Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мың айдан да қайырлы Қадір түні

0 182

Әлемдерді жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, адамзаттың асылы Мұхаммед пайғамбарымызға көптеген салауат пен сәлем болсын!

Құрметті жамағат, қадірменді бауырлар!

Міне, Аллаға шүкір, қасиетті Рамазан айының соңғы онкүндігіне де аман-есен жетіп отырмыз. Жаратқан Алла ұстаған оразаларымызды, дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
Алла Тағала пенделеріне кейбір күндер мен түндерді қасиетті етіп берген. Айталық, қасиетті ай бар. Ол – Рамазан айы. Қасиетті күн бар. Ол – жұма күні, Арафа күні. Қасиетті уақыт бар. Ол – дұға қабыл болатын сәт. Қасиетті түн бар. Ол – мың айдан да қайырлы Қадір түні.
Міне, біз сөз еткелі отырған Қадір түні – басқа түндермен салыстырғанда ерекше түн. Бұл түнде Жаратушы Иеміздің пенделеріне берер сыйы да мол. Раббымыз пендесіне басқа түндерде бермеген ризық-несібесін осы түнде үлестіреді. Сол себепті, мұсылман қауымы Қадір түнін тағатсыздана күтіп, оны құр жіберіп алмауға әрі бұл түнді тиімді пайдалануға тырысады. Сондай-ақ мұсылман қауымының Қадір түнін күтуінің тағы бір себебі – Жаратушыға жақындау. Себебі Қадір түнінде тілеген дұға-тілектер сөзсіз қабыл болады.
Сонымен қатар Қадір түнінің қасиетті болуы, бұл түнде адамзат баласына ақ пен қараны ажыратушы және тура жол нұсқаушы қасиетті Құран түсті. Жаратқан Алла «Дұхан» сүресі, 2-аятта:
وَالْكِتَابِ الْمُبِينِ إِنَّا أَنزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةٍ مُّبَارَكَةٍ ۚ إِنَّا كُنَّا مُنذِرِينَ فِيهَا يُفْرَقُ كُلُّ أَمْرٍ حَكِيمٍ
«Айқын Кітаппен ант! Шын мәнінде, оны (Құранды) құтты бір кеште түсірдік. Расында, Біз ескертушіміз. Ол кеште барлық хикметті істер айқындалады», – деген.
Мұнымен қоса Алла Тағала арнайы «Қадір» сүресін түсірген.
إِنَّا أَنْزَلْنَاهُ فِي لَيْلَةِ الْقَدْرِ (١)وَمَا أَدْرَاكَ مَا لَيْلَةُ الْقَدْرِ (٢)لَيْلَةُ الْقَدْرِ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ (٣)تَنَزَّلُ الْمَلائِكَةُ وَالرُّوحُ فِيهَا بِإِذْنِ رَبِّهِمْ مِنْ كُلِّ أَمْرٍ (٤)سَلامٌ هِيَ حَتَّى مَطْلَعِ الْفَجْرِ
«Расында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы. Сол түні Раббысының рұқсатымен Жәбірейіл және басқа да періштелер әртүрлі іс үшін түседі. Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады».
Сүренің әрбір аяттарын қысқаша түсіндірер болсақ:
Әуелгі аятта: «Расында, Біз Құранды Қадір түні түсірдік», – деді. Құран – ол мұғжиза кітап. Сондықтан қасиетті Құранды қадірі мен беделі үстем түнде түсірді. Тәпсірші ғалымдар: «Құран «Зікірден» бөлініп, аспан әлеміндегі «бәйтул-иззаға» түсірілді. Содан кейін Жәбірейіл періште оны Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) түсіре бастады», – деген.
Келесі аят «Қадір түнінің не екенін білесің бе?» деп сұрақпен басталды. Қадір түні деген не? Оны қалай түсінуге болады? Міне, бұл аятта сол түннің маңыздылығын көрсету мақсатында айтылды. Яғни қандай түн екенін білдірмесек, оның қадірін біле алмас едің. Алайда: «Оның қадірін Біз білдірдік», – дейді Алла Тағала.
Үшінші аятта «Қадір түні мың айдан да қайырлы» деп айтылды. Осы түні жасалған ізгі амалдар мен құлшылықтар және Алла Тағаланың ризалығын алу үшін атқарылған өзге де амалдар басқа түндері мың айда жасалынған сауапты істер мен жақсылықтардан әлдеқайда көп болмақ.
Келесі аятта: «Сол түні Раббысының рұқсатымен Рух пен періштелер әртүрлі іс үшін түседі». Яғни осы түні жер бетіне Рухпен бірге періштелер түседі. Ғалымдар Рух ол – Жәбірейіл періште деген.
Ол түні періштелер Алланың рұқсатымен жер бетіне түседі. Періште Құдайдың рұқсатынсыз ешқандай әрекет ете алмайды. Сондықтан аятта «Раббысының рұқсатымен» деп айтылды. Мұнымен қоса «әмір берілген әрбір іс үшін» деген. Періштелердің ісі әрқашан жақсылықта болады, олар жамандықта болмайды.
Соңғы аятта: «Таң рауандап атқанға дейін сол түн бейбітшілікке оранады», – деді. Аяттағы «Сәләм» сөзі «бейбітшілік, есендік, амандық» деген сөз. Ол – Алланың жіберген сәлемі. Періштелер мұсылмандарға бұл түні сәлем беріп тұрады. Өйткені періштелер таң қылаң бергенге дейін топ-топ болып жер бетіне түсіп, таң ағарғанға дейін сәлем берулері толастамайды.
Міне, жоғарыдағы сүреде айтылғандай, Қадір түнінің қасиеті мол, ол түн – адам баласы үшін берілген үлкен мүмкіндік түні.
Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِنَّ هَذَا الشَّهْرَ قَدْ حَضَرَكُمْ وَفِيهِ لَيْلَةٌ خَيْرٌ مِنْ أَلْفِ شَهْرٍ مَنْ حُرِمَهَا فَقَدْ حُرِمَ الْخَيْرَ كُلَّهُ وَلاَ يُحْرَمُ خَيْرَهَا إِلاَّ مَحْرُومٌ
«Расында, сендерге бұл (Рамазан) айы келді! Онда мың айдан да қайырлы бір түн бар. Кім ол түні бейқамдық танытса, оның (Қадір түнінің) барлық игілігінен құр қалады. Ал оның барлық игілігінен тек бейғам адам ғана айырылып қалады», – деген (ибн Мәжа).

