Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тұрғындар тілегі назардан тыс қалмайды

Облыс әкімі «Ұлы дала» ықшамауданын жылумен қамту жұмыстарын тексерді

0 436

Биылғы қыс «Ұлы дала» ықшам- ауданының тұрғындарын біраз әбігерге салды. Оған себеп – бірқатар тұрғын үйде жылу температурасының төмендеуі. Осыған байланысты тұрғындар тарапынан шағым көбейген. Соған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков Тараз қаласындағы №15 «Ұлы дала» ықшамауданына арнайы барды.

Аймақ басшысы ықшамаудандағы бірқатар (№47, 104, 1024, 1025, 1129) көпқабатты үйлерді аралап, беріліп жатқан жылу деңгейі мен жертөлелердегі сорғы қондырғыларын тексеріп, тұрғындармен кездесті.
Тұрғындар бірқатар коммуналдық мәселелерді көтеріп, жылудың тұрақты берілуіне қатысты өтініштерін жеткізді.
Тараз қаласының басшылығы жекелеген көпқабатты тұрғын үйлердің жылу желілерінде туындаған ақауларға байланысты қажетті шаралар қабылданғанын айтты.
Сондай-ақ облыс әкімі мұндағы жылу жүйесіне арналған қосалқы сорғы станциясының құрылыс жұмыстарымен танысты.
Ербол Шырақпайұлы нысанды 10 күн ішінде іске қосу үшін жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Бұл өз кезегінде ықшамаудандағы тұрғын үйлерді қажетті жылумен тұрақты қамтуға, жылу ағымын реттеуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, ық- шамаудандағы жылу жүйелерінің ауқымын ұлғайту жоспарлануда.
– «Ұлы дала» ықшамауданында жылытуға қатысты мәселелер жиі көтеріледі. Бұл мәселені кешенді түрде шешу керек. Ол үшін жұмыс- тардың жүйелі жүргізілуі маңызды. Қала басшылығы тұрғындардың өтініштеріне дер кезінде көңіл бөліп, нәтижелі шаралар қабылдап отыруы тиіс. Жалпы мұндай жағдай қазіргі таңда бірнеше үйде кездесуде. Енді осы түйткілдің түйінін тарқату үшін ықшамауданда сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде. Мердігері – «Строй Монтаж Group» ЖШС. Құрылыс жұмыстары осы айдың соңына таман аяқталып, ақпан айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сорғы станциясы іске қосылған соң, бұл мәселені түбегейлі шешеміз деген ойдамын, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ аймақ басшысы «Ұлы дала» ықшамауданындағы жолдардың сапасы сын көтермейтініне назар аударды. Қала әкіміне ықшамаудандағы инфрақұрылымның ұлғайтылуына байланысты қазу жұмыстары жүрмейтін көшелердің барлығын биыл асфальттаудан өткізу бойынша нақты міндеттер жүктеді. Бұл бойынша бір аптада нақты жоспар жобасын құрып, баяндауды тапсырды.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Тараз қаласында жол жөндеу жұмыстары бойынша 33 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Соған сәйкес, 109 көше мен бұрылыс жөндеуден өтіп, жолдар салынады. Оның ішінде «Ұлы дала» ықшамауданында 10 жаңа жолдың құрылысы көзделген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.