Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қазақ баспасөзінің беделін биіктеткен күн

0 337

Биылдан бастап 2 ақпан – Ұлттық басылым күні ретінде аталып өтеді. Таңдаудың дәл бұл күнге түсуі тегін емес. Өйткені осы 2 ақпан күні Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш зиялылары шығарған «Қазақ» газетінің алғашқы саны оқырманға жол тартты.

Бұл – халқымыздың жалпыұлттық тұңғыш басылымы. Әр парағы тарихпен пара-пар газет Алаш баспасөзінің бастауы, ұлт жаршысы бола білді. Кезінде қалың қазақ елінің айнасы, шамшырағы болған, білім мен өнерді, мәдениетті насихаттап, жұртшылыққа таныстырған «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың арқасында оқырмандарымен қайта қауышты. «Айқап», «Дала уәлаяты» газеті, «Түркістан уәлаяты» газеті, «Қазақстан» газетінің беттерінде жарияланған мақалалар мен хат-хабарлардың библиографиясында «Қазақ» газеті Орынборда 1913 жылы 2 ақпаннан бастап шыға бастағаны, таралы-мы – 3 000, кейбір мағлұматтарда 8 000-ға жеткені туралы дерек бар. Редакто- ры – Ахмет Байтұрсынов, бастырушы – «Азамат» серіктестігі, Құсайынов-Кәрімов баспаханасы.
Тұңғыш ұлттық басылым шыққан күнді құрметтейтін ізгі дәстүр өзімізбен тамыры бір әзірбайжан, қырғыз, қалмақ, саха, удмурт халықтарында бар. Әзірбайжандар 22 шілдеде Ұлттық баспасөз күнін атап өтеді. 1875 жылы 22 шілдеде әзірбайжан интеллигенциясының көрнекті ағартушысы Ғасан бек Зардаби «Экинчи» газетінің тұңғыш санын шығарған. Осы күні Әзірбайжанда ұлттық баспасөздің негізі қаланды. Әзірбайжандар ана тілінде жарыққа шыққан газеттің туған күнін 149 жыл бойы құрметпен атап өтіп келеді. Ал Қырғызстанда «7 қараша – Ақпарат және баспасөз күні» деген ресми мереке бар. 1924 жылы 7 қарашада «Эркин Тоо» ұлттық басылымының бірінші саны жарыққа шыққан. 1991 жылдан бері ол «Кызыл Туусу» деп аталды. Тұңғыш қырғыз тілінде шыққан «Эркин Тоо» газеті елдегі сауатсыздықты жоюға, ағартушылық жұмыс жүргізуге, Қырғызстан журналистикасы мен әдебиетін дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Қазіргі кезде Қырғызстанда 7 қараша – барлық БАҚ, полиграфия, кітап саудасы, радио мен теледидар қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Өйткені бұл күн 1993 жылғы 1 қарашадағы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілген.
Ресейдегі қалмақ, якут, удмурт халықтары да ана тілінде тұңғыш басылым шыққан күнге зор құрмет көрсетеді. Қалмақтар 106 жыл бұрын жарыққа шыққан қалмақ тіліндегі «Өөрдин зәңг» – «Ойратские известия» газетінің туған күнін Қалмақ баспасөзінің күні деп белгіледі. Қалмақ Үкіметі жыл сайын бұл айрықша датаны салтанатты түрде атап өтеді. 1907 жылы 12 шілдеде якут тіліндегі «Саха дойдута» («Якутский край») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Саха Республикасының басшысы Айсен Николаев 2020 жылы бұл күнді Ұлттық баспасөз күні деп белгіледі. Сондықтан бұл күннің атаулы мерекеге айналуы қазақ баспасөзінің беделін биіктетіп, абыройын асыратыны сөзсіз.

«JT-ақпарат»

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.