Құрметті бауырлар!

Біз Қадір түнін қай қырынан алсақ та, адам баласына берілген ерекше түн екендігін айта аламыз. Десек те, қасиетті Қадір түнінің мынадай үш қасиетін айтуға болады.
Біріншіден, Қадір түні мың айдан да қайырлы.
Мың ай дегеніміз – орта есеппен 83 жыл. Алла Тағала адам баласының өмірін әркелкі етіп жаратқан. Кейбір кісілер көп жасап, жүзге жетіп жатса, кейбірі жастайынан өмірден озып жатады. Сол секілді кейде кейбір адамдар ғұмырын жақсылықпен өткізіп жатса, кейбіреулер оған жете алмауы да мүмкін.
Мұнымен қоса Қадір түнінің пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біздердей үмметіне берілуінің де өзіндік үлкен сыры бар. Айталық бұрынғы адамдар көп жыл ғұмыр кешкен. Тіпті кей пайғамбарлар және олардың қауымдары 900 жылға дейін өмір сүрген.
Бір күні пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Исрайл ұрпақтарының ішінде Аюб, Зәкәрия, Хазқил ибн Ажуз және Иуша ибн Нұн атты төрт адамның Аллаға сексен жыл тоқтаусыз ғибадат жасағандығын айтады. Оны естіп отырған сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жебірейіл періште пайғамбарымызға келіп: «Уа, Мұхаммед! Үмметің әлгілердің сексен жыл құлшылық жасағандарына таңданысып жатыр ма? Алла үмметіңе одан да қайырлысын нәсіп етті», – деп, «Расында, Біз (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан да қайырлы» деген аятты оқиды. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) аталмыш аятты сахабаларға оқып берген кезде олардың қуанышында шек болмайды».
Сондықтан сауап амалдарымыздың осындай дәрежеде еселенетініне және пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметі болғанымызға шүкірлік етуіміз керек. Осылайша бір түнде атқаратын ізгі амалдарымыздың сауабы сексен жылдан артық сауапқа жазылады.
Екіншіден, Қадір түні – жер бетін періштелер қаптайтын түн.
Аятта айтылғандай, бұл түні жер бетін періштелер қаптайды. Періштелер дегеніміз кімдер? Періште нұрдан жаратылған. Олардың өзіне тән ерекшеліктері бар. Яғни олар да тіршілік иесі. Алайда адам баласының көзіне көрінбейді. Олар адамзатқа тән сипатқа ұқсамайды. Олар Алла Тағалаға толассыз құлшылық етеді және ешқашан қарсы келмейді. Бұйырған бұйрықты бұлжытпай орындайды.
Міне, қасиетті Қадір түнінде періштелердің Алланың рұқсатымен келуі адам баласына сәлем беріп, ол түнде кім немен айналысып отырғанына куә болу үшін және пенденің құлшылығына, тілеген тілегіне болысу үшін түседі.
Үшіншіден, Қадір түні – адам баласының тағдыры айқындалатын түн.
Ғалымдарымыз қасиетті Қадір түнін «Тағдыр түні» деп те айтқан. Өйткені «ол түні пенденің тағдыры айқындалады, келесі жылғы тағдыры жазылады» дегендер де бар.
