Елімізде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға ерекше екпін түсірілуде. Нәтижесінде, жол, ауызсу, жарықтандыру мәселелері кезең-кезеңімен шешілуде. Бір кездері тозуға айналған коммуналдық жүйелер мен нысандар бүгінде қайта жаңғыртудан өтіп, тұрғындарға қалтқысыз қызмет етіп тұр. Мұның барлығы жүйелі жұмыстардың нәтижесі екені айқын. Тараз қаласында да аталған салада шешімін күткен мәселелер жоқ емес. Алайда қазіргі таңда бұл жұмыстар бірте-бірте еңсеріліп келеді. Түйткілдің барлығы жан-жақты сараланып, түйінін тиімді тарқату бағытында жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Бұл бағыттағы қыруар тірлікке жауапты қала әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің өткен жылда атқарған істері аз емес.
Ауызсу мәселесі әрқашан өзекті
Жұртшылық үшін аса маңызды ауызсумен қамту жайы жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе төңірегіндегі жұмыстар мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асып жатыр. Халық денсаулығының мықты болуы таза суға байланысты. Жұртшылықтың да талап-тіле-гі – ауызсудың сапалы әрі қолжетімді болуы. Осы жайттар мемлекет тарапынан ескеріліп, ел қазынасынан қаражат бөлінуде. Бұл бағытта өткен жылы облыс орталығының тұрғындарын орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында бірнеше жоба қолға алынған еді. Осылайша Тараз қаласының №11 округіне қарасты «Құмшағал», «Казарма», «Шөлдала» және «28 саяжай» алқаптарында ауызсу желісінің құрылысы жүргізілген.
Сондай-ақ көшелердегі су құбырларының апаттық жағдайына байланысты және тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, жергілікті бюджеттен қарастырылған 178 600,0 мың теңгеге 8 көшенің су құбырлары жаңартылған. Нәтижесінде, Айнакөл көшесі, Ш.Уәлиханов көшесінің 3-4 бұрылыстары, Жанқоразов көшесінің 2-3 бұрылыстары, Сорокин көшесінің 1-бұрылысы, сонымен қатар Оқым-Қортыс, Ы.Алтынсарин, Мәскеу, Алексеев көшелерінің тұрғындары тіршілік нәріне кедергісіз қол жеткізетін болды. Жоғарыда аталған көшелерден үнемделген 86 250,0 мың теңге қаражаттан қосымша Нахимов, Попов, А.Асқаров, Беделбаев және Смаилов көшелеріндегі құбырлар желісіне жөндеу жұмыстары жүзеге асқан.
Жылу желілерін жаңарту – жауапты жұмыс
Елімізде белгіленген ережеге сәйкес, даладағы орташа ауа температурасы 5 күн қатарынан +8+10°С-тан төмен болған жағдайда жылыту маусымын бастауға болады. Алайда өткен жылы шаһар тұрғындарының талап-тілегі ескеріліп әрі түнгі мезгілдегі ауа райының салқындауына орай, Тараз қаласы әкімінің 2023 жылдың 4 қазанындағы №84-ө «2023-2024 жылдардағы жылыту маусымының басталуы туралы» өкімімен жылыту маусымын ертерек бастауға шешім қабылданған болатын. Синоптиктердің болжамын бақылап отыратын коммуналдық сала мамандары мұндай жағдайдың туындауы мүмкін екенін ескеріп, жауапты маусымға дайындықты ерте бастаған еді.
Бұл мақсатта Жамбыл облысындағы жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне техникалық тексеру шаралары қолға алынған болатын. Кешенді жұмыстар аясында «Солнечный» алқабындағы 1,1 шақырым және «Таразтрансэнерго» МКК қызмет көрсететін 68,4 шақырым жылу желісіне техникалық тексеру жүргізілген. Нәтижесінде, «Таразтрансэнерго» МКК қызмет көрсететін 68,4 шақырым жылу желісі 68,5 пайызға, ал «Солнечный» алқабындағы 1,1 шақырым жылу желісі 30 пайызға тозғаны белгілі болған.
