Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ербол Қарашөкеев Түркі мемлекеттері ұйымының ауыл шаруашылығы министрлерімен облыстың инвестициялық әлеуетін талқылады

0 438

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев «KazАgroZhambyl-2024» халықаралық ауыл шаруашылығы форум-көрмесі аясында Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) ауыл шаруашылығы министрлерімен кездесті.

Облыс әкімі Түркі мемлекеттері Ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиевпен кездесуде өңірде ауыл шаруашылығы негізгі салалардың бірі екенін жеткізіп, бүгінгі таңда мұнда мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ аймақ басшысы қазір өңірде тамшылатып және жаңбырлатып суару жүйелерін дамытуға айрықша көңіл бөлінгенін, ауыл шаруашылығы саласында жер асты суларын пайдалану мүмкіндіктері зерттелетінін айтты.

Кездесу барысында ынтымақтастық мүмкіндіктер аясында бірлескен жобаларды іске асыру мақсатында өңірге инвестиция тарту мәселелері талқыланды.

Ербол Қарашөкеев Әзірбайжан елінің ауыл шаруашылығы министрі Меджнун Мамедовпен кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласында су үнемдеу технологияларын пайдалануда тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Облыс әкімі Жамбыл облысы мен Әзірбайжан елінің арасындағы қарым-қатынас бұрыннан қалыптасқанын атап өтті. Айталық, өткен жылы біздің аймақ пен Әзірбайжан елінің арасындағы тауар айналымы үш миллион АҚШ долларын құрады.

Ал Өзбекстан елінің ауыл шаруашылығы министрі Иброхим Абдурахмоновпен кездесуде түрлі бағыттарда ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Өткен жылы Жамбыл облысы мен Өзбекстан елінің арасындағы тауар айналымы 22 миллион АҚШ долларын құрады.

Өз кезегінде Иброхим Абдурахмонов аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевке жылы қабылдағаны және Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді талқылау мақсатында ауқымды іс-шараның ұтымды ұйымдастырылғанын атап өтті.

Ербол Қарашөкеев Түркия елінің ауыл және орман шаруашылығы вице-министрі Гизлигидер Эбубекирмен кездесуде Жамбыл облысының агроөнеркәсіптік кешен саласындағы зор әлеуетін атап өтті.
Г.Эбубекирдің сөзінше, Түркия стратегиялық тұрғыда ең маңызды серіктестердің бірі ретінде Қазақстанмен экономикалық байланыстарға үлкен мән береді, сондықтан олар өзара көмек көрсетудің барлық мүмкіндіктерін қарастыруға дайын.

– Біз Жамбыл облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мен заманауи аграрлық технологияларды енгізуде зор әлеуетке ие екенін көріп отырмыз. Сол себепті, осы өңірдегі инвесторларымыздың санын арттыру мәселесін қарастырамыз, – деді Г.Эбубекир.

Ербол Қарашөкеев басшысы Жамбыл облысы түрік инвесторларымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін және әр түрлі салаларда, әсіресе ауыл шаруашылығында ынтымақтастыққа қашанда дайын екенін жеткізді.

– Өткен жылы Жамбыл облысы мен Түркия елінің тауар айналымы 18,8 миллион АҚШ долларын құрады. Бұл – өзара тиімді шарттарда бірлескен жобаларды одан әрі дамытуға және оны жүйелі іске асыруға мүдделі екенімізді білдіреді, – деді облыс әкімі.

Мәртебелі мейманға шынайы алғысын білдірген Ербол Қарашөкеев екі елдің бұл саладағы тәжірибесі мен білімін, күш-қуатын біріктіре отырып, нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынын атап өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.