Тағдыр дегеніміз «қадар» деген сөзден шыққан. «Бір нәрсені белгілі бір өлшем бойынша жарату, белгілеу, өлшеу» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғат термині бойынша Алла Тағаланың барлық нәрсені жаратпастан бұрын шексіз ілімі арқылы егжей-тегжейіне дейін білуін және оларды белгілі бір өлшемге қарай реттеуін, жүйелеуін, арнайы белгілеуін тағдыр дейміз.
Яғни жер бетіндегі күллі мақлұқаттың болмыс-бітімі Жаратқанның белгілі бір тәртібімен өлшеніп қойылған. Қасиетті Құранның «Рағыд» сүресінің 8-аятында:
وَكُلُّ شَيْءٍ عِنْدَهُ بِمِقْدَارٍ
«Оның жанында әр нәрсе өлшеулі», – деп айтылған.
«Қамар» сүресінің 49-аятында:
إِنَّا كُلَّ شَيْءٍ خَلَقْنَاهُ بِقَدَرٍ
«Шын мәнінде, біз әрбір нәрсені бір өлшеумен жараттық», – делінсе,
«Фұрқан» сүресінің 2-аятында:
وَخَلَقَ كُلَّ شَيْءٍ فَقَدَّرَهُ تَقْدِيرًا
«Сондай-ақ әр нәрсені жаратып, оның өлшеуін белгіледі», – делінген.
Бұл – Алла Тағаланың шексіз ілімі. Алла өткенді, қазіргіні және келешекті бірдей қамтиды. Сондықтан Жаратушының назарынан ешбір нәрсе тыс қалмайды. Әлемдегі бұрын болып кеткен, қазіргі болып жатқан және болашақта болатын барлық нәрсе Алланың үкімі мен тағдырына сәйкес жүреді.
Қасиетті Құранның «Рағд» сүресі, 39-аятта:
يَمْحُو اللَّهُ مَا يَشَاءُ وَيُثْبِتُ ۖ وَعِندَهُ أُمُّ الْكِتَابِ
«Алла қалағанын өшіреді, қалағанын бекітеді. Негізгі кітап (Ләуһул Махфуз) Алланың құзырында», – делінген.
Сондықтан жылына бір келетін қасиетті Қадір түнінде Жаратушы Алла Тағалаға дұға жасау арқылы тағдырымыздың жақсы болуын сұрауымыз керек. Алла Тағала қаласа, пендесінің тағдырын өзгертеді. Ол үшін пенденің ниеті мен іс-әрекеті маңызды.
Мысалы, бір күні пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құлайын деп тұрған үйдің қасынан өтіп бара жатып, сол жерге келгенде жылдам өтеді. Сонда қасындағы сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Алланың тағдырынан қашып барасыз ба?» – деп сұрайды. Сонда хазіреті пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алланың қазасынан Алланың тағдырына сиынамын», – деп жауап береді.
Сахаба Омар (Алла оған разы болсын) тағдырдың өзгеруі үшін үнемі Алла Тағалаға былай деп дұға етеді екен: «Уа, Алла! Егер есімімді жамандар арасында жазған болсаң, атымды ол жерден өшіруіңді сұраймын. Ал егер бақыттылар қатарында жазған болсаң, сол жерде берік ете гөр. Өйткені Сен қалағанын өшіресің, қалағанын қалдырасың. Сенің бұл сөзің рас».
Сондықтан қасиетті Қадір түнінде көптеп дұға сұрап, тағдырымыздың жақсылыққа өзгеретіндігіне үміт етуіміз керек.

