Қалалық қоғамдық-саяси газет

Татулық пен келісім – басты байлық ел үшін

0 559

«Ырыс алды – ынтымақ» дейді дана халқымыз. Қазақстанда 130 ұлт пен ұлыстың өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешіп жатыр. Азаттықтың таңы арайлап атқан сәттен бастап этносаралық келісім мен татулықтың үлгісі салтанат құрды. Еліміз тыныш, халқымыз аман. Өндірісі өркендеп, экономикасы дамып келе жатқан, алдына ауқымды міндеттер қойған мемлекеттердің қатарындамыз. Әрине, мұның барлығы – тыныштық пен тұрақтылықтың, ауызбіршіліктің нәтижесі.

Тамыры тереңде жатқан тарихымызды ақтарсақ, бабаларымыз батыр болғанымен, басқаларға тізесін батырмағанын айқын аңғарамыз. Бұл түп шежіресі сонау ежелгі түркіден бастау алатын «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы бағзы заманнан бері өзінің қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтап қалғаны – еркіндік сүйгіш жігерінің, асқақ рухының арқасы. Мұндайда ойымызға Абылай ханның «Дос болғанға құшағы ашық туыспыз, қас қылғанға қиып түсер қылышпыз» деген рухты сөзі оралады. Ал тумысынан туған елін жаны сүйіп, қазағына өлмес мұра қалдырған данышпан Абай атамыз «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деп өсиет қалдырыпты.
Расында, тыныштықты ту еткен халықтың бірлігі мызғымайтынын уақыт өзі-ақ дәлелдеп келеді. Ол бірлікті тонның ішкі астарындай бір-біріне етене жақын, ауыр кезеңдерді басынан бірге өткізген ата-бабаларымыздан үлгі алған ұрпақ қана сақтайды. Сондықтан дана халқымыз «Бірлігі жоқ ел тозады, бірлігі күшті ел озады» деген. Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарып келеді десек, артық айтқандық емес.
Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасын іске асыруда Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» мекемесі табысты жұмыс атқарып келеді. Мекеме жұмысының негізгі бағыты – қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті қамтамасыз етуде этномәдени бірлестіктер және азаматтық қоғамның басқа да институттарын белсенділендіру. Жалпы Әулиеата өңіріндегі этносаралық қатынастардың ерекшелігі халықтың этностық түрлілігімен анықталады. Аймақта 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған. Өңірлік Ассамблея жанында 75 этномәдени бірлестік бар. Оның ішінде 40 этномәдени бірлестік жұмыс істеп жатыр. Қалған 35-і – аудандардағы өкілдіктері.

