Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ынтымақты көздеген көктемгі велошеру

0 3  390

«ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық–атқару жүйесі комитетінің Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД» республикалық мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері мен бас бостандығынан айыру мекемелерінен босатылған, пробация қызметінің есебіндегі сотталғандар және Жамбыл облысы прокуратурасының қызметкерлері арасында көктемгі велошеру өтті.

Ұжымдық қарым-қатынасты қалыптастыру, тұрғындар арасында жүйелі түрде дене шынықтыру және спортқа деген қызығушылығын арттыруды мақсат тұтқан шараның ашылу рәсіміне Тараз қаласы әкімінің орынбасары Гүлдана Жауынбекова мен қала прокуроры Нұржан Боранбаев арнайы қатысты.
Әуелі Гүлдана Әлімжанқызы сөз алып, велошеруге қатысушыларға сәттілік тіледі.
– Велошерудің басты мақсаты – пробация қызметі есебінде тұрған азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету және салауатты өмір салтын насихаттау. Бүгінде Тараз қаласында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде жалпы қала тұрғындарының 40 пайыздан астамы шұғылдануда. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады, – деді Г.Жауынбекова өз сөзінде.
Бұл күні велошерушілер ҚР Тұңғыш Президенті саябағынан бастап Төле би даңғылының соңына дейін жалпы 3,7 шақырымды жүріп өтті. Сондай-ақ қатысушылар арасында гір тасын көтеру, асық ату, қол күресі, арқан тарту, ләңгі тебу сынды ұлттық спорт түрлерінен спартакиада ұйымдастырылып, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесіне пробация қызметінің енгізілгеніне 10 жылдан астам уақыт өтті. Осы жылдар ішінде бұл қызмет түрі өзінің нәтижесін уақыт өткен сайын дәлелдеп келеді. Әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылатын бұл қызмет шетелде бірнеше бағыттан тұратын үлкен жүйеге айналған.
Жалпылай айтсақ, бұл қызметтің мақсаты – шартты түрде бас бостандығынан айырылған азаматтарға әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету. Осылайша байқаусызда сүрінген жандар болса, олардың қоғамға бейімделуіне мүмкіндік беру. Ал пробация қызметі ондай жандарды бақылап қана қоймай, әлеуметтік мәселелері болса, шешуге ықпал жасайды.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.