Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік тіл кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтеді

0 132

Мейрамхана бизнесі – халықты сапалы тамақтандыру қажеттіліктерін ғана қанағаттандырып қоймай, сонымен қатар бос уақытты өткізуге жақсы жағдай жасай отырып, тұтынушылардың эмоциялық және эстетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыратын, тұтынушыларға сапалы қызмет көрсететін кәсіптің айрықша түрі.

Мейрамхана бизнесінде қызмет көрсетудің стандарттары барлығын ортақ болғанымен, әр елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына байланысты дамып отыр. Әсіресе жылдар бойы қалыптасқан Еуропа мемлекеттеріндегі мейрамхана бизнесінің мәдениеті туристер үшін қызықты. Біздің елімізде туризм индустриясын дамыту бағытында, оның ішінде тамақтандыру саласы үшін көптеген жұмыстарды атқару керек. Салт-дәстүріміздің ерекшеліктерін айқындайтын бағыттағы мейрамханалардың саны мен сапасын арттыру еліміздің болашағы үшін маңызды.
Қазіргі таңда қаламызда қазақ халқының дәстүрі мен мәдениетін, ұлттық құндылықтарын дәріптеп отырған мейрамханалардың бірі және бірегейі – «Бауырдақ» мейрамханасы.
Жиі қойылатын сұрақтардың бірі «Неге, Бауырсақ, Қуырдақ емес, Бауырдақ? Бұл атау не мағына береді?». Бауырдақ дегеніміз – қойдың бауыры мен бауырсақтан жасалған қазақша бургер. Бауыр сөзі мен бауырсақтың «сақ» жұрнағын қосарлап жаңа атау шығарған – Садуақас Ақтілек ағамыз. Бауырдақ 2019 жылдың 5 наурызында Алматы қаласында ең алғашқы «Qazaq Fastfood» ретінде бренд болып, халықтың көңілінен шыға бастады.
Ерекше қазақы дәм мен ұлттық нақыштағы ыдыстармен ерекшеленеді. Яғни қазақы атмосфера қонақтарымыздың балалық шағын еске салып, жайлауда киіз үйде отырғандай күй кештіреді.
Тараз қаласындағы «Бауырдақ» франшиза арқылы Алматы қаласында аспаздар білім алып, 2023 жылдың 25 қаңтарында салтанатты түрде ашылды.
Мұндағы мәзір ерекше қазақы дәмді тағамдармен ерекшеленеді. Ырымға сай бас тартылып, қазақ еті мен бауырсағы дәріптеледі. Мұнда шетелдік қонақтар да келіп, дәм татып, дәмхана 1 жылдың ішінде халықтың алғысына бөленуде. Әрине, осындай мейрамханалар ұмытылып бара жатқан халқымыздың салт-дәстүрлерін жаңғыртуға, өсіп келе жатқан ұрпағымызға тәлім-тәрбие беруге, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыруға өз септігін тигізбек.
Бүгінде ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен насихаттап, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін асқақтатып, оның қолданыс аясын кеңейтуге өз үлесін қосып жүрген кәсіпкерлеріміз де баршылық.
Соның бірі – қаламыздағы «Билборд-Тараз» ЖК басшысы Лидия Финько. «Билборд-Тараз» ЖК Тараз қаласындағы көшелерде орналасқан билбордтарда сыртқы жарнаманы орналастырумен айналысады. Бұл қызметті 2010 жылдан бері жүргізуде. Осы уақыттан бері әрбір жарнаманы әзірлеу барысында заң талаптарын қатаң түрде сақтап, мәтіндер мен көрнекі ақпараттың мағынасы мен мазмұны бойынша аудармасының сәйкес келуін, орфографиялық қателіктердің болмауын басты назарда ұстауда. Осы ретте «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңы талаптарының орындалуын қадағалауға атсалысып жүрген азаматтарға қолдау көрсету, оларды ынталандыру мақсатында ағымдағы жылдың қараша айында «САУАТТЫ ЖАРНАМА – ЕЛ АЙНАСЫ» республикалық байқауы өткенін айта кетейік. Аталған байқауға Жамбыл облысының атынан Тараз қаласындағы жарнама агенттігінің басшысы Лидия Финько қатысып, жүлделі ІІ орынға ие болды.
Қаламыздың тарихи маңызды сипатын, эстетикалық талғамын, стильдік ерекшелігін қалыптастыра отырып қала тұрғыны, тіл жанашыры ретінде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттыруға өз үлесімізді қосуға атсалысайық!

Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі
мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.