Қоғамдық келісім – тұрақтылық кепілі

Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, мемлекеттік ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын, Достық үйлерін дамыту тұжырымдамасын басшылыққа алады.
Өткен жылы қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1 075 іс-шара өткізіліп, оған 76 927 мақсатты аудитория қамтылған. Оның ішінде этномәдени бірлестіктер тарапынан 52 830 адамды қамтыған 791 іс-шара ұйымдастырылыпты.
Мекеме басшысы Мүбарак Жинақбаеваның айтуы бойынша, 2023 жылы ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктер іс-шараларының идеялық мазмұны Алғыс айту күні, Наурыз мерекесі, Қазақстан халқының бірлігі күні, Жеңіс мерекесі, Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу, Рәміздер, ҚР Конституциясы мен 25 қазан – Республика күні сынды атаулы мерекелер мен және ҚХА-ның «Бір ел», «Бірлігіміз – әралуандылықта» жобаларын, ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында берілген тапсырмаларды іске асыруға бағытталған.
– Этномәдени бірлестіктердің «Рождество», «Ханука», өзбек этносы мен мәдениетінің күні сияқты мерекелері аталып өтті. «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» этномәдени бірлестігінің «Infinity» грек би ансамблі «Step to the stars» халықаралық конкурсында бірнеше аталымдар бойынша жүлделі орындарға ие болды.
Алғыс айту күніне орай «Алғысым шексіз еліме» іс-шарасы «ZOOM» платформасымен қосылу арқылы «Бірлік даму үшін» республикалық телекөпірге этномәдени бірлестіктердің қатысуымен басталды.
Достық үйінде тақырыптық 6 алаңша құрылды: «Қоржын» акциясы, «Ғажайып киіз үй» жылжымалы оқу-демонстрациялық тақтасы, білім, спорт, мәдениет, туризм, кәсіпкерлік саласы мамандары және жастардың қатысуымен түрлі іс-шаралар өткізілді.
Шымкент қаласында «Great Qasaq Games» атты ауқымды республикалық этнофестиваліне Жамбыл облысы делегациясы құрамында өңірлік ҚХА өкілі, Жамбыл облысының «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Кәбиқызы қатысып, ең «Үздік киіз үй» аталымында жеңімпаз ретінде танылды.
Қазақстан Республикасының Ғылым және білім министрлігі мен Жамбыл облысы әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық дөңгелек үстел отырысында этномәдени бірлестіктер «Тіл бірлігі» көрмесін, «Ғажайып киіз үй», ҚХА жастарының «Бірлік тілі», «Тіл мектебі» жобаларын ұсынды.
Жеңіс күні ҚХА мүшесі Р.Исмазовтың «Ордабасы» Ұлттық командалық ойыны бойынша халықаралық турнирге қонақ ретінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» медалімен марапатталған Ұлы Отан соғысының ардагері Шалданбай Шаңбаев шақырылды. Сондай-ақ этномәдени бірлестіктер арасында футболдан турнир ұйымдастырылды.
26 мамыр күні Ассамблеясы Төрағасының орынбасары-хатшылық меңгерушісі Марат Әзілхановтың төрағалығымен жалпыұлттық бірлікті және қоғамдық келісімді нығайту саласындағы ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұйымдастыру сұрақтары бойынша жиынға облыстық ҚХА мен этномәдени бірлестіктер, Жамбыл облысының ішкі саясат басқармасы және «Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінен 30-ға жуық адам ZOOM арқылы қатысты.
8 маусымда Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктері және құрылымдарының, оның ішінде Журналистер клубының мүшелерінің қатысуымен этносаралық шиеленіске әкеп соқтыратын этникалық және тілдік белгілері бойынша жиналыс өтті.
Ксенофобия мен кемсітушіліктің, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алу мен өңір азаматтарының құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бойынша өткен шара семинар және кеңес сипатында өткізілді. Шараға Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы, облыстық прокуратура, полиция өңірлік коммуникациялар қызметі және өзге де салалардың белгілі өкілдері қатысты.
«Бір ел» жобасы аясында «Қарасу» шағынауданында ұйғыр этносының 1 000 адамды қамтыған мерекелік шарасы, Қордай ауданында дүнгендердің қазақ жеріне қоныс аударуының 145 жылдығы республикалық көлемде аталып өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртазаның туған күніне орайластырылған «Шыңдағы шынар – Шерхан Мұртаза» атты драма үйірмелері фестивалінде «Қоғамдық келісім» КММ этностар жастарынан құралған «Достық» театры жүлделі І орынды иеленді. Жазушының «Интернаттың наны» шығармасынан қойылым мемлекеттік тілде сахналанды. Жастар театрының мүшелері Галиев Ильяс «Үздік образ», Баратов Ратмир «Үздік актер» номинацияларын иемденді.
Қыркүйек айының 20-22 күндері аралығында Алматы облысы Ұйғыр ауданында өткен республикалық зияткерлік ойынында «Қоғамдық келісім» КММ-нен «Taraz United» командасы алғаш рет қатысып, финалға дейін жетті. Алматы қаласы, Жетісу, Алматы облысының 3 жыл ойнаған тәжірибелі және 2022 жылы чемпион болған командаларымен бақ сынасып, жүлделі орын иеленді, – дейді аталған бағыттағы жұмыстар жайында Мүбарак Қасымқызы.