Тексеру барысында анықталған кемшіліктерді жою үшін Тараз қаласының коммуналдық меншігіндегі жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша атқарылатын жұмыстардың 2023-2025 жылдарға арналған 3 жылдық жол картасы әзірленіп, 2 магистральдық және 9 кварталішілік желілерге жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Жоспарға сәйкес, жалпы ұзындығы 6 138 метр болатын М-1 магистральдық жылу желісін қайта жаңғыртудан өткізу үшін құжаттамаларын дайындау және мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, мердігері анықталып үлгерген. 9,5 айда аяқтау көзде-ліп, отырған нысанның құрылыс-монтаждау жұмыс-тары жылыту маусымы аяқталған соң басталмақ. Сондай-ақ 1,4 шақырым М-3 магистральдық жылу желісін жаңғырту үшін жобалық-сметалық құжаттамалар жасалып, құрылысты биыл бастау жоспарланып отыр. Ал тозығы жеткен «Мыңбұлақ» (9), «Самал» (7), «Алатау» (8), «Жансая» (11) шағындаудандарының және ТК-128, ТК-209, ТК-512, ТК-507, ТК-4149 кварталішілік жылу желілерін жөндеуден өткізу мақсатында сараптамаға жіберу жұмыстары жүріп жатыр.
Қыстың алғашқы айындағы екі күн бойы тоқтаусыз жауған ақ ұлпа қар мен сарышұнақ аяз оңайға соқпады. Әсіресе ауа температурасының күрт төмендеуі тараздықтарды біраз әбігерге салған еді. Табиғаттың тосын мінез танытуы салдарынан №15 «Ұлы дала» ықшамауданындағы бірқатар тұрғын үйге жылу толық бармай, тұрғындардан шағым түскен болатын. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін аталған ықшамауданда сорғы станциясын салу туралы шешім қабылданған-тын. Бұл станцияның тұрғындардың қолайлы тұрмыс кешуі үшін аса маңызды. «Строй Монтаж Group» ЖШС мердігерлігі жүргізіп жатқан сорғы станциясының құрылысы басында қазір жиырмаға жуық адам еңбек етуде. Қазір «Ұлы дала» ықшамауданында 33 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқанын ескерсек, үйлер пайдалануға берілген уақытта сорғы станциясы тұрғындарды жылумен қамтуға үлкен септігін тигізеді. Бүгінгі таңда жұмыстың 95 пайызы аяқталған. Нысан осы айдың аяғына дейін пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Бұдан бөлек, биыл 9 магистральдық және кварталішілік Балуан Шолақ, Байзақ батыр, Желтоқсан, Сағындықов көшелері бойындағы Газовый қазандығынан тарайтын магистральдық және ішкікварталдық, «Аса» (ТК-857,858), «Талас» (ТК-310 сол жағы, ТК-312 сол жағы, ТК-313) шағынаудандарының, ТК-121А, ТК-110, ТК-221, ТК-506 кварталішілік жылу желілері, С.Сейфуллин көшесі бойындағы ТК-308-ден ТК-313-ке дейін М-3, М-6 магистральдық жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеуге қаржы қарастыру үшін қала әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне бюджеттік өтінім берілген. Қаражат бөлінген жағдайда жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілмек.
Жол жөндеу жоспармен жүргізіледі
Тараз қаласындағы шешімін күткен күрделі мәселелердің бірі – көше жолдарының жайы. Жүргіншілер жауын-шашынды күндері, көктем мен күз мезгілінде лай-батпаққа батып, әбден әуре-сарсаңға түссе, жаз айларында сапасы сын көтермейтін жолдан шығатын шаңнан құдды бір тұманның арасында жүргендей күй кешеді. Қаланың шалғай аумақтары тұрғындарының жанайқайына айналған осынау көшелерді жөндеу мәселесі айналасында айтылған әңгіме де аз болмады. Ал бүгінде көпшіліктің қабырғасына аяздай батқан осы бір түйткілдің түйіні біртіндеп шешіле бастаған сыңайлы. Себебі шұғыл түрде жөндеуді талап етіп келген көшелердің жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсарып қалған.
Бүгінгі таңда қалада 878 көше, 3 даңғыл, 465 бұрылыс, 50 тұйық, 49 өткел бар. Оның ішінде асфальтталған көшелер саны – 838, ал шағал төселген жолдар – 607. Жолдардың жалпы ұзындығы 1 888,5 шақырымды құрайды.
Жол жабыны төселмеген көшелердің санын азайту мақсатында өткен жылы ұзындығы 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше, бұрылыс, тұйық пен өткелді, сонымен қатар 6,9 шақырым жаяу жүргіншілер жолын жөндеу үшін 45 жоба қолға алынған болатын. Бүгінгі күнде 45 нысанның 43-і аяқталып, 139 көшенің жолы тақтайдай тегіс болды. Қалған 2 нысандағы құрылыс биыл аяқталмақ.
