Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қалаулысы ел ішінде

0 163

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келді. Әуелі сенатор Тараздағы ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығына ат басын бұрды.

Аталған орталық заман талаптарына сай диагностикалық және емдік аппараттар мен жабдықтармен қамтамасыз етілген. Онда өз ісінің білгір мамандары жұмыс істеп, халыққа жоғары медициналық көмек көрсетіледі.

Кездесу барысында медицина мамандарымен тілдесіп, олардың тарапынан көтерілген мәселелер мен сұрақтарға жауап берген сенатор  бүгінде денсаулық, білім саларына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлініп жатқанын айрықша айтып өтті. Сондай-ақ орталықтың медициналық-техникалық базасымен танысты.

Жиында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова салада атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ғылыми клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы қызметкерлеріне облыс тұрғындарының денсаулығын жақсарту бағытында атқарып жатқан жұмыстарға алғысын білдірді.

Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы «Таразэнергоорталық» АҚ ТЭО-4 қазандығына барды.  Қазандық Тараз қаласының 80 пайызын жылумен қамтамасыз етеді. Оның  990-ы көпқабатты тұрғын үйлер, 170-і бюджеттік мекемелер, 1182-і басқа нысандар. Қазандықтың жай-күйімен жіті танысқан сенатор шаһарды толығымен жылумен қамтамасыз етудің маңызын кеңінен тоқталды.

– Бүгінде Тараз қаласының аумағы кеңейіп келеді. Бірқатар ықшамаудандар бой көтеруде. Бұл өз кезегінде жылу қазандықтарының қысымына әсер етеді. Сондықтан тұрғындардың қыстыгүні жылумен қамтамасыз етілуіне атқарушы билік басты назарда ұстағаны жөн, – деді сенатор.

Келесі кезекте Сенат депутаты «Казарма» алқабында құрылысы жүргізіліп жатқан мектепке аялдады. Қазіргі таңда аталған алқапта «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС-нің мердігерлігімен 180 орынды білім ордасы бой көтеруде.  Құрылыс барысымен танысқан сенатор жұмыстарды сапалы әрі уақытында аяқтау қажеттігін баса айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.