Қалалық қоғамдық-саяси газет

Геологтар Жаңатастың «жасын» анықтады

0 441

Жамбыл жерінің тасын түртсең тарихы ақтарылатыны, қойнауы қазба байлыққа да, құпияға да толы екені баршаға бұрыннан-ақ белгілі. Алайда жуырда геолог ғалымдар аймақтағы қарт таулардың бөлігіне жататын Жаңатас жоталарының нақты қанша жыл бұрын қалыптасқанын анықтады.

Еліміздің геолог-ғалымдары – PhD Сезім Мұстапаева, PhD Ерқожа Маманов, сондай-ақ 2-курс студенті Айболат Талғатбек биыл бір ай көлемінде Американың Балтимор қаласындағы Джонс Хопкинс университетінің ғылыми зерттеулеріне қатысып қайтқан болатын. Осы зерттеу барысында ғалымдар шөгінді тау жыныстарының түзілу тарихын зерттеу үшін Қазақстаннан әкелінген үлгілерге хроностратиграфиялық және көміртегі изотоптары арқылы талдау жасады. Сонымен қатар Кіші Қаратау жотасының карбонатты тау жыныстарындағы қазба қалдықтардың биологиялық белсенділігін, климатын және көміртегі айналымының өзгеруін зерттеді. Нақтырақ айтқанда, Джонс Хопкинс университеті зертханасында геолог-ғалымдар Кіші Қаратау жоталарын зерттеп, тау жыныстарының 820 миллион жыл бұрынғы деректеріне талдау жасады.
– Елімізде қатты пайдалы қазбалар және мұнай кен орындарынан басқа, әлем ғалымдарының қызығушылығын тудыратын бірегей палеонтологиялық қорық-аудандар жеткілікті. Атап айтар болсақ, Қаратау жоталары ерекше назар аудартады. Ол палеозой эратемасы түгелдей дерлік дамығандықтан, кең ауқымды стратиграфиялық, палеонтологиялық, палеогеографиялық және палеотектоникалық мәселелерді шешу үшін зерттеулер жүргізуге өте ыңғайлы. Эдиакар кезеңіне тән мол әрі бағалы строматолиттер, кембрийордовик кезеңіне тиесілі теңіз буынаяқтылары және басқа қазба қалдықтары бар, – дейді С.Нұрахметқызы.
Ғалымның айтуы бойынша, Қазақстанда прикембрий дәуірінің жалпы және аймақтық стратиграфиялық кестелеріне 1989 жылдан бері толық түзетулер енгізілмеген. Сондықтан прикембрий түзілімдері толық әрі жан-жақты зерттеу жүргізуді қажет етеді. АҚШ ғалымдарымен бірлесе жүргізілген жұмыстар неопротерезой кезеңдерінің аймақтық стратиграфиялық кестелерін жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Қажетті мәліметтерді жинай отырып, ежелгі Жер планетасының палеогеографиялық жағдайын қалпына келтіру, сонымен қатар алғашқы рет палеопротерезой және неопротерезой кезеңдерінде болған толықтай мұз басу дәуірін, яғни «Қарға оранған жер» теориясын дәлелдеу де маңызды.
– Неопротерезой кезеңіндегі мұз басу Қазақстан аумағында болғаны расталды. Мұз басу дәуірін дәлелдейтін тау жыныстары және оқиғалар тасқа басылған таңбадай Кіші Қаратау жоталарында сақталып қалған. Қазіргі Марстың жағдайы Жердің 850 миллион жылғы жағдайына дәл келеді. Осы жаңалықтардың барлығына бірлесе жүргізілген зертханалық жұмыстар барысында қол жеткіздік, – дейді жоба жетекшісі.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.