Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ақкөлден шыққан әлем чемпионы

0 2  553

Талас ауданы, Ақкөл ауылының тумасы Нұрай Сәрсенбай күні кеше каратэден екі дүркін әлем чемпионы атанып, күллі еліміздің абыройын асқақтатты.

Нұрайдың спортқа қадам басқанына небәрі екі-ақ жыл өтсе де, бірнеше мәрте халықаралық, республикалық турнирлердің жеңімпазы болып үлгерген. Сондықтан Астана төрінде 1 000-нан аса спортшы бақ сынаған жаһан жарысында Нұрайдың алтыннан алқа тағуы кездейсоқтық емес.
– Бұл жарысқа жоғары деңгейде дайындалдық. Күніне 2 мәрте жаттығумен айналысып, жарақат алып қалмауға тырыстық. Әрине, әр спортшының өз әдіс-тәсілі болады. Алайда көпшілігі оны айта бермейді. Өзіме келетін болсақ, менің ең көп қолданатын тәсілім «дзуки» деп аталады. Ол дегеніміз – қарсылас жұдырық сілтегенде оған қарсы іштен соққы жасау. Әрине, дүбірлі додаларда топ жару үшін тыңғылықты дайындық қажет. Сондай-ақ әр спортшы өзіне сенімді болса, ол алмайтын қамал жоқ. Бұл жеңісім ең әуелі Алланың, одан соң бапкерім Азамат Сәкенұлының арқасы. Ол кісі біздің екінші әкеміздей болып, жеңіліс пен жеңісті сәттерде қолдауын аямайды.
Астанада өткен байрақты бәсекеге әлемнің кіл мықтылары жиналды. Әрине, қарсыластың оңайы жоқ. Дегенмен мен үшін жарыс барысында Өзбекстанның спортшысымен болған жекпе-жек қиындық тудырды. Әйткенмен бар күшімді салып, жеңіс тұғырына көтерілдім, – дейді Нұрай Нұрланқызы.
Аядай ғана ауылдан шығып алты құрлықты мойындатқан Нұрайдың алар асуы бұдан да биік болады деп сенеміз.

Нұрперзент Туғанбай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.