Тіл – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы

«Қоғамдық келісім» КММ мемлекеттік тілді дамыту, оны этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде қолдану аясын кеңейту жөніндегі жұмыстарды да назарынан тыс қалдырған емес. Бұл мақсатта мекеменің ұйымдастыруымен өңірімізде тұратын ұлттар мен ұлыстардың өкілдерінің қатысуымен түрлі шаралар өткізіліп отырады. Мәселен, өткен жылдың қазанында Тараз қаласындағы Достық үйінде Жамбыл облысы ҚХА құрылымдары, этномәдени бірлестік өкілдері, білім және мәдениет саласы мамандарының қатысуымен «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» ашық алаңы өтті. Ашық алаңда ойтолғау екі түрлі бағытта қамтылды. Атап айтқанда, «Менің қазақ тіліне жету жолым» бағытында Гродеково орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі Забида Мирзаева мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғарғы колледжінің студенті Надежда Шамлиди мемлекеттік тілді игеру жолындағы қызықты оқиғаларымен бөлісті. Сонымен қатар 2023 жылғы «Тіл мерейі» номинациясының иегері, Төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға сержанты Карина Карташова және қарашай-балқар этномәдени бірлестігінің мүшесі, «GeoMed» клиникасының УДЗ дәрігері Зарина Битуева, Сортөбе ауылындағы №16 орта мектебінің директоры Шамиль Есаров мемлекеттік тілді меңгеру арқылы қызметтегі жеткен жетістіктерін айтты. Жалпы жоба аясында биылға 12 спикер тізімі қалыптастырылған.
Бұдан бөлек, аталған айда «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасының облыстық кезеңі өткізілген. «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған шараға Тараз қаласы мен шалғай аудандардан этнос балалары, мектеп мұғалімдері және БАҚ өкілдері қатысқан. Мемлекеттік тілдің мерейін көтеруге бағытталған іс-шара тұжырымдамасы бойынша қазақ тілін оқыту бойынша «Тіл мектебі» авторлық бағдарламалары, «Өнер алды – қызыл тіл» мектебі, «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық конкурсы, «Жарқыра, жас дарын!» байқауы – жалпы 4 жоба бойынша өткен. Іс-шараға әр номинация бойынша оқушылар мен мұғалімдер – барлығы 40-тан астам үміткер қатысқан. «Өнерлі өрге жүзер» музыкалық және «Жарқыра, жас дарын!» байқауларының жеңімпаздары қараша айында Астана қаласында өткен республикалық кезеңге қатысып, өнерлерін көрсетті.
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге Достық үйі жанынан ашылған «Мәміле» қазақтілді пікірталас клубының да қосқан үлесі аз емес. Клубтың 7 отырысында отбасы, туыстық қатынастар, еліміздің әдебиеті мен тарихына, ұлттық, мемлекеттік мерекелеріміз бен атаулы күндерге, қоғамдағы жастардың мәселелері көтерілген. Әр отырысқа мәдениеттанушы, тарихшы, тілдің кәсіби оқытушылары, креативті, белсенді спикерлер тартылған. Қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге, мемлекеттік тілді ілгерілетуге байланысты шараларға жыл бойы атсалысып келе жатқан клуб мүшелеріне сертикаттар мен сыйлықтар табысталған.
«Қоғамдық келісім» мекемесі шалғайдағы ауылдардың тұрғындары арасында, әсіресе этностар топтасып тұратын аудандарда этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру бойынша бірнеше жобалар жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – «Достық керуені» жобасы. Бұл жобаның мақсаты – өңірдің этностар тығыз орналасқан аудандарында этномәдени бірлестік мүшелерінің, Ассамблея құрылымдарының халықпен кездесулерін өткізу және берік байланыс қалыптастыру, этносаралық саладағы тәуекелдердің алдын алу үшін жастар, мәдени және басқа да құрылымдар нысанындағы диалог алаңдарының жұмысына қатысу, жастар арасында мәдени-спорттық байланыс орнату.
– Жоба аясында ҚХА Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің отырыстары, жастар арасында ұлттық ойындар спартакиадасы, «Бірлік – әралуандылықта» атты жас суретшілер мен қолөнершілер байқауы, этнос жастарын қоғамдық өмірге интеграциялау мақсатында Ассамблея жастарының аудан жастарымен «PRO ANR» тақырыбында кездесуі мен мектеп оқушыларына арналған «Менің елім – Қазақстаным» атты патриоттық тимбилдингі, шалғай аудандағы таланттарды таныту мақсатындағы «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезеңдері ұйымдастырылды.
Жалпы «Достық керуені» жобасы қыркүйек айында басталып, Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Талас, Сарысу, Байзақ, Жуалы аудандарын қамтыды. Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің құрамындағы 560 адамның қатысуымен 16 отырысы өткізілсе, жас суретшілер байқауында 130 бала шығармашылығын таныстырды, «Өнерім саған, Қазақстан!» фестивалінің іріктеу кезендеріне 100-ге жуық үміткер өнерлерін көрсетті. Ассамблея жастарының аудан жастарымен «PRO ANR» тақырыбында 18 кездесуі мен мектеп оқушыларына арналған «Менің елім, менің Қазақстаным» атты тимбилдингіне 900 адам қатысты.
ҚХА ХХХІІ сессиясында берілген хаттамалық тапсырмаға сәйкес, «ZOOM» платформасында онлайн режимінде ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевпен, Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбекпен, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыповамен кездесулерге этномәдени бірлестіктер, ҚХА құрылымдары қатысып, министрлік тарапынан жасалып жатқан реформалар мен жұмыстармен танысты.
Желтоқсан айында «Өнеріміз саған, Қазақстан!» фестивалі өткізіліп, жыл бойы іс-шараларға белсенді қатысқан этномәдени бірлестіктер өкілдері, шығармашылық ұжымдар, серіктестер, КХА құрылымдары және «Достық керуені» жобасы аясында өңіріміздің аудандарында фестивальдің іріктеу кезеңінен өткен аудан өнерпаздары марапатталды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы Түркия еліндегі табиғи апатқа гуманитарлық көмек, «Ерікті донор», «Жылу», 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай «Қоржын», Наурыз мерекесіне орай облыстық Ассамблеяның «Мейірімді жүрек», «Бар жақсымыз – балаға», «Мектепке жол», «Қамқор» акциялары, 1 қазан – Халықаралық қарттар күні, 25 қазан – Республика күні, 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекесіне орай 457 млн 850 мың теңгеге 37 100 адамға қайырымдылық көмек көрсетті.
Ассамблея жанында ғылыми-сараптамалық топ, ҚХА Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, медиация кабинеті, журналистер клубы, «Ассамблея жастары» РҚБ жастар қозғалысы, «Белсенді ұзақ өмір сүру» мен шеберлер клубтары жұмыс істейді. Өңірлік ҚХА Ақсақалдар кеңесі құрамына өз ортасында беделді, көпшілікке айтары бар, өмірлік тәжірибесі мол ақсақалдар енді. Жалпы кеңес саны – 43, мүшелер саны – 236 адам. Ақсақалдар кеңесі этнос өкілдері тығыз орналасқан, өңірдің этносаралық картасына енгізілген 8 ауданның 32 елді мекен шегінде құрылған. Есепті мерзімде Ассамблея жанындағы Ақсақалдар кеңестері облыс бойынша 643 іс-шара өткізіп, оған 26 383 адам қамтылды. Оның ішінде қаралған проблемалық мәселелерінің саны – 219, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарына ұсыныстар саны – 51.
Өңірдің этностар тығыз орналасқан Меркі, Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Талас, Сарысу, Байзақ, Жуалы аудандарындағы «Достық керуені» жобасы аясында Ақсақалдар, Аналар, медиация кеңестерінің отырыстары ұйымдастырылып, этносаралық қатынасты нығайту, араздық тудырмау, тұрмыстық кикілжіңдердің алдын алу, радикалды діни ағымдардың ықпалына ермеу, оқушылардың бірыңғай мектеп формасын сақтау, отбасылық тәрбие, нәсілдік, әскерге бару, тілдік, этносаралық алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу жөнінде түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Ауыл ақсақалдары мен Аналар кеңесі, медиация отырыстарында қоғамдық резонанстық мәселелерге жол берілмеуін қадағалау назарға алынды. Ақсақалдар, Аналар кеңестерінің 16 отырысына 560 адам қамтылды, – дейді М.Жинақбаева.

