Қалалық қоғамдық-саяси газет

Гүл жайнаған нәзік жандар

0 531

 

Ана – тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Тарихтың қай кезеңінде болсын, батыр, дана аналар асқан ерлігі мен өнегелі істерінің арқасында бірлік, тұрақтылық, кемеңгерлік сынды қастерлі құндылықтарды қалыптастыра білген.
Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы да – әйел-аналар қауымы. Сондықтан аналарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады.
Бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеткен нәзікжандылардың төл мерекесін бүгінде барша адам баласы асыға күтеді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнін әулиеаталықтар да биыл ерекше қарсы алды. Оның жарқын дәлелі – Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде ұйымдастырылған «Гүл жайнаған нәзік жандар» мерекелік концерті.
Шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып, ақжарма тілегін жеткізді.
– Қай кезде де әрбір халық үшін әйел жанының жылулығы мен сұлулығы, мейірімділігі мен кеңдігі әлемге рух беріп келеді. Біздің ата-бабаларымыз әйелдің тек үйдегі ғана емес, жаратылыстағы маңыздылығын «Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербейді» деп бір ауыз сөзбен жеткізген. Ең қасиетті ұғымдар – Отан, Ана тілі, Туған жерді ананың мейірімі мен қамқорлығына балады.
Қазір де, Сіздер, әсемдік әлемінің үлгісіндей сұлу да сымбатты қалыптарыңызды сақтай отырып, шаңырақтың шырайын келтірер Отанасы – аяулы ана, адал жар, үлгілі қызметкер миссияларын қатар алып жүрсіздер. Киелі Әулиеата өңірінің қыз-келіншектері де барлық саланы: кәсіпкерлік пен саясат, білім мен денсаулық, ғылым мен өнерді еркін меңгеріп, бізді жетістіктерімен қуантуда, – деген шаһар басшысы көпшілікпен бірге мерекелік кештің куәсі болды.
Концерт барысында Берік Жорабеков, Асхат Жанқожа, Байжан Абеков, Ақтөре Асқар, Заман Бегімбетовтер әсем әндерін әуелетіп, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.