Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәдениет – қоғам айнасы

0 573

Мәдениет пен өнер – егіз ұғым. Мәдениет – ел мәйегі, оның рухани болмысы болса, өнер – ұлттың жаны, мәдени айнасы.

Руханияттың осы қос ұғымын дамыту, жас ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелеу, ұлттық өнерді дәріптеу мәдениет қызметкерлері арқылы жүзеге асып келеді. Бұл бағытта атқарылып жатқан әрбір игі іс адам баласының жан-дүниесін байытып, сезіміне шуақ сыйлап қана қоймайды, санасын серпілтіп, ізгілікке бастайды.
Мәдениет – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы, елдің ең басты рухани байлығы, асыл мұрасы. Бүгінде Еуразияның ең бай да бірегей мәдениетінің қатарына қазақ мәдениетінің де кіргендігі – біз үшін үлкен мақтаныш. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт алдымен тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Қай халықтың өнері биік болса, сол халықтың рухы да жоғары болатынын өркениетті елдердің үрдісінен аңғарамыз. Мәңгілік еліміздің өлшемі болатын тілімізді, дінімізді, салт-сана мен дәстүрімізді ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, халықтың рухани дүниесін жаңғыртып-байытуға, мәдениеті мен әдебиетін тануға өлшеусіз қызмет ететіндер – мәдениет қызметкерлері.
Осынау жауапкершілігі мол салада қала мәдениетін өркендетуге, тұрғындардың рухани кемелденуіне Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінің қызметкерлері де өз үлестерін қосып келеді. Қаланың барлық мәдени іс-шараларын атқарумен қатар, жастардың шығармашылығын шыңдау үшін мәдениет үйінде 17 үйірме жұмыс істейді. Онда білікті мәдениет ұстаздары, өнер майталмандары тәрбие беріп, жастардың сахнаға шығып, өнер көрсетуіне, көптеген байқауларға қатысып, жүлделі оралуына еңбек етуде.
Қала мәдениетін айтқанда, өнер майталмандарынан құралған халықтық ұжымдарды атап өтпеуге болмайды. «Асыл аналар» халықтық әжелер ансамблі, «Красная гвоздика» халықтық соғыс және еңбек ардагерлерінің хоры, «Мерей» халықтық вокалды тобы, «Қарахан» халықтық аспаптар ансамблі, «Маричка» халықтық ансамбльдері қала мәдениетімен біте қайнасқан ұжымдар, олар қалада өткізілетін барлық мәдени-іс шараларға белсене қатысады.
Ұлттық сананың кемелденуі жолында мәдениет саласының мамандарының қосатын үлесі орасан. Мұның барлығы – өнер адамдарының еселі еңбегі, жүйелі жұмысы. Өмір айнасы өнер болған соң, ол жарыққа шықпай тұра алмайды. Олай дейтініміз, мәдени шаралардың өзі – өмірдің бір бөлшегі және ұрпаққа берер тәрбие.

Лесхан Алпысбай,
Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің директоры

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.