Жасампаздыққа бастаған жарқын жоба

Ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған жамбылдық жобалардың бірі – «Бейбітшілік пен келісім». Оның аясында соңғы жылдар ішінде ынтымақ пен татулықтың тұғырын бекітуді мақсат еткен жүздеген шаралар іске асырылуда.
Мәселен, өткен жылы жоба аясында Меркі ауданында Андас батыр, Ойтал ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ҚХА-ның ХХХІІ сессиясында берілген Президент тапсырмаларын көпшілікке жеткізді. Байзақ ауданы Ақсақалдар кеңесі мүшелерінің қатысуымен 2023 жылдың 15-30 мамырында аудандық білім, ішкі саясат бөлімдерімен бірлескен Байзақ аудандық білім бөліміне қарасты Дихан тірек мектебі, Көктал, Ы.Алтынсарин, Мырзатай, Жамбыл, Н.Гоголь, Н.Киікбаев, Ғ.Мұратбаев, Сарыкемер мектеп-гимназиясында және №4 мектеп-лицейінде, №3 Байзақ колледжінде жастармен кездесулер өтті. Этнос өкілдері тығыз шоғырланған Бурыл, Қостөбе, Қызыл жұлдыз ауылдық округтерінде кеңес мүшелері ауылдық округ әкімі аппаратындағы әскери есеп жүргізуші мамандармен тығыз жұмыс атқарып, этнос өкілдерін ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери қызметке тарту бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына көмек береді. 13-14 сәуірінде «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жоба шеңберінде этнос өкілдері тығыз орналасқан елді мекен тұрғындарына, ерікті көшу мүмкіндіктері туралы, оның ішінде қоныс аударушылар үшін көзделген мемлекеттік қолдау шаралары туралы хабардар ету мақсатында №1 мектеп-гимназиясы, Қостөбе, Н.Гоголь, Бурыл орта мектептерінің жоғары сынып оқушыларымен кездесулерге қатысты.
– Сонымен қатар Жамбыл ауданының Ақбұлым ауылдық округінде этнос өкілдері жастар арасында әскерге шақырушылар, болашақ сарбаздарды әскерге тарту бойынша «Әскери міндет – парызың» атты жастармен кездесу, Гродеково орта мектебінде «Құқық бұзушылық және жасөспірім» атты конференция, «Оқушы балалар арасындағы қылмыстық іс-әрекеттерді болдырмау және алдын алу» тақырыбында жоғары сыныптың ер балаларымен кездесу, ерте жүктіліктің алдын бойынша Гродеково орта мектебінің жоғары сынып оқушыларының арасында «Біз өз әрекеттеріміз үшін жауаптымыз» тақырыбында сауалнама ұйымдастырылды. «Дәстүрлі емес діни ағымдардан қалай сақтанамыз?» тақырыбында Бесағаш ауылдық округінде мектеп оқушыларымен кездесу өтті.
Ал Шу ауданында тұрмыстық жанжалдарды профилактикалауға, оларды шешуге, сондай-ақ оларды жанжалдан кейінгі реттеуге жәрдемдесу мақсатында құрылған «Бастау» ресурстық тобына Ақсақалдар кеңесі енгізіліп, әр округте жастармен бірге жұмыс істейді.
Шу, Қордай, Меркі, Жуалы және Жамбыл аудандарындағы Ақсақалдар кеңесінің «Туған жерім – тамырым» тарихи орындарға жастармен бірге сапарлауы, Абай оқуларын, қөлөнер шеберлік сағаттарын ұйымдастыруы сияқты іс-тәжірибелерін ерекше атап өтуге болады.
Қараша айында «Ақсақалдар кеңесі – ел бірлігінің кепілі» атты облыстық кеңейтілген отырыста облыстық этносаралық қарым-қатынас пен жастар тәрбиесіне байланысты мәселелерді бірге шешу мақсатында Ардагерлер кеңесімен меморандум жасалды. Отбасы мәселелері бойынша Әкелер одағымен меморандум жасау жөнінде уағдаласты. Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Сейілханов республикалық Ақсақалдар кеңесінің отырысында баяндама жасап, өңірлік кеңес мүшелерінің ұсынымдарын жеткізді, – «Қоғамдық келісім» КММ басшысы.

