың жеке қабылдау кестелері мәслихат сайтында жарияланды. Халық қалаулыларының жұмысы әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы тұрақты түрде жарияланып келеді.
Депутаттар өз жұмыстары барысында өз қаражаттарынан белгілі бір мәселемен келген сайлаушыларға ғана емес, сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға үнемі қайырымдылық, демеушілік көмек беріп келеді. Бұл біздің депутаттық қана емес, азаматтық, адамгершілік міндетіміз деп білемін. Ең бастысы, ел сенімін арқалаған азаматтар мен азаматшалар бұл істі алдағы уақытта да жалғастыра беретініне сенімдімін.

Мәслихат төрағасы ретінде көптеген әлеуметтік нысандар мен ұйымдарды аралап, шаһар тұрғындарымен бірнеше рет кездесулер өткіздім. Мәселен, №17 сайлау округінің тұрғындарын 14 рет жеке сұрақтарымен №7, №32, №53 білім ошақтарында және Тараз сервис және технология колледжінде қабылдау жүргізіп, өтініштері мен ұсыныстарын қарадым. 2023 жылы қоғамдық қабылдауға жалпы саны 100-ден астам азамат жүгінді. Облыс және қала әкімінің шаһарымыздағы аумақтық округ тұрғындарымен өткен 10-нан аса көшпелі кездесуінде болдым.
Кездесу барысында қалалық мәслихаттың атқарған жұмыстары, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму барысы және бірмандаттық аумақтық округтерінен сайланған депутаттарымыздың жұмыстары жайлы да баяндалды.
№17 сайлау округінің тұрғындары жолдарды жөндеу, тұрғын үйлердегі жаңғырту мен жылу мәселесі, спорт және балалар ойын алаңшалары, ағаштарды кесу, көше жарығы, аялдама, бағдаршам орнату, автобус бағыттары мен лоток жүйелерін қалпына келтіру туралы түрлі мәселелерді көтерді. Сайлаушылар ой-пікірлерін ортаға салып, шешуді қажет ететін әлеуметтік көкейкесті мәселелерді ұсынды. Айтылған ұсыныс-пікірлер қалалық мәслихат аппаратында жинақталып, оларды орындау бойынша іс-шаралар жоспары жасалды. Әрбір өтініш тиісті өкілетті органдарға қарастыру үшін ресми түрде жолданды. Кейбір өтініштерге жеке қабылдау барысында заңға сәйкес түсініктемелер беріліп, аталған мәселелер толық шешілгенге дейін қосымша бақылауға алынды.
Қаламыздағы өзекті мәселелерді депутаттық сауалдар арқылы да көтердім. Атап айтсам, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы көпірді жөндеу және көпірге дейінгі түнгі жарық шамдарын орнату, Рысбек батыр көшесін кеңейту, жаяу жүргіншілер жолын салу және арық жүйелерін қалпына келтіру, Чехов көшесінің 1-ші, 2-ші бұрылыстарына асфальт жабындасын ауыстыру сынды түрлі проблемалардың оңтайлы шешілуіне атсалыстым деген ойдамын. Мәслихат жұмысы әрдайым жергілікті атқарушы билікпен тығыз байланыста. Әрбір жиын барысында тұрғындардың сауалдары жауапсыз қалған емес.
Халық қалаулысы болған соң тұрғындар мен қала үшін маңызды мәселелердің шешімін табуға барынша көңіл бөлеміз. Шешімін тапқан мәселелер ішінде қаламыздағы Химиктер көшесіне жарық шамдары орнатылғанын атап өтейін. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жандардың сұранысымен Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының айналасына асфальт төселіп, №32, №7 білім ошақтарының маңындағы ағаштар кесілді. Бұған қоса, Рысбек батыр және Ы.Сүлейменов көшелерінің қиылысына аялдама қойылды.
Ал биыл Рысбек батыр және Ы.Сүлейменов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, №7 мектеп-гимназиясына жапсарлас ғимарат салу мақсатында жобалық-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. Аталған білім ошағындағы құрылыс жұмыстары сәтімен басталса, оның мерзімінде әрі сапалы аяқталуы жіті қадағаланады.
Қиындығы мен қызығы аралас қым-қуыт шаруаның оң шешімін табуы үшін депутат қашанда бар күш-жігерін салады. Сондықтан шаһарымыздағы әлеуметтік нысандар құрылысы, жолдарды жөндеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы – кезек күттірмейтін мәселе.
Сонымен қатар «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде 2023 жылы 10 азаматты қабылдадым. Екі азаматтың мәселесі шешімін тауып, сегізіне түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Қоғамдық қабылдау – халық пен билік арасын жақындату бағытында қолға алынған үздік жоба. Мұнда партия ашық форматта қабылдайды және бірінші кезекте тұрғындардың өтініші мен құқықтары басты назарға алынады. Тұрғындар ата-ана құқығынан шектеу, жәрдемақы тағайындау, мектепке балаларына киім алу, газ кіргізу, қайтарымсыз грант, жол жөндеу және материалдық көмек көрсету бойынша мәселелерді көтерді. Қабылдау негізінде түскен барлық ұсыныстар мен сұрақтар мемлекеттік мекемелер басшылары тарапынан бақылауда болып, тиісті шаралар атқарылды. Тегін консультативтік, құқықтық және өзге де көмек көрсетілді. Партияға халық үлкен үмітпен келеді. Біздің мақсатымыз ел сенімін ақтап, қолдан келген барлық көмекті көрсету болса, біз осы жолда барынша жан аямай еңбек етеміз деген ойдамын. Тұрғындардың күрмеулі мәселелерін шешіп, елдің алғысын арқалаған партиялықтардың бұл бағыттағы жұмыстары да алдағы уақытта жүзеге аспақ.
