Қалалық қоғамдық-саяси газет

Биылға жоспарланған 70 автобустың 24-і ел игілігіне берілді

0 434
Тараз қаласында қоғамдық көліктердің санын арттыру – күн тәртібінде тұрған маңызды мәселелердің бірі. Қаланы дамытудың үш жылдық жоспарында да бұған баса мән берілген.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев аймақ тізгінін қолға алған сәттен бастап бұл мәселеге айрықша назар аударып, тиісті тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған сәйкес көне шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Соның жарқын дәлелі – бүгін 24 автобус пайдалануға берілді. Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, автобус кілттерін салтанатты түрде табыстады.
«СапарТранс-2012» және «Smart City Servise» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері тарапынан жеткізілген қоғамдық көліктердің 10-ы «Дамрус» ЖШС қызмет көрсеткен №40 бағыттағы ескірген автобустарды алмастырса, 12-сі бұрын тоқтап қалған №41 маршрутты қайта қалпына келтіреді. Ал қалған 2 бірлігі серіктестік қызмет көрсететін маршруттар үшін (8, 9, 56, 41 бағыттар) резерв ретінде қолданылады.
Жеткізілген автобустардың ұзындығы 9 метр, жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды.
2023 жылы Таразға жалпы саны 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, биыл 70 қоғамдық көлік ел игілігіне беріледі деп көзделуде. Бұдан бөлек, 5 маршрут ашу, 75 аялдама орнату жұмыстары да жоспарлануда.
Жалпы, қазіргі таңда Тараз қаласында жолаушылар көлігі тасымалын жандандыру, жетілдіру және тұрғындарды қоғамдық көлікпен толық қамтамасыз ету мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Соған сәйкес, 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату орнату, кемінде 200 бірлік автобус сатып алу және жаңа 15 жолаушылар бағытын ашу міндеті тұр.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.