Аналар кеңесі – ұлағат ұясы

Ана – ұлт тәрбиешісі. Туған жер, Отан, ана десе тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Ана сыйлар қызы бар, атаны ардақ тұтар ұлы бар иманды, ибалы халықтың қашанда жүзі жарқын. Жамбыл жеріндегі ҚХА Аналар кеңесі мейлінше белсенді қарекет етуде.
Қазіргі таңда облыста 36 Аналар кеңесі жұмыс істейді. Кеңес мүшелерінің жалпы саны 546 адамды құрайды. ҚХА Аналар кеңесі облыс бойынша жыл ішінде 834 шара өткізіп, 38 838 адамды қамтыған. Аталған кеңестер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бойынша этностар жинақы орналасқан аудандарда көшпелі отырыстар өткізіп, этнос өкілдері қыздары арасында әйелдердің құқықтық сауаттылығы, отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша мамандармен бірге кеңес беру шараларын жүргізді. Қордай ауданында этносаралық тұрақтылық пен келісімді қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімі орынбасарымен бекітілген жоспарға сәйкес, аудандағы этнос өкілдері көп шоғырланған ауылдар мен ауылдық округтерінің түрлі санаттағы тұрғындары арасында Бұлар батыр ауылында «Ана – отбасы ұйытқысы» тақырыбында аналар алқасы мүшелерінің қатысуымен дөңгелек үстел отырысы өткізді.
Ал облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментімен бірге «Құқық қорғау органдарының, азаматтық қоғам институттарының және Қазақстан халқы Ассамблеясының сотталғандарды қайта әлеуметтендіру мәселелері бойынша өзара іс-қимылы» атты жобасы аясында Жамбыл ауданында орналасқан қоныс колониясындағы әйелдерге көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды. Үш жасқа дейінгі сәбиі бар әйелдердің өтініші бойынша тоңазытқыш тұрмыстық техникасын және қажетті заттарын жеткізу қайырымдылық шарасымен қатар, әлеуметтендіру шаралары бойынша құқықтық көмек көрсетілді.
– Сондай-ақ Аналар кеңесі ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 4 баланың қүжаттарын реттеп, тиісті орындарға орналастырды. «Менің Отаным – менің отбасым» тақырыбында білім беру мекемелерінде отбасы институтын нығайту, қоғамдық келісім мен бірлікті, толеранттылықты қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар, Тараз қаласындағы 6 колледжде, 7 мектепте толеранттылық дәрістерін өткізді. Осындай бағыттағы шаралар «Ассамблея бөбектері» жобасы аясында №12,18,43 балабақшаларда, қиындыққа душар болған балалар орталығында, мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылып, 4 200 адамның қатысуымен 32 шара өтті.
Қаңтар айында ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Назипа Шанаи, орынбасары Баян Ахатайдың Жамбыл облысының аналарымен кездесуі өтіп, «Жасыл сертификат» жобасы таныстырылды. Облыс, Тараз қаласындағы білім беру мекемелеріне хат жолданып, ҚХА Аналар кеңесінің «Есірткісіз болашақ» республикалық коалициясымен меморандумы негізінде мектептерде кездесулер циклы мен дәріханалық рейдтері жасалды.
Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесі маусым айында «Болашақ» жазғы сауықтыру лагерінде, Жасөспірімдер үйінде, Тараз қаласындағы №35 орта мектептің жазғы лагерінде демалушы балалармен кездесті. Іс-шараның қатысушыларына «Жасыл сертификат» пилоттық жобасының аясында және аталмыш жобаны ілгерілету мақсатында нашақорлықтың қасіреті жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында өткізілген іс-шара барысында балаларға есірткінің адам денсаулығы мен өміріне зияндығы, есірткі мен психотроптық заттардың заңсыз сатылу айналымы секілді маңызды мәселелер жөнінде айтылды.
ҚХА Аналар кеңесі «Бейбітшілік пен келісім» жобасы аясында Т.Рысқұлов, Шу, Қордай, Сарысу, Талас аудандарында Аналар кеңестерімен кездесу өткізіп, маңызды жобаларын талқылады. Сондай-ақ жергілікті халықтың өтініш-тілектерін, әлеуметтік мәселелерін тыңдады. Нәтижесінде, 12 мәселе көтеріліп, оның 9-ы жергілікті орында қарастырылып, 3-і тиісті мекемелерге жолданды.
Балаларды қорғау күніне Жамбыл облысы ҚХА жанындағы Аналар кеңесі «Бар мейіріміміз – балаларға!» ұранымен арнайы онкүндік ұйымдастырды. Мерекелік шаралар білім беру орындары, балалар мен жасөспірімдер үйі, ана мен бала орталықтары және саябақтарда өтті. Онкүндіктің алғашқы күні Махмұт Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі «Балалар – біздің болашағымыз» атты «Balafest» фестивалін, республикалық дүнген аналар кеңесі «Әрдайым бейбітшілік болсын» арт-фестивалін, немістер қоғамы «Гүлдер ертегісі» интерактивті спектаклін, еврей аналар кеңесі «Әлем сан түрлі бояумен» сурет салу байқауы, түрік аналарының мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған думанды кеші, орыс этномәдени бірлестігі жанындағы аналардың балалар қолөнерінің жәрмеңкесі сияқты кең форматты шаралар өткізілді. Сондай-ақ педагогикалық түзету мекемесі, жасөспірімдер үйі, балабақша, мектеп жанындағы лагерьлерде орыс, тәжік, татар, қарашай, өзбек, поляк этномәдени бірлестіктері мен Аналар кеңесінің қайырымдылық шаралары жасалды. Балаларды қорғау күніне ҚХА Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен 21 шара ұйымдастырылып, 1 600 бала қамтылды. Көрсетілген қайырымдылық көлемі 3,2 млн теңгені құрады, – дейді ақ жаулықты аналар ұйымы жайында Мүбарак Қасымқызы.