Бұдан бөлек, ұзындығы 5,6 шақырым болатын 2 көшені қайта жаңғырту жұмыстары басталған еді. Нәтижесінде, мердігер «Арайстроймаркет 2003» ЖШС Саңырық батыр көшесі бойынша 2023 жылға жоспарлаған жұмыстарын аяқтады. Шостакович көшесі бойынша мердігер «UNISERV» ЖШС Әл-Фараби көшесінен бастап Саңырық батыр көшесі-не дейін құрылыс-монтаж жұмыстарын тәмамдады.
«Нұрлы Жол-7» ЖШС 29 904,0 шаршы метр жолды ағымды жөндеуден өткізіп, үнемделген қаражат есебінен мердігер «RusStroy» ЖШС қосымша 4 622,0 шаршы метр, «НұрАбдрахман жолдары» ЖШС 5 800,0 шаршы метр жолды жөндеу жұмыстарын жүргізген.
Жолдың жайын айтқанда, облыс орталығының аумағындағы көпірлерді айтпай кетуге болмайды. Өйткені ағымдағы жылы Абай даңғылы бойында 2 көпір құрылысын бастау жоспарланып отырғанын шаһар тұрғындары түгелдей дерлік біледі. Соның бірі – қаланың теміржол бөліп жатқан екі бөлігін жалғайтын көпір жобаласының қажетті құжаттары дайын болып, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Ал №14 мөлтекауданға қарай өтетін көпір мен «Тараз қаласынан Алматыға қарай шығатын Талас өзені арқылы өтетін 2 көпірді қайта жаңғырту» нысаны бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалу үстінде.
Қоғамдық көлік қызметі көңіл көншіте ме?
Көпшілігіміз қоғамдық көлікке күніне кем дегенде бір рет мінеміз. Күнделікті жұмысқа қатынайтындардың жөні мүлдем бөлек. Олар маршруттардың тұрақты тұтынушысына айналған. Елдің бәрінде бірдей жеке көлік жоқ. Сондықтан қоғамдық көліктің қызметін пайдалануға тура келеді. Осы себепті де жолаушылар діттеген жеріне жайлы әрі қауіпсіз баруды қалайды. Ол үшін тасымалдаушы компаниялар көрсететін қызметтің сапасы жоғары болуы парыз.
Бұл ретте тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі қоғамдық көліктің жұмысына тұрақты бақылау жасап келеді. Мәселен, өткен жылы бөлім тарапынан рейстерді толық орындамаған, арнайы үлгідегі киім үлгілерін сақтамаған, тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүру кестелерін, жылдамдық режимін сақтамаған, жылжымалы құрамды жаңалауға және кешкі рейстерді толық орындамаған тасымалдаушыларға 90 ескерту хаты берілген. Сондай-ақ «Орталық диспетчерлік қызмет» серіктестігіне қарасты бақылау-тексеру қызметінің және бөлім мамандарымен бірлескен рейдтерде жүргізушілер мен жолаушыларға жалпы 3 680 акт толтырылған.
Қала аумағының кеңеюі, жаңа алқаптардың пайда болуы жолаушы тасымалының ауқымын ұлғайтуды қажет етіп отыр. Аталған мәселені шешуде қолданыста бар бағыттарды ұзарту және жаңа бағыттар ашу аса маңызды. Бұл жұмыстарды жүзеге асыруда қала әкімдігі тасымалдаушы компанияларға тұрғындардың тілегін ескеруді басты талап етіп қойған. Осыған сәйкес өткен жылы бірқатар қалаішілік маршруттарға өзгерістер енгізілген болатын. Мысалға, өткен жылдың 1 мамырынан бастап «Smart City Servise» ЖШС қызмет көрсетіп отырған №9 маршрут бағыты көптеген тұрғындар сұранысына байланысты «Арай» алқабына дейін, 1 маусымнан бастап «Шаңырақ» алқабына дейін созылды.
Сонымен қатар жолаушы бағыттарын ашу аясында «Саяхат-99» ЖШС №20 бағытқа, «ТаразТрансМоторс» ЖШС №10 бағытқа, «Smart City Servise» ЖШС №56 бағытқа қызмет көрсетуді бастады. Ал «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС 17 қыркүйектен бастап тоқтап қалған №17 маршрутты 4 кестемен қайта іске қосты.
Жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру үшін Тараз қаласында автобус паркін жаңарту жұмыстары да жүйелі жолға қойылып отыр. Осыған орай автобустарды алмастыру мақсатында бүгінде №60 және №38 маршруттардағы ескірген және сыйымдылығы төмен автобустар «Автобусный парк-2020» ЖШС тарапынан жаңа автобустарға алмастырылды. «ӘулиеатаТрансПасс» серіктестігі жеткізген жаңа автобустар мекеме қызмет көрсететін ескі автобустарды ішінара ауыстырған. Қазіргі уақытта қала аумағында үлкен сыйымдылықты 108 автобус, 2022-2023 жылы жеткізілген орта сыйымдылықты 13 жаңа автобус қатынауда. Бұл қазіргі бағыттарда қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 34 пайызын құрайды.
Бұдан бөлек, автопарктердегі жылжымалы құрамдарды жаңарту мақсатымен 73 бірлік жаңа автобус әкелінген. Атап айтқанда, «Автобус паркі-2020» – 40, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС – 23, «Smart City Servise» ЖШС 10 бірлік жаңа жолаушылар көлігін жеткізіп отыр.
Жолаушыларға жайлы жағдай жасау тек автобустарды жаңартумен бітпейтіні белгілі. Ол үшін қоғамдық көлікті күтетін аялдамаларды да жаңартып отыру қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар да назардан тыс қалмай, былтыр қала аумағына 36 дана аялдама қою үшін қала бюджетінен 95,2 млн теңге қаржы қаралған болатын. Мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде «RusStroy» ЖШС – 21, «Строительная компания NSN» ЖШС 15 аялдама орнатты. Сонымен қатар «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС «Шөлдала» алқабы аумағына – 2, «Көктем» алқабы, Әбішев көшесіне – 2, Киікбаев көшесі- не – 1, «Тектұрмас» алқабына 1 дана бұрын қолданыста болған аялдамалар орнатылды.
Сондай-ақ «Автомобиль көлігі туралы» ҚР Заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2023 жылғы 1 наурыздан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградтал- ған көпбалалы аналардың, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға тегін жол жүруге, ал 15 жастан 18 жасқа дейінгі адамдардың жол жүру билетінің толық құнының елу пайызын төлей отырып, жол жүруге қолжетімділік қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде, сәуір және желтоқсан айларында жалпы 390 138 жолаушы тегін тасымалданған. Жалпы 9 ай көлемінде тегін тасымалданған жолаушыларға 33 161,7 мың теңге жұмсалған.
Жарық көше жүргіншіге жайлы
Қала әкімдігінің әлеуметтік желілерінде, облыс орталығының тіршілігі мен тұрмысына қатысты басқа да түрлі жиындарда тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін тақырыптың бірі – жарықтандыру мәселесі. Көшелердің бойына орнатылған жарықтандыру шамдары ауызсу, газ, жол және байланыс салалары секілді шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі болып есептеледі. Жарық жүйесі тіптен іңір қараңғылығы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады.
Осыны ескере отырып, өткен жылы Тараз қаласындағы 68 көшеге түнгі жарық шамдарын орналастыруға 500,0 млн теңге қарастырылған. Қысқартылған жұмыстар есебінен қосымша 15 көшеге түнгі жарық шамдары жүргізілді. Нәтижесінде, бас-аяғы 83 көше жарықтандырылған. Бұдан бөлек, «Самал» (7) мөлтекауданына кіреберіс жолдары мен аулаларына түнгі жарық шамдар орнатылған. Ы.Сүлейменов көшесі соңындағы жеке тұрғын үйлерге, Қ.Сәтбаев көшесіндегі 25 көпқабатты тұрғын үйге электр энергиясы тартылған. Қазіргі уақытта осы көшедегі 18 көппәтерлі үйге жарық жүргізу жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделуде.
Аталған шаралар шеңберінде облыс орталығындағы 76 көшедегі бағаналарды күрделі жөндеу, ағаш бағаналарды темірбетон бағанаға ауыстыру және түнгі жарық шамдарын орналастыру үшін құжаттамаларын дайындау жұмыстары қолға алынып жатыр. Сонымен қатар «Ақбұлақ» (1), «Қаратау» (2), «Жайлау» (3), «Салтанат» (4), «Қарасу» (5), «Талас» (6), «Мыңбұлақ» (9), «Аса» (10), «Жансая» (11) шағынаудандары мен «Қарасу» алқабына кіреберіс жолдары мен аулаларға түнгі жарық шамын орналастыру жоспарланып отыр.
