Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңірімізде ұшқышсыз ұшақ өндірілмек

0 490

Қазіргі жаһандану заманында техника ұшқан құстай серпінмен қарқынды дамуда. Бүгінде біз бейнетаспаға түсіру үшін қолданып жүрген дронды ауыл шаруашылығына да, қауіпсіздікті қадағалауға да және басқа салаларға да пайдалануға болатынын көріп жүрміз.

Дәл осы сан салаға серпін беретін ұшқышсыз ұшу аппараттары жақын уақытта Жамбыл жерінде жасалмақ. Сөзімізге күні кеше М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында «Ұшқышсыз технологиялардағы инновациялар: Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық» тақырыбында өткен көрме дәлел. Көрме аясында «Zhejiang Starmach Technology CO., LTD» және «Tree Energy» ЖШС «Ұшқышсыз ұшу аппараттарын шығаруды бастау және оқыту бағдарламалары» жобасымен бірлескен кәсіпорын құру туралы келісім жасасты.
Көрмеге қойылған дрондар келген меймандарға таныстырылғаннан соң, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек жаңа іске сәттілік тіледі.
– Бүгінгі таңда ұшқышсыз ұшу құрылғылары түрлі салада, оның ішінде агроөнеркәсіп кешенінде кеңінен қолданылып келеді. Сонымен қатар авиатүсірілімдер мен авиациялық, химиялық жұмыстарды бақылау және әуе тасымалын іске асыруға оң септігін тигізуде. Пилотсыз аппаратты өндіру өңірімізде қолға алынып, оларды дайындау және қолдану орталығы құрылды. Нәтижесінде, пилотсыз аппаратты азаматтық салада қолдану арқылы логистика, ІТ-салаларын да жетілдіруге мүмкіндік бар. Бүгінгі көрме облыста цифрлық технологиялардың қарқын алуына зор үлес қосып, осы саладағы мамандардың тәжірибе алаңына айналатынына сеніміміз мол. Облысымызда өзара ынтымақтастықпен келісім жүргізуге ниеттілердің барлығына біздің есігіміз ашық. Жаңа технологияларды әр салада дамыту және қолдану Әулиеата жұртын ғана емес, еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеруге айтарлықтай септігін тигізетіні сөзсіз, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Жаңа жобаның бірінші кезеңінде Қытайдан келген құрама бөлшектерді жинап, құрастыру жүргізіледі. Кейін сол бөлшектерді өз елімізде өндіру жоспарланған. Осы жұмыстарды атқару, басқару үшін М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті мамандар дайындайды. Университетте жүзеге асырылатын жұмыстарды және оқу орнының жетістіктері туралы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев мәлімдеді.
– Келесі оқу жылынан, яғни қыркүйектен бастап осы жоба бойынша мамандарды оқытуды бастаймыз. Қазір білім беру бағдарламасын дайындап жатырмыз. Бұл бірлескен білім беру бағдарламасы болғандықтан, қытайлық компанияның енгізген пәндерін де қосамыз. Әрине, бұл бағыт бойынша біздің мамандар Қытайға барады, олардың мамандары осында келіп, тәжірибе алмасып, тығыз байланыста дәрістер жүргізіледі. Бұл дрондар кәдімгі ұшақ, тікұшақты қолдануға кететін шығындарды азайтады. Себебі ұшақтарға жанармай жұмсалса, дрондар бір аккумулятордың қуатымен 24 сағат бойы жұмыс істей береді. Қазір мегаполистерде көлік кептелістерінің салдарынан жеткізу қызметтері уақытынан кеш барып жатады. Жеткізу қызметіне пайдаланатын дрондар бұл кедергіден де оңай өтеді, – деді Сейтжан Әуезжанұлы.
Одан кейін сөз алған «Zhejiang Starmach Technology CO., LTD» компаниясының бас директоры Лю Шидун Қытайдың үздік технологияларын таныстырды.
– Біздің компаниямыз 20 жылдан бері көптеген жетістіктерге қол жеткізіп, нарықтағы ең озық компанияға айналды. Бүгінгі келісіммен басталған ісіміз Тараз өңірлік университетінде үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деген сенімдемін. Бізде бұл технология мектеп қабырғасында балаларға біртіндеп оқытылып, солардың ізденісімен көптеген істерге тиімді техникалар шығарылып жатыр. Компаниямыздың өнімдерінің қатарында өте жылдам ұшатын дрондар да бар. Корея, Жапония, Америка, Қытай сынды елдерде дронды кішкене жастан бастап қолдануды үйретеді, мектеп бағдарламасында бар. Дронды құрастыру, оны қолдана білу бүгінде үлкен сұранысқа ие әрі жастар да үлкен қызығушылық танытады, – деген Лю Шидун өз өнімдерін қолданған ауыл шаруашылығы, алқаптарды суару, полиция, карта жасау жұмыстарында қолданған сәттерін бейнероликтер арқылы көрсетті.
Сондай-ақ көрме барысында «Cleverest Technolgies» компаниясының бас директоры Бауыржан Оспан, «Newtech Distribution» бөлім басшысы Бауыржан Серіков, «Smartplane» компанияларының өнім менеджері Николай Миренников өз өнімдері, ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндірудегі жаңалықтарымен бөлісті. Көрмелік презентация болашақта адамның өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған. Яғни ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы қауіптің алдын алу, төтенше жағдайларды ерте анықтау, адамдарды іздеу және құтқару, қауіпті аймақтарды үнемі бақылауда ұстау сынды мақсаттарды көздейді.
Жиын соңында «Tree Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Жанболат Мұзбаев, университеттің стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Шолпан Есімова, «Zhejiang Starmach Technology CO., LTD» компаниясының бас директоры Лю Шидун үшжақты меморандумға қол қойды.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.