Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жоба табысты жүзеге асырылуда

0 465

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен қала прокуроры Нұржан Боранбаевтың қатысуымен «Тараз – қауіпсіз қала» жобасы аясында атқарылған жұмыстар туралы кеңес өтті.

Әуелі сөз алған Тараз қаласы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры Дидар Әділ жоба шеңберінде уәкілетті орган тарапынан жүргізілген зерделеу нәтижесін баяндады.
Келесі кезекте Тараз қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Мергенбай Қойкенов құқық бұзушылықтың алдын алу, оның ішінде жастар арасындағы құқық бұзушылық бойынша қолға алынған ілкімді істерге кеңінен тоқталды.
– Бүгінгі күнде қала аумағында 14-35 жас аралығындағы тұлғалар жасаған 2 322 қылмыс анықталып, өткен жылмен салыстырғанда 17,8 пайызға төмендеді. Сондай-ақ қала бойынша қоғамдық жерлерде жасалған қылмыстар саны да 19,5 пайызға азайды. Соның ішінде көшелерде жасалған қылмыстар қала бойынша 12 пайызға кеміген.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, бөтеннің мүлкін ұрлауға тосқауыл қою, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмыспен күресті күшейтуде ауқымды және тиімді жұмыс жүйесін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, масаң күйде, топтасып, кәмелетке толмаған жасөспірімдер жасаған қылмыс саны бұрынғымен салыстырғанда айтарлықтай азайды, – деді Мергенбай Бірлікұлы өз сөзінде.
Бұдан бөлек, түнгі мезгілде қылмысты болдырмау мақсатында қала бойынша арнайы 18 ойын-сауық мекемесінің тізімі жасалып, ол жерлерге қосымша полиция кешенді күштері қойылған. «Ұлттық Ұлан» әскери сарбаздары да аптасына үш күн қала аумағында патрульдеу жұмыстарын жүргізеді екен. Отбасылық жанжалдарға байланысты «Қалқан» атты жасақ құрылып, шақыртулармен айналысады. Бұл түнгі ауысымда жүрген экипаждардың жұмысында басқа шақыртуларға бөлуге уақыт беріп, сонда полиция қызметкерлерімен тәулікте түскен барлық шақыртулар өз уақытында, жедел түрде қаралады.
Ал қала әкімдігі ішкі саясат бөлім-інің басшысы Гүлназ Сматилдаеваның айтуынша, Жастар ресурстық орталығының 2023 жылға арналған жылдық жоспарына сәйкес жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, 48 іс-шара ұйымдастырылып, оған 2 500-ге жуық жас қамтылған. Сонымен қатар «Жасөспірімдер мен жастар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу» тақырыбында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қаражат бөлінген.
Нәтижесінде, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, бекітілген жоспарға сәйкес, 24 іс-шара ұйымдастырылып, 1 600-ге жуық жас тартылыпты.
Бұдан кейін Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі жә-не автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекзат Болатбеков жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған шараларды тілге тиек етті.
– 2023 жылы автобустарда көптеп орын алатын қалта ұрлығынан сақтану және алдын алу бойынша бірнеше мәрте қалта ұрлығы үшін істі болған азаматтардың суреті бейнеленген ақпараттық қағаздар дайындалып, барлық қалалық қоғамдық бағыттағы авто- бустарға ілінді. Ақпараттық қағаздар ағымдағы жылы қалта ұрлығы үшін істі болған азаматтардың тізіміне өзгеріс енгізуімен байланысты қайта жаңартылды. Сонымен қатар Тараз қаласы аумағындағы қалта ұрлығы көп орын алатын маршруттарға бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары да қолға алынды, – деген Бекзат Мейірбекұлы биыл 250 дана жол белгісі, 200 метр жасанды кедергі орнату, жол таңбалау, бағдаршам нысандарын күтіп ұстау және Тәуке хан, Төле би даңғылындағы 16 көше қиылысында бағдаршам нысандарын ауыстыру жоспарланып отырғанын жеткізді.
Жастарды еңбекпен қамту және бас бостандығынан айыру орындарынан шыққан азаматтарды оңалту, әлеуметтік қолдау бағытында тындырылған тірліктер де көңіл қуантады. Бұл жөнінде баяндаған «Еңбек мобильдігі» орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Тараз қаласы бойынша «Мансап орталық» филиалының директоры Сәбит Мүсіреповтің мәліметіне сүйенсек, сотталғандар бойынша 4 рет қалалық комиссия отырысы, 5 рет бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандар және пробация қызметінің есебіндегілерде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өткізілген. Сондай-ақ Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі түзеу мекемесінен босатылғандарға бір реттік жәрдемақы төленген. Айталық, бүгінгі күнге бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған 161 адамға 51 750 теңгеден бір реттік жәрдемақы берілген.
Жиынды қорытындылаған қала әкімі бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де күшейту керектігін баса айтты.
– Жоба аясында атқарылған жұ- мыстар өз нәтижесін беріп отыр. Алайда әлі де түйіні тарқамай тұрған түйткілдер жетерлік. Әсіресе жол-көлік оқиғалары, «D1» категориялы қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығы, түнгі көңіл көтеру ойындарындағы құқық бұзушылықтар өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан бұларға жол бермес үшін құқық қорғау, прокуратура органдарымен бірлесіп, тиісті шараларды күшейтуіміз қажет, – деген шаһар басшысы сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.