Бұдан бөлек, Аналар кеңесі «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Ана көрген…», «Ұлттық дастарқан» жобалары, Отан қорғаушыларды құттықтау акциясы, «Әке және ұлт тәрбиесі», «Менің тату отбасым» тақырыбында дөңгелек үстелдер, «Табиғатым – махаббатым» экоакциясы мен «Ертегі – бала тәрбиесінің бастауы» акциялары секілді 47 іс-шара өткізіп, оларға 6 800 адам қамтылған.
Отбасы күніне орай Аналар кеңесі және Ы.Сүлейменов атындағы №37 мектеп ұжымының ұйымдастыруымен отбасылық веломарафон өткен. Оған ата-аналар мен оқушылар қатысып, жеңімпаздар жүлделі орындарға ие болған.
Сонымен қатар Тіл мерекесіне орай «Тіл – тірегіміз, тіл деп соғар жүрегіміз» атты дүнген аналар кеңесінің фестивалі ұйымдастырылыпты. Меркі, Қордай, Шу, Т.Рысқұлов, Талас, Сарысу, Байзақ, Жуалы аудандарында өткен «Достық керуені» жобасы аясындағы Аналар кеңесі отырыстарында «Жасыл сертификат» әлеуметтік жобасын ілгерілету, аталған жоба аясында қоғамда тарап кеткен, дәріханалық нашақорлықпен күреске үлес қосу, ерте жүктілік, отбасы құндылығын арттыру, ҚР Президентінің соңғы Жолдауында айтылған жастарға қатысты лудомания мәселесі – түрлі азартты ойындарға құмарлықтан оңалту, оқушылар мен жасөспірімдермен тіл табысу, жастар арасындағы басқа да тәуелділіктердің алдын алу, олармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жиі жүргізу сияқты мәселелер талқыланды. Жамбыл облысы полиция департаменті ЖПҚБ әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Диляфруз Кенжеханова «Отбасында зорлық-зомбылыққа жол жоқ» тақырыбында осы бағыттағы заңнамалық өзгерістерге түсініктеме беріп, зардап шегуші болған жағдайда сенім телефондарына хабарласу мүмкіндігін, құқықты сауаттылық жолдарын түсіндірді.
Республика күніне орай Меркі аудандық орталық музейінің ғимаратында Аналар кеңесінің ұйымдастырумен «Егеменді елдің ертеңі – еңбекте» атты тақырыпта қолөнер көрмесі өткен. Көрменің басты мақсаты – ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды қолөнершілерді анықтау, бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.
– Шілде айында өңірлік ҚХА-ның «Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік – қазақстандық қоғамның жаңа моделінің іргетасы» атты ХХVI сессиясында облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы қызметіне «Анаға тағзым» орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали сайланды. 28-29 қыркүйек аралығында Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында республикалық ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысына облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали және мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы ретінде қатысып қайттық. Онда Эльмира Иниятқызы «Өңірлік аналар кеңесінің жастарды рухани тәрбиелеудегі жұмысы» атты баяндама жасады.
2023 жылғы 25 қазанда Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында жас аналарға салтанатты түрде ақ орамал тапсыру рәсімі өтті. Э.Мырза-Ғали бастаған өңірлік ҚХА Аналар кеңесінің өкілдері 10 әйелге ақ орамал, қыздарға үкілі моншақ, ұл балаларға қамшы тарту етті.
Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Үкілі» қыздар клубының тұсау кесер рәсімі өтті. Клубтың мақсаты – қоғамдық ортада азаматтық ұстанымдары бар, өмірінде отбасылық міндеттерді білімімен ұштастыра білетін ұлтжанды, парасатты, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін қыздарды қалыптастыру. Университет қабырғасында жүріп сырласып, ой бөлісетін, қажетті кеңестер ала алатын текті қыздардың ортасын құру. Тұсаукесерге «Жер ана» корпоративті ауыл фермерлері қорының төрайымы, ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі Роза Мұсабаева, университет аналар кеңесінің төрайымы Ардақ Жантаева өзге де қыз-келіншектер қатысты. Кеш барысында қыздар клубының алғашқы жобасы «Кітап оқуға шақырамыз» атты челленджі көрсетілді.
Ал 1 желтоқсан күні «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен республикалық «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Игі ана – ізгі қоғам» атты өңірлік Аналар кеңесінің слёті өтті. Жиынына республикалық ҚХА Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатай мен осы кеңестің өкілі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал жазушы-аудармашы Камал Әлпейісова арнайы шақырумен келіп қатысты. Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесі жиынына қатысушылар мен қонақтарға Достық үйінің тақырыптық алаңшаларында этникалық топтардың салт-дәстүрлері, ән-жырлары, қазақ, орыс, өзбек, тәжік этностарының аналары сәбиді бесікке бөлеу ғұрыптары көрсетіліп, бесік жырлары ұсынылды.
Аналар кеңесі төрайымы Э.Мырза-ғали атқарылған жұмыстар есебін берсе, Байзақ ауданы аналары «Әжемнің ертегісі» жобасының атқарылуымен, Меркі ауданынан келген көнекөз ана отбасын сақтаудағы әйел тәрбиесі, қоғамдағы түрлі проблемалық мәселелерді шешудегі аналар кеңестерінің белсенділігі жайлы келелі кеңестер айтылды. Отбасындағы әкелердің міндеті туралы Р.Нұрақбаев пікірі қатысушылар тарапынан қолдауға ие болды, – дейді М.Жинақбаева.

