Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сенбілікке салғырт қараған кімдер?

0 389

Жыл сайын Тараз қаласы әкімдігінің бастамасымен шаһарда абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша көктемгі екі айлық өтеді. Биыл да бұл үрдіс үзілмей, сенбілікке шаһардағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлері, ұйым мен кеңес мүшелері шығып, тонналап күл-қоқыс шығаруда. Алайда қаладағы кейбір мекемелер сенбілікке мұрын шүйіре қарап отырғаны қынжылтып отыр.

Жасыратыны жоқ, сенбіліктің алғашқы күнінен-ақ аула тазалауға арналған құралдарын сайлап, жастар мен аға буын өкілдері көпке үлгі көрсетті. Қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері өздерінің оқу ғимаратымен қоса көшелерді тазалауға күш біріктірді. «Тазалық табалдырықтан басталады» деген ұранды ұстанған жастар қоқысқа толған арықтарды тазартуда. Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков бастаған азаматтар да тазалық шарасынан шет қалмай, саябақтарға тал егіп, каналдарды қоқыстан тазартып, сенбілікке өз үлестерін қосуда.
Нәтижесінде, өткен аптадағы сенбілікке қаладағы 11 аумақтық округтен 4 862 адам мен 22 техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 169 тонна күл-қоқыс шығарылған.
Дегенмен сенбілікке шаһардағы кейбір мекемелер шықпай, тазалық науқанына салғырт қарағаны көңіл мұңайтады. Мәселен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті, «Нұралы» базары, ветеринариялық станция, Жамбыл облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті, қалалық және облыстық балалар ауруханалары, Халыққа қызмет көрсету орталығының №2 бөлімі, «Гүлім» балабақшасы қызметкерлеріне сенбілікке шығу қиын шаруа болғандай. Сондай-ақ обаға қарсы станция, «КЕГОК», «Құрбанов» ЖК, №16 орта мектеп басшылығы да қала тазалығына қатысуға құлықсыз екенін көрсетіп отыр. Бұл қатарда «ШНОС» АҚ, Талас құбыр зауыты да бар. Бұған қоса «Kaspi bank», «Halyk bank», «Nur bank», «Банк Центркредитке» қанша рет ескертілсе де, «ақпақұлақтың» керін келтірді.
Осылайша жастар мен ардагерлер алға шығып үлгі болған сенбілікте тазалыққа үн қосуға әлеуеті жетсе де, «ақылы» жете қоймаған кейбір департамент, мекеме мен кәсіпорын иелері екі қолды бос қойып қарап отырғаны қайран қалдырды.
Тіпті Балуан шолақ көшесінің бойында орналасқан «Автогид» кәсіпкерлік нысаны сенбілікке шықпағанымен қоймай, өздерінің автокөліктерінің ауыстырған алдыңғы терезелерін, ескі дөңгелектерін, қосалқы бөлшектерін қарсы беттегі каналға апарып тастаған. Жалпы талап бойынша кәсіпкерлік нысанның күл-қоқыс тастайтын контейнері, оны шығаратын мекемемен келісімшарты болуы керек. Алайда ондай бірде-бір құжат мекемеде болмаған. Енді аталған жайт бойынша дәлелдер жинақталып, аумақтық округтің бас инспекторымен учаскелік полицияға нақты шара қолдану үшін жіберілген.
Әрине, шаһардағы мекемелер мен кәсіпорындардың барлығы дерлік тазалық шарасына немқұрайлы қарайды деуден аулақпыз. Айталық, бұған дейін сенбіліктен шет қалып келген «Қант зауыты», №13 теміржол колледжі, «Қамқор локомотив» секілді мекемелер осы жолғы тазалық науқанына жұдырықша жұмылып атсалысқан. Ал сенбілікке үнемі белсене қатысатын қала әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі, №5 қалалық емхана, облыстық туберкулезге қарсы диспансері, «Кірпіш зауыты», пәтер иелері кооперативтері, «Қазгидромет» РМК филиалы сынды нысан қызметкерлерінің тірлігі өнеге алуға тұрарлық. Сондай-ақ №5 аумақтық округке қарасты «Қаратау» ықшамауданындағы №37, 39, «Қарасу» ықшамауданындағы №5, 6, «Қарасу» алқабындағы №32 үйдің тұрғындары да тазалық шарасында ұйымшылдығымен көзге түсуде. Мұның барлығы түсіндіру жұмыстарының жүйелі жүргізілгенінің нәтижесі екені даусыз.
Әрине, біздікі шынға таңылған сын. Ал одан қаладағы мекемелер сабақ шығара ма, әлде қоқыстың ортасында отыра бере ме, оны алдағы сенбіліктен көре жатармыз.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.