Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тотыдай түрленген Тараз

Көне шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған даму картасындағы межелер қаншалықты орындалуда?

0 260

Бүгінде Тараз қаласы тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына түсті. Шаһар көлемінде жанданып жатқан жобалар барлық салаға серпін беріп, көкжиегін кеңейтуде. Өткен жылдың өлшемінде толайым тірлік атқарылғанына тұрғындар куә. Әлеуметтің әлеуеті артып, бұқара мен билік арасында берік байланыс орнай түсті. Ал 2023-2025 жылдарға арналған қаланың даму картасы жаңа белестер мен тың бастамаларға жол ашты. Бүгінде оған жемісін берген жұмыстар мен жүйесін тапқан жобалар дәлел.

Өндіріс өрістеп, кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейеді

Әлеуметтің әлеуеті арту үшін өндіріс өркендеуі қажет. Былтырғы жылы өнеркәсіп көлемінің жоспары 453,6 млрд теңге болса, нақты орындалғаны 462,7 млрд теңге болып отыр. Бұл көрсеткішке «Қазфосфат» ЖШС, «Тараз металлургиялық зауыты», «Имсталькон» және «Запчасть» АҚ сынды ірі кәсіпорындардың есебінен қол жеткізілген. Ал ағымдағы жылы өнеркәсіп көлемін 483,0 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.
Бұдан бөлек, «Тараз» индустриалды аймағында 2024-2026 жылдары жеке инвесторлар тарапынан құны 82,1 млрд теңгені құрайтын 9 жоба жүзеге асырылмақ. Олар – «Нур Хим 2021» ЖШС,«Аскар-Тау НC», «Jeti bulag», «Eco Energy Plant», «Taraz Gelatin», «Эко РБК», «Kaz Pro Temir» серіктестіктері мен «Мамешова Айгуль Бекеновна» жеке кәсіпкерлігі қолға алып отырған жобалар. Аталған баянды бастамалар өнеркәсіп көлемін өрістетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашпақ. Осылайша жобалардың жұмыссыздық мәселесіне де тигізер пайдасы орасан болғалы тұр.

Инвестиция игілігін ел көреді

Асыраушы салаға келсек, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін 2023 жылы 14,4 млрд теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты орындалғаны – 16,3 млрд теңге. Биыл бұл межені 17,4 млрд теңгеге жеткізу көзделуде. Бұл белесті бағындыру үшін жыл соңына дейін құны 3,1 млрд теңге болатын 12 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, «Asatu» ЖШС, «Шах», «Көкжиек-2030», «Tholosa» серіктестіктері мен «Шалқаров», «КТО Тараз», «Зербұлақ», «Алтын бұлақ», «Ақылбекова», «Қасымов», «Бектенбаев», «Абдикеров» жеке кәсіпкерлердің жобалары өндіріс саласына тың серпін береді деп күтілуде.
Былтыр негізгі капиталға салынған инвестиция көлемінің жоспары 162,1 млрд теңге болса, 164,6 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Бұл көрсеткішті 2024 жылдың қорытындысымен 242,9 млрд теңгеге дейін арттыру жоспарлануда.

2024 жылғы көрсеткішті орындау мақсатында арнайы алгоритм әзірленген. Бұл мақсатта ірі жаңа инвестициялық жобалар іске қосылып, «Тараз» индустриалды аймағының ауқымы тағы ұлғая түседі.
Бөлшек сауда тауар айналымын 2023 жылы 323,1 млрд теңгеге жеткізу межеленсе, есепті кезеңде бұл көрсеткіш 362,1 млрд теңгені құраған. Ал ағымдағы жылы 328,9 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр.
Құрылыс жұмыстарының көлемін 2023 жылы 72,8 млрд теңгеге жеткізу жоспарланса, нақты орындалғаны 74,1 млрд теңгені құраған. Енді 2024 жылдың жоспары 80,1 млрд теңге болып бекітілуде.

