Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік тіл – ұлтты ұйыстыратын ұлы күш

0 348

Еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Себебі тіл – ұлттың жаны, рухы, ұлттық нышаны. Ал мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын ұйыстырушы бола алатын ұлы күш.

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюы тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі», – деген сөзі мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындай түсетіні сөзсіз.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту арқылы ел бірлігін күшейту, мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз ету тұрғысынан бірқатар нақты іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Мемлекеттік бағдарламада жергілікті атқарушы органдарға тиесілі 1 индикатор, 5 нәтижелі көрсеткіш 2022 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу нәтижелер бойынша толығымен орындалды. Осының нәтижесінде мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 92,6 пайызды құрап отыр. Сондай-ақ биылғы жылғы 5 нәтижелі көрсеткіш жыл соңында облыстық тілдерді дамыту басқармасы тарапынан жүргізілетін әлеуметтік талдау нәтижесінде анықталады. Сондай-ақ 2023 жылдың 9 айы бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлес салмағы 100 пайызды құрады.
Қазақстан дамуында өзге елдердің де назарын аудартып отырған маңызды реформалардың бірі, рухани кеңістікте үлкен өзгеріс күттіріп отырған мәселе – қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары.
Тіл саясатын жүзеге асыруда баса назар аударар саланың бірі – ономастика. Республика көлемінде әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту жұмыстары ҚР Үкіметінің №138 қаулысының талаптарына сәйкес және ҚР Президенті Әкімшілігімен келісілген «Тарихи тұлғалар» 555, «Тарихи жер-су атаулары» 380 және «Дәстүрлі атаулар» 298 тізімін басшылыққа ала отырып жүргізіледі. Мәселен, 2022 жылы 114 көшеге жаңа атау берілсе, биыл 10 көше жаңа атауды иемденді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің (2023 жылғы 22 тамыздағы №18-07-10/1998-И хаты) «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімін қайта пысықтауға байланысты атау беру және қайта атау процедураларын уақытша кейінге қалдыру туралы хатына сәйкес, Тараз қаласындағы жаңадан құрылатын екі ауданға атау беру жұмыстары уақытша тоқтатылды.
Тіл – ұлттың тірегі, ең асыл құндылығы. Демек, тілге қамқор ұлтқа қамқор болумен тең. Елімізде сонау 1997 жылы жарық көрген Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының 21-бабына өткен жылдың желтоқсан айында оң өзгерістер енгізілді. 2022 жылдың 22 қаңтарында күшіне енген өзгерістердегі ең бастысы бұған дейін заң деректемелер мен көрнекi ақпараттардың мемлекеттік тілмен қатар орыс тілінде болуын міндеттесе, ендігі жерде мемлекеттік тілде міндетті түрде жазылуы, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыру қарастырылды. Атап айтатын болсақ, кәсіпкерлік субъектілеріне деректемелер мен көрнекі ақпараттарын тек мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруға таңдау құқығы берілген.
Жарнама сауатты болуы тиіс, сауаттылық емле мен пунктуация ережелеріне ғана мән берілу емес, мазмұнға көңіл аудару керек. Сондықтан сауаттылық мәселесімен қатар жарнама мәтінінің ішкі мазмұнына да мән беріп, әсіресе ұлттық танымның тілдік көріністерін кеңінен көрсек игі болар еді. Алайда қазіргі таңда қала аумағында естіген құлаққа түрпідей тиетін, грамматикалық, стилистикалық қателері бар жарнамалар мен көрнекі ақпараттар кездесуде.
Көшелерде, сауда орындарындағы, қоғамдық тамақтану орындарындағы тек орыс тілінде рәсімделген немесе сөзбе-сөз, мағынасыз аударылған көрнекі ақпараттар, баға көрсеткіштер, хабарландыру және басқа да жарнамалар тұрғындардың наразылығын туындатады.
Бөлім нысан иелері мен жарнама агенттіктерінің қызметкерлеріне тек қана әдістемелік көмек көрсету, семинар, дөңгелек үстел мен әртүрлі бағыттағы іс-шаралар өткізумен және жеке тұлға құзырлы органдарға шағымданған жағдайда Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының 3-тармағына сәйкес тек қана ескерту берумен шектеледі. Көрнекіліктерді біріздендіру мақсатында «Қала келбеті-2023» зерделеу жұмысы, «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық», «Сыртқы көрнекі ақпарат құралдары және сыртқы жарнамалардың тіл сауаттылығын зерделеу», «Таза қалаға – таза жарнама» айлықтары тұрақты өткізілуде.
Кейбір азаматтар кітап оқымауы мүмкін, газет-журналға жазылмауы мүмкін, бірақ көшедегі жарнаманы міндетті түрде көреді, көрген соң оқиды. Визуал дүние адамның есінде міндетті түрде қалады. Сондықтан жарнама мәтінінің сауатты болуы өте маңызды екендігін айта отырып, жарнама берушілерден көрнекі құралдарындағы мәтінде сауатты, қате кеткен жағдайда түзетуге дайын болып, бірлесе жұмыс істесек, мемлекеттік тіліміздік мерейі артып, қателіктер азаятын еді.
Көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әдеби нормалардың бұзылуын жою жөніндегі шаралар ретінде ақпарат мәтіндерін әзірлеушілерге әдістемелік және консультациялық көмек жыл сайын артып, күшейтілуде.
Қазіргі таңда қала көшелеріндегі нысандарда орналасқан жарнамалардың мәтіндеріндегі қателіктердің алдын алу мақсатында қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімімен бірлесіп жеке кәсіпкерлер жарнаманы орналастыруға рұқсат алуда мәтіндерін мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен келісуде. Жыл басынан бері жүргізілген айлық, зерделеу жұмыстары барысында анықталған кемшіліктер бойынша жұмыстар жүргізіліп, бірқатары түзетілді.
Өз дәуірінде «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген Ахмет Байтұрсынұлының ұлағаты бүгінде ұлттың рухын көтерер орынды сөз. Еліміздің татулығы мен бірлігін, ынтымақтастығы мен елдігін арттыратын, елдігімізді паш ететін, жас ұрпақты патриотизмге баулитын – осы тілдің құдіреті.

Бақыт Тоқсанбаева,
Тараз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.