Қалалық қоғамдық-саяси газет

2024 жылы тойланатын атаулы күндер мен мерейтойлар

0 1  218

2024 жылы ел тарихында аттары алтын әріппен жазылар түлғалар дүниеге келген даталар мен айтулы оқиғалар орын алған күндер көп.

Мұхамеджан Тынышбаевтың туғанына – 145 жыл

Мұхамеджан Тынышбаев 1879 жылы 12 мамырда бұрынғы Жетісу облысы Лепсі уезі, Мақаншы-Садыр болысындағы Жыланды тауының баурайында дүниеге келген. Теміржолшы, ағартушы-ғалым, Алашорда қозғалысын құрушылардың бірі екені баршамызға мәлім. Ол өзінің студенттік уақытында сол уақыттағы билікті аяусыз сынап мақалалар жазған. Сонымен қоса патша билiгiне оппозициядағы орыстың түрлi партияларына, түрiкшiл және мұсылмандық қозғалыстарға да қатысады. Оның осы кезде жазылған атақты «Қырғыздар және азаттық қозғалыс» деген баяндама-мақаласы империя жандармериясының соңына тыңшы қоюына әкелді.

Жүсіпбек Аймауытұлының туғанына – 135 жыл

Жүсіпбек Аймауытов қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист, қазақ әдебиетін қалыптастырушылардың бірі. Туып өскен жері Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты бұрынғы «Қызыл ту», қазіргі Жүсіпбек Аймауытов ауылы. Ол жастайынан арабша хат тану, оқу үйренген. Ол Семейде Абай журналын шығаруға қатысты. Кеңестік қуғын сүргін кезінде ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген күтікпен атылған.

Сәкен Сейфуллиннің туғанына – 130 жыл

Қазақтың атақты ақыны, жазушы, драматург, Қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. Сәкен Сейфуллин Қарағанды облысында дүниеге келген. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

Ілияс Жансүгіровтың туғанына – 130 жыл

Ілияс Жансүгіров ақын, драмашы, прозашы, оның поэзиясы ұлттық әдебиеттің классикалық байлығының қатарына жатады, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі. 1894 жылы Алматы облысының Ақсу ауданында дүниеге келген. Ташкенттегі екі жылдық мұғалімдік курсты бітіріп, өз ауылында мұғалім болған. Одан кейін аз уақыт «Тілші» газетінде істеп, Верныйдағы Қазақ ағарту институтының меңгерушілігіне тағайындалды. Мәскеудегі Коммунистік журналистика институтын бітірген, соң «Еңбекші қазақ» газетінде қызмет атқарды. 1932-1934 жылдары – Қазақстан Жазушылар одағы ұйымдастыру комиссиясының төрағасы. 1933-1936 жылдары Қазақ КСР Орталық атқару комитетінің мүшесі болды. 1938 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болды.

Тұңғыш академик Қаныш Сәтпаевтың туғанына – 125 жыл

Қаныш Сәтбаев – геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Қаныш Имантайұлы 1899 жылы 12 сәуірде Семей губерниясының Павлодар уезінде Ақкелін болысының №4 ауылында туған.

Мектеп бітірген соң тау-кен факультетінің геологиялық-барлау бөлімшесіне студент болып қабылданған. Оқу орнында инженерлік-ғылыми көзқарасы қалыптасып, 1926 жылы Сәтбаев диплом жұмысын үздік қорғап шыққан. Осылайша ол республикадағы бірінші инженер-геолог атағына ие болды. Ол 1964 жылы 31 қаңтарда Мәскеуде қайтыс болды. Алматы қаласында жерленді.

Суретші Әбілхан Қастеевтің туғанына – 120 жыл

Әбілхан Қастеев –кескіндемеші,график, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі. Ол Алматы облысына қарасты Жаркент қаласының жанындағы Шежін ауылында туған. Николай Хлудовтың көркемсурет студиясында оқып , білімін Мәскеу қаласында Крупская атындағы көркемсурет студиясында жалғастырған. 1942 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, 1944 жылы Қазақстанның халық суретшісі болды.

Режиссер Шәкен Аймановтың туғанына – 110 жыл

Шәкен Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысы Баянауыл ауданы Айманбұлақ ауылында туған. Алғаш театрда істеген алғашқы жылдары шағын эпизодтық рөлдерде ойнады. Шәкен Айманов ғұмырында 14 фильм түсіріп, 20-дан астам кейіпкердің рөлін сомдаған. Өзі соңғы рет түсірген «Атаманның ақыры» атты фильм көрермен қауымның жылы лебізіне ие болды. 1953-1970 жылдары аралығында Шәкен Айманов ұлттық киностудияның тұрақты жетекшісі және өзі ашқан Қазақстан кинематографистер одағының басшысы болды. Шәкен Айманов 1970 жылы 23 желтоқсанда Мәскеу қаласында 56 жасында көлік қағып қайтыс болды.

Қазақтың батыр қызы Әлия Молдағұлованың туғанына – 100 жыл

Әлия Молдағұлова 1925 жылдың 15 маусымында Ақтөбе облысы Қобда ауданы Бұлақ ауылында дүниеге келген. Ол өз өтініші бойынша 17 жасында 1943 жылдың тамыз айында майданға аттанған. Ол екінші Балтық жағалауы флотының 22 әскери тобы 54 атқыштар тобының бригадасы құрамында отан алдындағы борышын өтейді.

Әлия Молдағұлова 1944 жылдың 14 қаңтарда Псков облысының солтүстігіндегі Новосокольники ауданы Казалиха деревнясы үшін болған соғыста фашист офицерінің қолынан қаза тапты.

Батыр Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына – 100 жыл

Рақымжан Қошқарбаев – Берлиндегі Рейхстагқа жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, Халық қаһарманы. 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысы Ақмола ауданы Тайтөбе акылына жақын орналасқан Қырыққұдық қыстағында дүниеге келген. 1Лейтенант Қошқарбаев Берлин операциясы кезінде асқан ерлік көрсетті. 30-сәуірде ол жауынгер Григорий Булатов екеуі Кеңес әскерлері арасынан Рейхстагқа алдымен жетіп, жеңіс туын тікті. Соғыстан кейінгі жылдары Эльба бойындағы кеңестік оккупациялық әскер бөлімінде қызмет атқарды. 1988 жылы 10 тамызда Алматы қаласында қайтыс болды.

«Еңбекші қазақ» газетінің алғашқы шығарылымының шыққанына -105 жыл толды

Қазіргі Егемен Қазақстан газетінің ғасырлық. Тарихы бар десек, артық айтқандық емес. Алғаш өз оқырмандарына «Ұшқын» деген атпен 1919жылы 17 желтоқсанда ұсынылды.Онда қазақ зиялыларының мақалалары жарияланып, газет редакциясында біртуар азаматтарымыз қызмет етті. Газет өз тарихында «Ұшқын», «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Социалды Қазақстан» болып өзгерді. Егемендік алған соң атауы «Егеменді Қазақстан» болып өзгерді.

«Союз ТМ-19» ұшағының «Мир» орбиталық кешеніне ғарышкер Талғат Мұсабаевтың қатысуымен іске қосылғанына – 30 жыл.

1994 жылы 1 шілдеде «Союз ТМ-19» ұшағының «Мир» орбиталық кешеніне іске қосылды. Ол Қазақстан Республикасының ғарышкеры Талғат Мұсабаевтың қатысуымен орын алды.

baq.kz

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.