Баспана бақытына кенелгендер көбейді

2023 жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйдің жалпы ауданы 355 мың шаршы метр болып бекітілсе, орындалғаны 358,4 мың шаршы метрді құраған. 2024 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткішті 372,7 мың шаршы метрге дейін арттыру көзделуде.
Тұрғын үй құрылысы саласына тереңірек бойлайтын болсақ, даму картасында 2023 жылы бюджет есебінен 25 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу межеленген. Даму картасы аясында өткен жылы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы 12 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пәтер кілттері иелеріне табыс етілді. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үй 2024 жылға өтпелі болды.
Жағымды жаңалықтың бірі – ағымдағы жылы Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы №15 ықшамауданнан 34 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға беріледі.
«Автобекет» маңындағы №14 ықшамауданнан 22 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Сондай-ақ А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 30 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Қазіргі таңда жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынғаннан кейін бюджеттік өтінім беріледі.
Құрылыс саласына инвестиция тартуға да басымдық берілуде. Мәселен, мердігерлердің жеке қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланса, өткен жылы 7 көпқабатты тұрғын үйде қоныстой тойланды. Ал қалған 11 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Жаңа мектептер мен спорт алаңшалары салынады

Білім саласында да былтыр жеткен жетістік толайым. Атап айтсақ, 2023 жылы жалпы құны 13,2 млрд теңгені құрайтын 8 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланса, бүгінгі таңға Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы №15 ықшамаудандағы 1 200 орындық мектептің және №6 орта мектептің спорт залына жапсарлас ғимараттың құрылысы аяқталған. Қалған 6 мектептің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бұдан бөлек, №15 орта мектепте 300 орындық жапсарлас ғимараттың құрылысына 1,0 млрд теңге қаржы бөлінсе, қалған 1,6 млрд теңге келесі бюджетті нақтылауда қарастырылмақ.
Сонымен қатар өткен жылы 7 мектеп, 1 бөбекжай-бақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге 2,1 млрд теңге бөлініп, толықтай игерілген.
Спорт саласы да қала әкімінің назарынан тыс қалмауда. 2023 жылы даму картасында жоспарланған «Құмшағал» тұрғын алқабындағы спорт кешені елге есігін айқара ашса, бұл жобаға қалалық бюджеттен 485 млн теңге бөлінген. Сондай-ақ 130 млн теңгеге 5 спорт алаңшасы салынып, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде.
Биылға жоспарланған жоба да аз емес. Мәселен, ағымдағы жылы №15 ықшамауданынан спорт кешенін салуға жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленсе, бұдан бөлек, 225 млн теңгеге 9 спорт алаңшасын салу жоспарлануда. Олар «Самал», «Химик», «Бәйтерек», «Қайнар», «Қаратау», «Жиделі», «Бурыл», «Қарасу», «Ақбұлақ» шағынаудандары мен тұрғын алқаптарында бой көтереді.

Жұмыспен қамтылғандар саны артты

Жұмыспен қамту саласында да жүйесін тапқан жұмыс көп. Мәселен, 2023 жылы жеке, бюджеттік, инвестициялық және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың аясында 10 596 адамды жұмыспен қамту көзделсе, іс жүзінде 15 204 адам тартылған. Оның 6 320-сы уақытша жұмыс орындарына және 8 884-і тұрақты жұмыс орындарына орналасқан. Ал биыл 14 372 адам екі қолға бір күрек табады деп күтілуде.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков мәдениет саласында да ауқымды жобалардың бойына жан үрледі. Атап айтсақ, Ықылас Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Енді биыл «Көне қамал» кешенінің үшінші кезеңі іске асырылады.
Былтыр Тараз дүниежүзілік қолөнершілер қалаларының тізіміне еніп, туризмнің де түтіні тік ұша бастағаны ақиқат. Бүгінгі таңда қалада 76 қолөнерші 8 бағыт бойынша жұмыс істеп жатса, алдағы кезеңде осы саланы дамыту мақсатында Қолөнер орталығын ашу жоспарлануда.