Құрметті жамағат!

Қасиетті Қадір түніне жеткен кезде қандай амал жасағанымыз жөн? Бұл жайында Ислам ғұламалары төмендегідей амалдарды жасағанды абзал деп санаған.
Біріншіден, мұндай түнді әуелі шынайы ниетпен, Алланың ризашылығы үшін ғибадат жасаумен, намаз оқумен, Құран оқумен өткізу. Өйткені ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ قَامَ لَيْلَةَ الْقَدْرِ إِيمَانًا وَاحْتِسَابًا غُفِرَ لَهُ مَا تَقَدَّمَ مِنْ ذَنْبِه
«Кім Қадір түнін иманмен және сауабын үміт етіп өткізсе, өткен күнәлары кешіріледі»,– деген.
Екіншіден, өткен қате-кемшілік күндеріміз үшін тәубе жасап, истиғфар айтып, кешірім сұрау және пайғамбарымызға салауат айтумен өткізу.
Үшіншіден, таң рауандап атқанға дейін ұйықтамай, шын ықыласпен дұға жасау. Өйткені Айша анамыз (Алла ол кісіге разы болсын) пайғамбарымыздан: «Қадір түніне тап болсам, қандай дұға жасайын?», – деп сұрағанда, пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
اللهم إنك عفو تحب العفو فاعف عني
«Уа, Алла! Сен кешірімдісің және кешіргенді жақсы көресің. Мені де кешіре гөр», – деген дұғаны үйреткен.

Қадір түнінің арнайы уақыты бар ма?

Алла Тағала адам баласына әрбір құлшылықтың өз уақытын, мезгілін көрсетіп қойған. Сол секілді Қадір түнінің де уақыты, мезгілі бар. Ардақты пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай хадистер келген.
Әбу Һұрайрадан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Түсімде Қадір түні маған білдірілді. Бірақ жақындарымның біреуі мені оятқанда, әлгі уақытты сол мезет ұмытып қалдым. Оны Рамазан айының соңғы он күнінен іздеңдер», –деген.
Келесі хадисте: «Аллаға серт! Ибн Масғуд (Алла оған разы болсын) оның Рамазанның жиырма жетінші түнінде екенін біліп қойды. Бірақ босап кетулеріңнен қорқып, оны сендерге білдіруді ұнатпаған болатын», – деген.
Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және еліміздің барлық мұсылман қауымы осы хадисті негізге ала отырып, Рамазан айының 27-түнін атап өтуді үрдіске айналдырды. Дегенмен бір түнге шектеліп қалмай, соңғы он күннің әр тақ түнінде Қадір түнін күткен жақсы.
Қорыта айтқанда, Алла Тағала біздерге қасиетті Қадір түнінің мол сауабын алуды және сол түннің қасиетімен кем-қателіктерімізді кешіруді нәсіп етсін.
Жаратқан Алладан елімізге амандық, жұртымызға тыныштық, әр шаңыраққа бақытты да баянды ғұмыр, ырыс-несібе тілейміз. Дұғаларымыз қабыл болсын. Әмин!

Ахметжан КЕРІМБЕК,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.