Алғыс арқалаған «Ассамблея жастары»

Осы жылдар ішінде мемлекеттілігіміз бен халқымыздың бірлігі еш сынақтан сүрінбей өтуіне жастардың қосып отырған үлесі де мол. Мемлекет пен қоғам тарапынан жіті қарастырылып, қабылданып жатқан ауқымды саяси реформалар мен жаңартуларға жастар ұйымдары да белсене атсалысып, қоғам дамуын жеделдету үшін өз мақсаттары мен жұмыс тәсілдеріне түбегейлі өзгерістер енгізіп отыр.
Соның бірі – өңірлік «Ассамблея жастары» қоғамдық бірлестігі. Жастар өз замандастарын этносаралық жобаларды іске асыруға тарту мақсатымен 2023 жылы 66 іс-шара өткізіп, оған 5 200 жас қамтылған. Сондай-ақ бірнеше жоба іске асырған. Қайырымдылық, экологиялық, донорлық акциялар жүргізген.
Мәселен, жастарды білім беру, жұмысқа орналасу және кәсіпкерлік мәселелері бойынша ақпарат және консультация беруге бағытталған жобаларды «Ассамблея жастары» өкілдерімен бірлесе жүзеге асыру бойынша «Skif» сауда орталығында Жастар ресурстық орталығымен бірге түрлі сала бойынша кеңес беру алаңын өткізген. Шара барысында жұмыспен қамту, жер мәселесі, салық мәселесі, жастарды тұрғын үймен қамту мәселелері бойынша сала мамандары тарапынан ақпарат және консультация берілген. Бұдан бөлек «Ассамблея жастары» өрт сөндіру қызметінің базасына барып, Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру мекемесі бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Мансур Шайкрамовпен имидждік кездесу өткізген. «Таза қала» акциясы аясында сенбілік ұйымдастырып, Тараздағы Сеңкібай өзені бойын жинап, айналасын қоқыстан тазартты.
– «Ассамблея жастары» РҚБ басшылары Қордай ауданының ауыл жастарымен кездесіп, Масаншы, Сортөбе және Бұлар батыр ауылдарында жастармен мотивациялық кездесулер өткізді. Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар ұйымының көшбасшылары жастарды мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып, Ассамблея жобаларына қатысудың әлеуметтік мүмкіндіктерін ұсынды. Жастармен кездесуге «Жастар Ассамблеясы» РҚБ төрағасы Т.Жұмырбаев, Қазақстанның дүнген республикалық этномәдени бірлестігінің төрағасы З.Махусеев, Қазақстанның ұйғыр жастар одағының төрағасы Р.Қайрыев және журналист, «Қазақша Speaking Club» жобасының авторы О.Спирина қатысты. Өңірдегі этнос өкілдері тығыз шоғырланған елді мекендерге ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу негізінде арнайы іс-шаралар жоспарына сәйкес, облыс аудандарында этнос жастарымен арнайы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Алматы қаласының маңайында Қазақстан халқы Ассамблеясының Республика күніне арналған «Zhastar Generation 2023» республикалық жастар слёті, Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырумен Түркістан облысында өткен жастарға арналған «Бір ел» тарихи-ағартушылық жобасы, Жетісу облысында ҚХА-ның этномәдени бірлестік өкілдеріне арналған тіл мектебіне, Жетісу облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Жетісу облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Әділетті Қазақстан – жастардың таңдауы» атты тақырыпта жастар сессиясы, Жетісу облысы, Текелі қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» республикалық жастар лагері, 2023 жылғы 29-31 тамыз аралығында Алматы облысы, Жамбыл ауданы, «Baqsy» емдеу-сауықтыру кешенінде «Бірлік» халықаралық жастар лагеріне бірлестік жетекшісі Х.Турдыева және белсенді өкілдері Х.Алиев, Д.Ямолдинова, Ш.Мадалиева, Н.Шайханова т.б республикалық шараларда облыс тарапынан барып қайтты, – дейді Мүбарак Жинақбаева.