Инфрақұрылым игілігін әр жан сезінеді

Инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысына келетін болсақ, «Хамукат» тұрғын алқабын электр, газ желісімен қамтамасыз ету бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Бүгінгі таңда ауызсумен қамтамасыз ету нысаны бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
№15 ықшамауданында кварталішілік инженерлік желілерді салу және магистральдық желілерді кеңейту бойынша да жүйелі жұмыстар қолға алынып, қазір газбен жабдықтау, кәріз, су желілерінің құрылысы толығымен аяқталып отыр.
«Бурыл А,Б,В» тұрғын алқабына 33,7 шақырымды құрайтын 75 көшеге асфальт жол төсеу қарастырылған. Өткен жылы 13 көше асфальтталды. Қалған 62 көшені биыл аяқтау жоспарлануда. Ал «Барысхан» тұрғын алқабы бойынша жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайтын 24 көшеге асфальт жабынын төсеу көзделген. Өткен жылы қоғамдық көлік жүретін Құрманбетов көшесіне жол жабыны төселіп, халықтың алғысын алды.

Отыз жыл жөндеу көрмеген жолдар жөнделді

Қала әкімі Бақытжан Әмірбекұлы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында да бұқарамен етене жақын жұмыс істеуде. Оған дәлел, «Барысхан» алқабы тұрғындарымен кездесу барысында Құрманбетов көшесіне асфальт жолын кеңейту мәселесі көтерілген. Бұқараның өтініші назардан тыс қалмай, жолдың жабыны 6 метрден 8 метрге ұзартылып, жаяу жүргіншілер жолы жүргізіліп, бордюрлар қойылды. Мұндай жұмыстар ағымдағы жылы өзге көшелерде де жүргізіледі.
Даму картасында 2023 жылы ұзындығы 69,9 шақырымды құрайтын 116 көшені орташа жөндеуден өткізу межеленген болатын. Өткен жылы 3,6 млрд теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше орташа жөндеуден өтті.
Бұдан бөлек, 2 көшені қайта жаңғыртудан өткізуге 1 млрд 354,0 млн теңге қарастырылып, Саңырық батыр көшесі толық аяқталды.

Ал Шостакович көшесі бойынша Әл-Фараби көшесінен бастап Саңырық батыр көшесіне дейін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілген.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қазіргі таңда қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 61,6 пайыздан 65 пайызға дейін артып отыр.
Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. 2024 жылы 78,1 шақырымды құрайтын 110 көшені орташа жөндеу белгіленген. Сонымен қатар 4,8 млрд теңгеге Қолбасшы Қойгелді, Рысбек батыр және А.Асқаров көшелері қайта жаңғыртудан өтеді.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы жергілікті бюджеттен 320,0 млн теңге бөлініп, жол белгілерін орнату, бағдаршамдарды күтіп ұстау, авариялық жағдайларды қалпына келтіру жұмыстары да жүйелі жүргізілген. Ал 2024 жылы бұл бағытқа тағы 420,0 млн теңге қаралғаны қуанарлық жағдай.

Қала көшелері самаладай жарқырауда

Жыл өткен сайын қала көшелері самаладай жарқырауда. 2023 жылғы жоспарға сәйкес, 500 млн теңгеге 68 көшедегі темірбетонды бағаналарға түнгі жарық шамдарын орнатылған. Одан бөлек, үнемделген қаражат есебінен қосымша 15 көшеге түнгі жарық шамдары қойылып, жалпы 83 көше жарықтандырылған. Енді биыл 76 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарлануда.
2023 жылы Тараз қаласы аумағында 26 ауланы абаттандыру межеленген. Ол үшін бюджеттен 625,0 млн теңге бөлініп, аулаларды абаттандыру жұмыстары қазір толығымен аяқталып отыр. 2024 жылы 500,0 млн теңгеге 25 ауланы абаттандыру бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізіледі.
2023 жылы даму картасына сәйкес, 43 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеуден өткізу жоспарланғанымен, республикалық қазынадан қолдау таппаған еді. Алайда биыл 5,4 млрд теңгеге 53 көппәтерлі тұрғын үйді жөндеуден өткізуге республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр.

Жасыл-желек жайқалып тұр

Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес, «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2023 жылы 12 гектар жерге 15 мың тал көшетін отырғызу көзделген болатын. Аталған жұмыс аясында 20 гектар жерге 20 мың жас өскін отырғызылып, жоспар артығымен орындалып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да өз жалғасын таппақ.
Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Алайда қазір шаһардағы арық жүйелерінің тозығы жеткенін көз көріп отыр. Осыған орай, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынып, жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделуде. Өткен жылы осы мақсатқа қала бюджетінен 1,0 млрд теңге қаралып, ықшамаудандардағы 33 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілген.

