Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық қалауы – әділет

0 1  265

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында ағынан жарылып, көкейдегі көп түйткілді сейілткені шын қуантады. Кең ауқымды әңгімеде елдегі барлық саланың жай-күйі қамтылып, батыл да әділ баға берілген.

Отыз жыл бойы бойымызға үрей мен ертеңімізге сенімсіздік бойлатқан батпан дерттің аты аталып, оны емдеудің жолдары да айқындалған. Осылай өткен оспадар кезеңде өмір сүрген біздің бұл «аурудан» жазылуымыз – орындалуы қиын арман күйінде қалар ма екен деп ойламаған күніміз кем еді. Сол жылдар салған жараға толы жанымыз талай әділетсіздік көріп, нақақ кінәланып, қапалы күй кешкеніміз әмбеге аян. Өткенге – салауат. Енді еңселі ертеңімізге сенеміз.
«Егемендегі» маңызды сұхбатты оқи отырып, Мемлекет басшысы еліміздің ішкі де, сыртқы да ахуалын біліктілікпен, елшілдікпен, мемлекетшілдікпен әлемдік ой-жүйе деңгейінде сараптағаны айқын аңғарылады. Оған қоса, өткенге өкпе артпайтын, алға көбірек алаңдайтын нағыз азамат, бауырмал тұлға екені әрбір ой оралымдарынан айна-қатесіз көрініп тұр. Саяси нәзік мәселелерге келгенде Президенттің дипломатиялық сарабдалдығы айқын аңғарылады. Халық айтса, қалт айтпайды. «Батпандап кірген ауру мысқалдап шығады» деген.
Еліміздің алдында әлі де көптеген жөнге келтірер, қайта қарар ұлан-асыр істер бар. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұларды да жақсы білетіні хақ. Елімізде талай жыл қалыптасқан күрделі, немқұрайлы әдет қандарына сіңіп қалған қайсыбір шенеуніктер өңін өзгерте қойғанмен, өзегіне сіңген ескі сүрлеуден арыла қоюы қиын. Бұл мәселені шешудің тетігін Президент әділеттілік пен жауапкершілікке тірепті. Білікті жастарымыздың шетелде білім алып, жат жұртта қалуға деген ниеттері де сол – ескіден көңіл қалғандықтан, ертеңдеріне күдік ұя салғандықтан.
Елде сатылмағаны қалмаған, «тартып алынып», ханталапайланып, талан-таражға түскен есіл ризық көп. Жымысқылығын асырған жүзден астам суық қолдылар ғана жарып, бар байлыққа ие болып қалғандардың жақындары мен жарамсақтары халық игілігі үшін тышқақ лағын да соятындардан еместігін бәріміз де білеміз. Ел байлығын еліне қайтарар естіліктен мүлдем адаларға нендей сөз өтеді, оларды қандай заң күші тәубеге келтіреді? Ойлай берсең, ой да көп, уайым да жетерлік. Сот жүйесінде, прокуратурада жең ұшынан жалғасу, сыбайластық, құқықтық кодекстердегі бір бап пен екінші баптың бір-біріне керағарлығы сияқты бұрынғы былықтың ықпалы әлі де бар. Қайсыбіреулер әлі де әділетті Қазақстанның бағдарын түсінгісі келмей, қырық кессе де кесірткелік қауқары барлығын, «тұяқ серперін» танытып отыр. Отыз емес-ау, жетпіс жыл меңдеген дертті емдейтін кезеңде тұрмыз.
Ордалы ойлар мен ұлағатты мақсаттар ортаға тасталған орнықты сұхбатқа көңілім толып, масаттана қанағаттанған менің санамда осындай ойлар ұялады. Қусаң жетпейтін, күтіп тұрмайтын, ұлы мәртебелі уақыт деген ұлы өлшем бар. Сондықтан бүгінгі басшымызға ертеңге әдеттен асып, сүйекке жетіп қалған ескі дерттен жазылып, сауығып жетуімізге мүмкіндік беруді халықтың өзі сұрап отыр. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген. Бұл – жай сөзден гөрі қағидаға лайықты ұстаным. Халқымыз «әділет!» деп оянды, енді соны жүзеге асыруға қоғам болып жұмылайық!

Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
Қазақстанның Халық әртісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.