Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Қытайдағыдай атып тастаса да, обал емес» – Үкімет әкімдердің өтірік есебіне тойды

0 782

Статистикаға жүгінсек, елімізде қағанағы қарық, сағанағы сарық емес жан жоқ. Жайлауымыз малға, дастарханымыз ас-көкке толы. Жаңа Қазақстанның үкіметі «әй, осы рас па өзі?» деп қағаз жүзіндегі молшылыққа күмәнмен қарамасқа лажы қалмағандай.

Өйткені, әкімдер «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман орнады» деп ақпар беріп жатқанмен, базардағы нарық басқаша сөйлейді. Ауыл шаруашылық өнімдерінің дені шетелден келіп жатыр. Ал сарапшылардың еңірегенде етегі жасқа толады.

Соңғы деректерге қарағанда, әкімдердің өтірігі үкіметті де шаршатып жіберген секілді. Осыған орай, Ауыл шаруашылығы министрлігі нақты ахуалды анықтау үшін біршама шара қолға алып жатыр. Бақылап тексеретін комиссия құрды, өтірікшілерді жазалауға да пәрмен берді.

Министр
Фото: tengrinews.kz

Аз кем шегініс жасасақ, таяуда Ауыл шаруашылық министрі Айдарбек Сапаров талдау жүргізіп, бірқатар жүйелі проблемаларды анықтағанын айтты. Соның бірі – статистикалық мәліметтерді бұрмалау. Министр биылдан бастап тоқтатуға уәде берді. Жыл аяғына дейін өсімдік шаруашылығын, содан кейін мал шаруашылығын орнына келтіріп, есепті түземек.

– Біз оны қазір азайтамыз. Мысалы, картопты, бидайды атап өттік. Неше түрлі қосымша көрсеткіштер болған. Соны азайту үшін тыйым қоямыз. Бәленбай жылдан бері жалғасып келе жатқан жұмыс. Биылдан бастап тоқтатып, жауапкершілікке тартамыз. Бұлай ары қарай жұмыс жүргізуге болмайды, – деген еді ол.

Жалған ақпарат берушілер қандай жазаға тартылмақ? Оның тетіктері қандай болмақ? Бұл туралы NEGE Ауыл шаруашылығы министрлігіне сұрау салды.

«Талдау қорытындылары бойынша мал басының өсуі немесе Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру ақпараттық жүйесінің деректерімен айырмашылықтар тіркелсе, онда министрлік сол ауылдық елді мекендердегі үй шаруашылықтарын іріктеп, бақылау-тексеру жұмыстарын жүргізеді. Бұл мақсатта арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар өңірлерге шығып, аралайды. Ауытқулар анықталса, тиісті басшыларға тәртіптік сипаттағы шаралар қолданылады», – деп жауап берді министрлік.

Үкіметтің бұл бастамасын сарапшылар қос қолдап қолдап отыр. Өйткені, статистиканың экономикадағы маңызы өте зор.

экономист
Фото: ғаламтордан

– Бұл өте дұрыс нәрсе. Статистика дұрысталмай, экономика дұрысталмайды. Бұл тек ауыл шаруашылығына ғана қатысты емес. Басқа салаларға да қатысты. Мал басын, басқа да өнімдерді санау оңай емес. Он жылда бір рет ауыл шаруашылығында санақ өткізу туралы бізде заңдық негіздеме бар. Ол да өтпей тұр. Сондықтан осындай шаралар жасалмай экономикада ештеңе дұрысталмайды, – дейді экономист Атамұрат Шәменов.

Оның пікірінше, кезінде Қазақстанда миллиард пұт астық жинау меже болды. Қазір 20 миллион тонна, қолайлы жылдары 25 миллион тоннаға дейін астық жинадық деген ақпар айтылады.

– Ал арифметикаға жүгінсек, эскпортқа шығатыны – 8 миллион тоннаға жуық. Қалғаны қайда? Қазақстандықтардың тұтынуы 2 миллион тоннадан аспайды. Бәрі өтірік. Статистиканы Статистика агенттігі жасайды. Бірақ аудандық деңгейде әкімдіктер өз бақылауында ұстайды. 

Мәселен, статистика бойынша бір ауданда 1000 бас жылқы болды дейік. Келесі жылы 1003 бас жылқы болды деп ақпар береді. Олай болуы мүлде мүмкін емес. «Көрсеткішіміз төмендеп кетпесін» деп әкімдер араласады. Ауылдық статистикаға келсек, ешқайсысы малдың санына қарап отырған жоқ. Іріктеп тексеру жүргізеді. Мың үйдің елу шақтысынан сұрайды да, орта есеппен шығара салады, – дейді экономист.

Ендігі басты шаруа – осал жеріміз бен артықшылығымызды нақты бағамдап алу. Айталық, Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Агро-өнеркәсіптік кешен жөніндегі статистикалық деректерді шынайы, нақты өмірге сәйкестендіруге тапсырма берді. Қазіргі уақытта министрлік осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді.

Вице-премьер
Фото: ғаламтордан

«Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 27 желтоқсандағы № 465 бұйрығымен облыс әкімдіктері мен Министрліктің аумақтық инспекциялары өкілдерінің қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Осыған ұқсас жұмыс топтары барлық облыстарда да құрылған», – дейді министрліктің баспасөз қызметі.

Жалпы, облыс әкімдіктеріне 2024 жылдың 30 маусымына дейін ауыл шаруашылығы жануарлары мен құс басы бойынша мәліметтерді «нөлден» бастап толық өзектендіру тапсырылып отыр. Оған Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру деректер базасының мәліметтері де қоса кірмек. Десе де, бұл жолы жергілікті атқарушы органдарға қатысты тәртіптік сипаттағы шаралар қолданбай, кешірім етілмек.

Сондай-ақ, Ұлттық статистика бюросы жүргізген жұмыстардың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығының 2022, 2023 жылдардағы ресми статистикалық ақпарат қайта қаралмақ.

– Біздің статистикамыз шар секілді үрленіп барады. Мұны үкімет айтып отырса, шардың жарылғаны. Бұл – өтірік әрі қарай жүрмейді деген сөз. Өтірік статистикада алынып жатқан орден, медальдар бар. Ең сорақысы, ол статистикада халықтың ақшасы жатыр. «Осыны жасап жатырмыз» деп мемлекеттен субсидия алады. Бюджеттен қаржыландыратын басқа да нәрселер бар. Сондықтан өтірік жазып, халықтан түскен ақшаны ұрлап жатыр. Сондықтан, Қытайдағыдай атып тастаса да, обал емес, – дейді Атамұрат Шәменов.

nege.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.