Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын!
Қасиетті Рамазан айы – мейірімділік іс жасап, ізгі амалдар атқарып, Алла Тағаланың мейіріміне бөленуге себепші болатын үлкен мүмкіндік. Бұл айда жүрегімізде мейірімділік пайда болып, жанымыз толық рухани ләззатқа кенелуіміз үшін мынадай ізгі амалдарды атқаруға мән бергеніміз дұрыс.
Қасиетті Рамазан айында ораза ұстаумен қатар, мұқтаж жандарға жәрдемдесіп, жомарттық таныту – Алла Тағаланың мейіріміне бөленуге себеп болатын басты амалдардан. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл айда мұқтаж жандарға көбірек садақа беруге тырысып, өзгелерге де осыны өсиет ететін. Хадис шәріпте: «Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдардың ішіндегі ең жомарты болатын. Әсіресе ол Жәбірейіл періштемен Рамазан айында кездескенде ерекше жомарттық танытатын», – деп айтылған (имам Бұхари, Мүслим).
Алла жолында мал сарп етіп, өзгелерге жәрдемдескен жомарт адамның мал-дүниесі кемімейді. Керісінше, оған береке кіріп, молая түседі. Бұл орайда өзгеге жәрдемдесуші адамның мал-дүниесін құдықтың суымен салыстыруымызға болады. Құдықтың бетіндегі суды қанша алсақ та, астынан тағы да шығып, толып отыратындығы сияқты, мал-дүниесін Алла жолында жұмсап, мұқтажға көмек қолын созған адамның дүниесіне де осылайша береке кірмек. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Садақа ешбір малды кемітпейді. Алла біреуге кешірім жасаған пендесінің абыройын асырады. Кімде-кім Алла үшін кішіпейіл болса, Алла оның дәрежесін көтереді», – деген (имам Мүслим).
Жәрдемге мұқтаж адамды көргенде жүрегі елжіреп, бірден қолынан келгенше жәрдемдесіп, көмек қолын созу – Алла Тағаланың мейіріміне бөленетін адамның сипаттарынан. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге Алла Тағала да мейірімділік танытпайды», – деген (имам Бұхари).
Жалпы өзгелерге қамқор болу, жанашырлық таныту, мұқтаждарға жәрдемдесу, жетімдерге қарайласу сияқты ізгі істердің барлығының негізі осы мейірімділіктен бастау алады. Әлемдерге мейірім ретінде жіберілген ардақты пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тәлімін көрген сахабалар да өте мейірімді еді. Олар айналасындағы мұсылмандарды айтпағанда, жауларының өзіне мейірімділіктің керемет үлгісін көрсете білді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде: «Жер жүзіндегілерге рақымдылық танытсаңдар, көк жүзіндегілер де сендерге рақымдылық танытады», – деген.
Алла Тағала Құран Кәрімдегі «Нахыл» сүресінің 90-аятында: «Негізінде, Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан тыяды», – деп айтқан.
Туыстарына ізгілік етпеген адамның өзгелерге мейірбан болуы екіталай. Сондықтан да қасиетті Рамазан айы – ренжіскен жақын адамдар өзара кешірім сұрап, татуласып, бір-бірін ауызашарға шақырып, туыстық қатынасты нығайтуға үлкен мүмкіндік.
Ендеше, қасиетті Рамазан айында Алла Тағаланың кешірімі мен мейірімін үміт ете отырып, туыстардың ішіндегі сыйластық танытқандарымен ғана емес, сонымен қатар туыстық қатынасты үзіп қойған туыстарымен қарым-қатынасымызды жақсартуға тырысайық.
Алла Тағаланың мейіріміне бөленуді қалаған адам қасиетті Рамазан айында тек тамақтанудан ғана емес, бүкіл күнәлі істерден, қолымен және тілімен өзгеге зиян тигізуден тыйылып, өзін жақсы сөз сөйлеуге тәрбиелеуі қажет. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім ораза болып жаман сөзден және оған амал етуден тыйылмаса, Алла оның тамақтан және судан тыйылғанын қажет етпейді», – деген (имам Бұхари).
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдармен қарым-қатынаста өте жұмсақ, әр сөзі мейірімділікке толы болатын. Алла Тағала қасиетті «Тәубе» сүресінің 128-аятында: «Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Сендердің қандай да бір қиыншылыққа душар болуларың оған ауыр тиеді. Ол сендерге өте ынтызар, мүміндерге сондай жанашыр, өте мейірімді», – деп айтқан.
Тіпті дін жауларының өзіне Хақ пайғамбары (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) еш уақытта қатты сөз айтпайтын. Бір күні Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар келіп: «Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағаладан мүшіріктерге лағынет тілеңізші», – деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, мен лағынеттеу үшін емес, мейірімділік ету үшін жіберілдім», – деген еді (имам Муслим).
Рамазан айында Алла Елшісін үлгі тұтып, өзімізді жақсы сөз сөйлеуге тәрбиелейік. Бізге қатты сөз айтқан адамның өзіне жұмсақтықпен жауап беруге тырысайық. Бірде Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір ғайри дін иесі келіп: «Әссамун ғалайкум» (сендерге өлім болсын), – деп айтады. Осы кезде Айша анамыз (шыдай алмай): «Сендерге де Алланың лағынеті, ашуы болсын», – деген сөздерді айтып жібереді. Сонда Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Айша, асығыстық жасама. Жұмсақ бол, дөрекілік пен арсыздықтан аулақ бол», – деп ескерту жасайды (имам Бұхари).
Бұдан ұғатынымыз, ораза ұстаушы бұл айда өзі, жақындары әрі өзінің туып-өскен Отаны үшін Алла Тағаладан мейірім мен жақсылық тілеп, көп дұға етуі тиіс. Өйткені Рамазан – дұға тілектің қабыл болатын айы.
Дұға етудің өзі – үлкен құлшылық. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Дұға ету, ол – ғибадат», – деген.
Негізінде, Алла Тағала кез келген уақытта жалбарынып дұға етушінің дұғасын қабыл етеді. Алайда дұғаның қабыл болу ықтималдығы жоғары болатын белгілі бір уақыттар мен кезеңдер болады. Сол уақыттардың бірі – ауызашар уақыты. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үшеудің дұғасы кері қайтарылмайды. Ол: ораза ұстаушының ауызашар алдындағы дұғасы, әділ басшының дұғасы және зұлымдық көрушінің дұғасы», – деген. Тағы бір хадис шәріпте: «Расында, ораза ұстаушының ауызашар уақытындағы дұғасы қайтарылмайды», – деген.
Қорыта айтқанда, қасиетті Рамазан айы бізді көркем мінезге, тақуалыққа, кешірімділікке, мейірімділікке тәрбиелейді. Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айының алғашқы бөлігі – рақмет, ортасы – кешірім, соңы – тозақ отынан құтылу», – деген хадисінің бір мағынасы да осыда жатыр. Шәкәрім Құдайбердіұлы бабамыз: «Мейірім, ынсап, ақ пейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса, сол «шын адам» болады», – деген.
Ол үшін мұсылманның оразасы тек ашығумен ғана шектелмей, игі амалдарды атқарумен толығуы қажет.
Алла Тағала қасиетті Рамазан айын баршамызға мүбәрак етіп, ұстаған ораза, тілейтін дұғаларымызды қабыл еткей!
Ислам МАРАТҰЛЫ,
дінтанушы