Медиация мәмілеге келтіреді

Медиация тетігін дамытуда Қазақстан халқы Ассамблеясына маңызды рөл берілген. ҚХА қызметінің негізінде жатқан қоғамдық келісімді қамтамасыз ету медиация міндеттерімен тікелей байланысты. Бұл тұрғыда жалпы адам өмірінің түрлі салаларындағы даулардың барлық түрін бейбіт жолмен реттеу тәсілі ретінде медиацияның көмегін насихаттау, Қазақстанда бұл рәсімді ілгерілету, дамыту – басым бағыт.
Бұл ретте «Қоғамдық келісім» КММ медиация кабинеті медиация институтын дамыту бойынша жұмысты жүйелі жалғастыруда. Сондай-ақ құрылған 25 алаңда ҚХА медиаторлары халыққа практикалық және медиативтік көмек көрсете отырып, халықпен құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Атап айтар болсақ, 2023 жылы ҚХА медиаторларына 1 076 азамат жүгініп, 667 жанжал мен даулы жағдай шешілген. Оның ішінде 190 отбасы-тұрмыстық, 23 мектепке қатысты, 66 қылмыстық, 291 азаматтық, 27 еңбек қатынастарына қатысты және 70 әкімшілік дау-жанжал бейбіт жолмен шешілген.
Медиация институтын насихаттау мақсатында медиация кабинеті 1 882 шараны қамтып, 31 шара өткізген. Оның ішінде медиация институтын ілгерілету жөніндегі – 20, консультативтік-әдістемелік жұмыс бойынша – 11 жиын бар. Аталған бағыттағы медиация кабинетінің 2023 жылға татуластыру рәсімдерін насихаттау бойынша жүргізген жұмысының нәтижесінде шешілген қақтығыстар мен даулы жағдайлар 2022 жылмен салыстырғанда 1,2 пайызға өскен. Бұл медиация арқылы дауларды шешудің оң динамикасын көрсетеді.

Қорыта айтқанда…

Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс.
Дәстүрлердің осылайша біте қайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, әдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мәдени және адамгершілік қасиеттері саналады. Мұны бүкіл қоғамымыздың адамгершілік негізі деп айтуға болады. Әр адамның ішкі моральдық өзегі туралы ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан таным-түсінігі осыған сүйенеді.
Ұлы Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден ерек» деген сөзі бар. Расында, санасы сергек, жауапкершілігі жоғары адамдар ғана қоғамды жаңғыртады, түрлі этностар мен мәдениеттердің басын қосқан ұлтымызды алға қарай жетелейді.
Рухани келісім – біздің ұлтымызға тән үлкенді cыйлау, oтбасыға құрмет, балаларға қамқорлық, қонақжайлық, татулық, достық, aуызбіршілік тәрізді ізгі oртақ құндылықтармен сабақтасады. Халықтардың татулығы мен бірлігі eліміздің гүлденуі мен өркендеуіне ықпал eтеді. Сонымен бірге барша қазақстандықтар қоғамның рухани келісіміне үлес қосып, eң қымбат байлығымыз – тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық мәртебемізді көтеруге ұмтылуы тиіс. Бұл байлықты бағалай білу және оны жас ұрпақтың жүрегіне ұялату – еліміздің жарқын болашағының кепілі.

Еркін САЙЫН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.