Қалалық қоғамдық-саяси газет

Су зертханасы – салаға серпін

0 365

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды екеніне тоқталған болатын. Президент тапсырмасын іске асыру мақсатында күні кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Суды тазалау және материалдар» зертханасы ашылды.

Ең әуелі салтанатты шараның шымылдығын Дулати университетінің басқарма төрағасы-ректор Мұхтар Байжұманов құттықтау сөзбен ашып, бүгінгі таңда білім мен ғылым саласына көп көңіл бөлініп жатқанын, су саласы мамандығының өзектілігіне тоқталды.
– Өткен жылы Президентіміз су ресурстарының қолжетімділігі мен сапасы мәселесі өзекті болып қалатынын атап өтті. Тұрғындар да, өнеркәсіп өкілдері де суға қатысты сараптама мен болжамдарды қажет етеді. Зертхана сапалы зерттеулер мен талдау жүргізу үшін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. Зертхананың мақсаты – ағынды сулар, ауызсу, қалалық ағынды сулардың сапасы мен құрамын анықтау, судың құрамында кездесетін зиянды ластаушы заттарды идентификациялау мен мөлшерлік анықтау, каталитикалық жетілдірілген тотығу процестерін жүргізу, фильтр жүйелеріне арналған полимерлі мембраналарды синтездеу, – деген Мұхтар Қазбекұлы химия ғылымдарының докторы, Назарбаев Университетінің және Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Гүлнар Сугурбекова және «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі Маржан Калмахановамен бірге зертхананың лентасын қиды.
Сондай-ақ салтанатты шараға «Жамбыл су» МКК сынақ зертханасының басшысы Эльмира Сейдалиева, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты «Топырақтардағы су-тұз режимін басқарудағы ресурстарды үнемдеу технологиялары» бөлімінің меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Миробит Мирдадаев, «Топырақтардағы су-тұз режимін басқарудағы ресурстарды үнемдеу технологиялары» бөлімінің аға ғылыми қызметкері Тимур Устабаев арнайы қатысты.
Шара аясында университеттің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейітжан Орынбаев оқу ордасындағы ғылым бағыты бойынша атқарылған жұмыстармен таныстырды.
– Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде, соңғы жылы университетке түскен қаржыландыру көлемі алдыңғы жылдармен салыстырғанда үш есе артты. Осылайша химия бағыты университетте көшбасшыға айналып отыр. Бүгінде университетте 86 оқу-ғылым зертханасы бар. Оның 6-ы – ғылыми зертхана, – деді ол.
Ал жоба жетекшісі – «Химия және химиялық технология» кафедрасының меңгерушісі, PhD Маржан Калмаханова өз сөзінде зертхана ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс нәтижесі бойынша «Қазақстандағы қалалық тазарту құрылыстарының ағынды суларындағы қауіп тудыратын ластаушы заттарды анықтау және тазарту» тақырыбындағы 34 айға арналған жобаның негізінде құралғанын жеткізді.
Шара барысында университеттің стратегиялық даму және интернационалдыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова Дулати университеті, РХТУ мен «Қазфосфат» арасындағы желілік білім беру бағдарламасы жайында сөз қозғап, химия саласында да мамандар даярлау мәселесінің өзектілігін тілге тиек етті. Ал «Қазфосфат» ЖШС-нің оқыту және персоналды дамыту жөніндегі менеджері Ақмарал Муканова өз кезегінде Дулати университетімен ынтымақтастық аясында атқарылып жатқан жұмыстың жемісті болғанын айтып, алдағы уақытта университет қабырғасында білім алған жастар білікті мамандардың қатарын толықтырарына сенім білдірді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.