Аулаларды абаттандыру айрықша маңызға ие
Көне шаһар жыл өткен сайын көркейіп, жаңарып келеді. Бұған мысал ретінде өңірлерде бой көтерген көптеген нысандарды айтуға болады. Қалада туризмді дамыту мақсатында қолға алынған жоспарлы жұмыстар да баршылық. Соның бір тармағы ретінде аулаларды абаттандыруға бағытталған ілкімді істерді айтсақ та жеткілікті.
Әрине, абаттанған аулалар өңірдің көркіне сән қосып қана қоймай, тұрғындарға жайлылық сыйлайды. Осы мақсатта Тараз қаласының әкімдігі мамандарымен зерделеу жүргізу барысында қала аумағында абаттандыруды және балалар ойын алаңын салуды қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің аулалары мен жеке тұрғын үй секторларының тізімі жасалған. Аталған тізімге қала тұрғындарының өтініш-тілектері де сырт қалмай қосылып отырған.
Осылайша 2023 жылы қала аумағында 26 ауланы абаттандыру жоспарланған болатын. Ол үшін бюджеттен 675 млн теңге қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, 26 аула бойынша «Проект и К» ЖШС жеңімпаз болып анықталды. Мердігер серіктестікпен келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізіліп, барлық 26 аула бойынша абаттандыру жұмыстары толықтай аяқталған. Ал биылға жоспарланған 75 ауланы абаттандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалуда.
Сонымен қатар өткен жылы қала әкімдігінің спорт және дене шынықтыру бөлімінің ұсынысы негізінде 4 кіші футбол алаңшасын орнату бойынша бюджеттен қаржы бөлініп, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС «Ұлы дала» (15) шағынауданы №33, 34 үйлердің алды, Менделеев көшесінің 3-ші бұрылысы, Ниетқалиев көшесі 7 үй маңы және Қапал көшесінің 4-ші бұрылысында аталған спорт алаңдарын салып берген.
Кеңейген қала көркеюі де қажет
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылы Тараз қаласының халқы қосылған аумақтармен бірге шамамен 450 мың адамды құраған. 2010-2021 жылдар аралығында шаһар тұрғындарының саны 24 мың адамға өскен. Жалпы қала аумағын дамыту мақсатында Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты 14 елді мекен және 2 саяжайды облыс орталығына қосу жоспарлануда. Олардың қатарында Байзақ ауданына қарасты Қызыл жұлдыз, Талас стансасы, Талас ауылдары, Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық, Танты, Қоңыртөбе стансасы мен Шайқорық, Ақбұлым, Кемел, Түрксіб, Пригородное, Жалпақтөбе, Қызылшарық, Бектөбе ауылдары бар. Бас жоспарға сәйкес, Байзақ және Жамбыл аудандары есебінен қала аумағын 11 755 гектарға ұлғайту жоспарланса, нәтижесінде жалпы 30 542 гектарды құрамақ.
Жоғарыда айтқанымыздай, мұндағы мақсат – қаланы кеңейтіп қана қоймай, көркейту де болмақ. Осыған орай, қолданыстағы қоғамдық жасыл аумақтарды сақтап, жаңадан жобаланған тұрғын аудандарды, мәдениет үйлерін, саябақтарды, желілік бульварларды, каналдар мен жағалауларды абаттандыру көзделуде. Өнеркәсіптік кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарының аумағында орман белдеулерін қайта құру және жаңадан отырғызу жұмыстары жүргізіліп, солтүстік-батыс индустриялық аймақтың санитарлық-қорғау аймағын қала төңірегіндегі орман қорғау белдеулерімен біріктіру арқылы ұлғайтылмақ. Талас өзенінің бойында демалыс аймақтары, қалалық жағажайлар салынып, шаһар аумағындағы 7 арнаның жағалауларына демалыс орындары бар жаяу жүргіншілер мен сауықтыру жолдары орналастырылады. Жалпы жасыл алқаптармен қамтамасыз ету шамамен 4,5 гектарды құрайды деп күтілуде.
Қорыта айтқанда, көне шаһар тұрғындарының тұрмысын жайлы ету, өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында атқарылған бұл жұмыстар ауқымды жобаның бір парасы ғана. Өткен жылы қаланы дамытудың 3 жылдық кешенді жоспары қабьылданғанын ескерсек, аталған бағыттағы кезегін күткен жүйелі жоспарлар алдағы уақытта да жалғасын табатынына сенім кәміл.
Еркін САЙЫН