Қалалық қоғамдық-саяси газет

Облыс әкімінің тапсырмасы: Ауыз су мәселесі шешімін табады

0 359

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №11 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті. Округ тұрғындарын талай жылдан бері ауыз су мәселесі алаңдатып келеді. Биыл соның сәтін салып, түйткілдің түйіні тарқатылмақ.
– Бүгінде округте шешімін күткен мәселе жетерлік. Солардың ішінде ауыз су мәселесі аса өзекті болып отыр. Бұл жағдай облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің де тікелей назарында. Қазіргі таңда «Казарма» мен «Құмшағал» алқаптарында су жүйесінің құрылысы толығымен аяқталды. Енді аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес аталған алқаптарға абоненттеу жұмысы жүргізіледі. Абоненттеу жұмысының 60 пайызы аяқталған кезде ғана тұрғындарға су беріледі. Сондықтан бұл тұрғыда түсіністік танытып, абоненттеу жұмыстарын тез арада тәмамдау аса маңызды. Сондай-ақ бүгінгі күні «Шөлдала» мен «28 саяжай» алқаптарындағы құрылыстың 80 пайызы аяқталды. Енді жуырда бұл жақтағы тұрғындар да тіршілік нәрінен таршылық көрмейді, – деген Бақытжан Әмірбекұлы алқаптардың тірлігін тіктеу мақсатында бұдан да өзге ілкімді істер қолға алынып жатқанын айтты.

Жиын барысында тұрғындар тарапынан көшелердің жарықтандырылуы, қаңғыбас иттермен күресу, қоғамдық көліктер бағытын ұзарту, автобус жүргізушілерінің мәдениеті секілді өзекті мәселелер көтерілді.
Барлығын мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе кезең-кезеңімен өз шешімін табатынын жеткізді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.