Қалалық қоғамдық-саяси газет

Етене жақын ежелгі шаһарлар

0 353

Биылғы 4 қарашада Грекияда Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков және Ежелгі Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулус екі шаһар арасында бауырластық қатынастар орнату туралы хаттамаға қол қойды.

Ежелгі уақытта Олимпиада ойындарының ережелері жазылған Ифита дискі сақталатын, ал қазіргі уақытта әр 2 жыл сайын Олимпиада алауын тұтату салтанаты өтетін Гера ғибадатханасының алдындағы грек халқы үшін қасиетті жерде өткен шараға Қазақстанның Грекиядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев, Қазақстан-Грекия Іскерлік кеңесінің Тең төрағалары – Жақсыбек Құлекеев және Томас Ламнидис, Халықаралық Олимпиада академиясының президенті Исидорос Кувелос және Қазақстанның Криттегі Құрметті консулы Спиридон Занниас қатысты.
Қазақстан Республикасының Грекиядағы Елшілігі мен Қазақстан- Грекия Іскерлік кеңесінің бастамасымен өткен басқосуда Бақытжан Әмірбекұлы жаңа серіктес қаламен ынтымақтастық орнату екі шаһардың өзара дамуы үшін қолайлы екенін, мәдениет, спорт, туризм, ғылым және білім беру саласында тәжірибе алмасуды жандандыруға мүмкіндік беретінін атап өтсе, мэр Георгиос Георгиопулус өз кезегінде 2000 жылдан астам тарихы бар Ежелгі Олимпия Шығыс пен Батыстың халықтары мен мәдениеттерінің түйісетін жері екенін айтып, көне Таразбен достық, бауырластық қатынас орнатуға қуанышты екенін жеткізді.
Сондай-ақ Илия грек өңірінің бизнес қоғамдастығының өкілдерімен өткен кездесу барысында екі елдің өңірлері мен іскер топтары арасындағы экономикалық байланысты нығайту және қатынастарды дамыту туралы уағдаластыққа қол жеткізді.
Айта кетейік, ежелгі екі шаһар арасындағы бұл байланыстың негізі биыл жазда Олимпия қаласының мэрі Георгиос Георгиопулус Тараз қаласына жұмыс сапарымен келген кезде қаланған еді. Сапары барысында грекиялық меймандар қала басшылығымен түрлі салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жоспарын талқылап, сауда-экономикалық және инвестициялық қарым-қатынасты арттыруға, мәдени-гуманитарлық, білім беру және спорт салаларында байланыс орнатуға уағдаласқан болатын.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.