Қоғамдық көліктер жаңарып, жаңа аялдамалар қойылуда

Қаладағы ең өзекті мәселенің бірі болып отырған қоғамдық көліктерді жаңарту бойынша да бағдарын тапқан тірлік көп. Мәселен, автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықты 70 автобустан алу жоспарланған.
Нәтижесінде, 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, қала аумағына 36 дана аялдама орнату үшін қалалық бюджеттен 95,2 млн теңге қаралып, толығымен игерілді.
Әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 3,5 млрд теңге қаржы бөлінсе, 2024 жылы 2,0 млрд теңге қаржы қаралып отыр. Алдағы уақытта өтетін бюджетті нақтылау барысында қосымша қаржы қажеттілікке сәйкес қарастырылмақ.
Тағы бір жағымды жаңалық, 75 аялдама орнату, тасымалдаушы мекемелер есебінен 70 бірлік жаңа автобус алу, 5 жаңа маршруттық бағыт ашу жұмыстары биылғы жылға межеленіп отыр.

Қала аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артады

Тараз қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алу кезегінде бүгінгі күні 120 150 азамат тіркелген. Кезекте тұрған азаматтарды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564,6 гектар болатын 3 алқапты мемлекет мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, А.Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектар, «Хамукат» алқабындағы 126 гектар және «Қарасай» алқабындағы 126,6 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару үшін 19 шаруа қожалығына қатысты қала әкімінің қаулысы шыққан. Осы қаулы негізінде А.Асқаров көшесінің соңындағы көлемі 19,8 гектар 9 жер учаскесі, «Қарасай» алқабындағы 19,6 гектар 4 жер учаскесі, «Хамукат» алқабындағы 9,9 гектар 3 жеке және көлемі 80,1 гектарды құрайтын 1 мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесін мемлекетке қайтару жұмыстары мықтап қолға алынған.
Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа бас жоспар әзірленіп, бекітілді. Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектарды құраса, жаңа бас жоспарда аумағы 30 542 гектарға ұлғайатын болады.
Қала аумағы кеңейгеннен кейін тұрғындар саны да артатыны – қалыпты құбылыс. Бүгінгі күні қаланың халық саны 431 мыңға жуықтаса, жаңа бас жоспарға сай шаһар маңындағы Жамбыл және Байзақ аудандарынан 46 500 адам тұратын аумағы 11 755 гектарды құрайтын 14 елді мекеннің қосылуы көзделіп отыр. Бұл жағдайда қаланың халық саны 477 мыңнан асады.
Ал Заңда «Облыс орталығындағы қала халқының саны 400 мыңнан асқан кезде қаладан аудандар құрылады» деп көрсетілген. Осыған орай шаһардан 2 әкімшілік аудан құру жоспарланған. Әр ауданда 200 мыңнан аса халық болмақ. Ал 2040 жылға қарай қала халқының саны 512,0 мың адамды құрайды деп болжануда.
Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз ететіні анық. Сондықтан бұл бастама қос қолдап қолдауға тұрарлық.

Теміржол үсті өткелінен өтетін күн алыс емес

Тараз қаласындағы Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу кезек күттірмейтін мәселенің бірі болатын. Осыған орай, мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 млрд теңгеге өтінім ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы темір жол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу жобасы бойынша мемлекеттік сараптама қорытындысы ағымдағы жылдың сәуір айында алынып, республикалық бюджетке өтінім берілген.

P.S.
Міне, осылайша өткен жылдың өлшемінде толайым тірліктер атқарылып отыр. Сондай-ақ алға қойған мақсатты міндеттер де аз емес. Енді тек осы бағытта күш біріктіріп, жұмыла жұмыс істеген абзал.
Қаланың көркейіп, көкжиегінің кеңеюі жолында қала тұрғындарының да қосар үлесі орасан. Сондықтан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлігіміз бен біртұтастығы- мызды көрсететін кез келді. Сонда ғана алда тұрған ауқымды жұмыс- тарды жүйелеп, баянды бастамалардың бағдарын таптыра аламыз. Ал одан сүйікті қаламыз қанатын кеңге жайып, ажары ашыла түсетіні анық.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.