Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қайрат Рысқұлбеков саябағына 700 түп тал егілді

0 554
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қағиданы берік ұстанған қазақ үшін ағаш отырғызу – маңызды істердің бірі. Сондықтан көктем келіп, күн қыза бастағаннан-ақ аулалардың маңайын тазалап, ағаштардың түбін әктеп, күтім жасаған. Осылайша, Наурыз мерекесіне ерекше даярланған. Сол арқылы өскелең ұрпақтың санасына табиғатты аялау, Жер-ананы қастерлеу сынды асыл құндылықтарды сіңірген.
Осындай айрықша игі іс Таразда да көрініс тапты. 19 наурыз – Жаңару күніне орай ұйымдастырылған «Жасыл желек – жердің көркі» атты акция аясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев, Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен қала тұрғындары Қ.Рысқұлбеков саябағына 700-ге жуық тал көшетін отырғызды.
Жалпы биыл қаланы көгалдандыруға көп көңіл бөлінбек. Айталық, ағымдағы жылы Таразда 40 мың тал егіледі. Оның ішінде «Жеңіс», Қ.Рысқұлбеков саябақтары, Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйі саябағы, әуежай сквері, Арбат 1, Теміржол бекеті, Саңырақ батыр скверлеріне наурыз-мамыр айларында 4 100 дана жабық тамырлы 1-ші санаттағы әртүрлі ағаш отырғызылады.
Сонымен қатар №15 «Ұлы дала» ықшамауданындағы саябаққа 3500, «Тектұрмас» кешенінің аумағына 1 000 және «Жасыл белдеу» жобасы шеңберінде шаһардың шеткі алқаптарына 20 000 түп көшет отырғызылады.
Бұдан бөлек биыл қала аумағында 12 мың шаршы метр гүлзарға гүл егу көзделуде. Абай, Төле би, Ниетқалиев, Сейфуллин көшелері мен үлкен көшелердің қиылыстары және Жамбыл даңғылы 15 мың тал әсем раушан гүлімен көмкеріледі. Жалпы ағымдағы жылы облыс орталығында 1 миллионға жуық гүл егіледі деп күтілуде.
Осы жасыл желектерді күтіп-баптау мақсатында 22 дана суқұйғыш арнайы автокөлік жұмылдырылып, қала ішінде 40 су ұңғымасына қосымша 15 жаңа су ұңғымасы орнатылады.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.