Сондай-ақ 2023 жылдың 29 маусым күні Астана қаласында өткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси реформаларының нәтижесі ретінде депутаттар мен мәслихаттар жұмысындағы өзгерістерді ілгерілету мақсатында «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының алғашқы республикалық форумына қатыстық. Бұдан өзге, өткен жылдың 30 қарашасы күні «AMANAT» партиясының барлық деңгейлі мәслихаттардағы фракция мүшелерінің І форумы аймақ басшысы Ербол Шырақбайұлы Қарашөкеевтің қатысуымен ұйымдастырылды. Форумдар барысында жаңа міндеттер қойылды. Сол міндеттерді баршамыз енді бірлесе орындауымыз қажет.
Біз өз жұмысымызда Сенат және Мәжіліс депутаттарымен де әріптестік байланыс орнатқанбыз. Мәселен, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков және Мәжіліс депутаттары Мұқаш Ескендіров, Ерболат Саурықов жұмыс сапарымен бірнеше рет Әулиеата өңірінде болды. Сенатор және қала әкімімен бірге шаһар көшелеріндегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, жылу объектілерін аралап, жауапты мекеме өкілдерімен кездестік. Сондай-ақ сенаторға жекеменшік мектептердегі балалардың тегін тамақтануы, қаңғыбас иттер мәселесі және қалалық білім беру бөлімінің қала әкімдігінің құрамына өтуі жөнінде ұсыныс көтердім.
Ел Президентінің халыққа арнайтын жыл сайынғы Жолдауларын кеңінен насихаттау – халық қалаулыларына жүктелген абыройлы міндеттердің бірі. Осы мақсатпен жалпы саны 5 кездесу өткіздім. Атап айтқанда, жүздесулерге Қан орталығы, көпбейінді қалалық аурухана, №53 мектеп-гимназия, Тараз сервис және технология колледжінде ұстаздар, медицина және өзге де саланың өкілдері қамтылды. Басқосуда мемлекеттік бағдарлама бойынша бөлініп жатқан қайтарымсыз грант, жастарды тұрғын үймен қамту бағдарламасы, мектептегі оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы, ауруханаларда кіші қызметкерлердің жалақысын көтеру және басқа да әлеуметтік мәселелер қарастырылды. Қалалық мәслихат депутаттары да жоспарға сәйкес, өз сайлаушыларымен Мемлекет басшысының Жолдауы бойынша кездесті.
Қалалық мәслихат бұқаралық ақпарат құралдарымен де тығыз байланыс орнатып келеді. Айталық, депутаттық қызметімдегі атқарылған жұмыстар бойынша «Jambyl-Taraz» газетінің 2023 жылдың 9 тамыз күні №62 (1769) санына «Депутат мандаты үлкен жауапкершілік жүктейді» атты мақалам жарияланды. Халықты өкілді биліктің қызметі туралы неғұрлым толық хабардар етіп, депутаттық корпуспен интерактивті қарым-қатынас мүмкіндігін іске асыру мақсатында мәслихат сайты үздіксіз жұмыс істейді. Ол пайдаланушылар үшін ашық әрі қолжетімді. Ресми сайтта қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қызметі, мәслихаттың кезектен тыс және кезекті сессияларында көтерілетін мәселелер туралы және өзге де тақырыпта жалпы саны 61 материал салынды. Барлық ақпараттық материалдар мерзімді басылымдарда екі тілде (мемлекеттік және орыс) жарияланады.
Сонымен қатар жеке өзімнің және Тараз қалалық мәслихатының «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілерінде парақшалары ашылған. Аталған әлеуметтік желілерде жалпы саны 134 жазба жарияланды. Бұдан өзге, депутаттарымыз да әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. «Facebook» әлеуметтік желісінде сайлаушылармен кері байланыс жанданған. Онда депутаттар комиссиялардың отырыстарына қатысу қорытындылары бойынша ақпаратпен бөлісіп, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді талқылайды, жарияланымдарға түсініктеме береді және өңірдің тыныс-тіршілігінің өзекті мәселелері бойынша жазбалармен бөліседі.

Қалалық мәслихат депутаттарының корпусында қарапайым халықтың мұң-мұқтажын жақсы білетін азаматтар жетерлік. Жергілікті жерлердегі мемлекеттік саясатты жүргізуді қамтамасыз ететін атқарушы органдар мен халық сайлайтын және халықтың еркін білдіретін мәслихат депутаттарының алдындағы мақсат ортақ, ол – халыққа қызмет ету.
Қорыта айтарым, халық аманатын арқалаған мәслихат депутаттарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Сондықтан халық қалаулысы деген абыройлы мәртебеге лайықты болып, қаламыздың өркендеуі жолындағы маңызды шешімдерді қабылдап, ел игілігі үшін бірлесіп атқаратын жұмыстарымыз өз жемісін бергенше тынбай жұмыс істеуге әзірміз.

Кенжебек ОЛЖАБАЙ,
Тараз қалалық мәслихатының төрағасы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.