Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әулиеата өңірі дамудың даңғыл жолында

0 167

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев VIII шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті VII сессиясына қатысты. Жиында аймақ басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жайында есеп берді.

Президент тапсырмаларын тиімді жүзеге асырудың нәтижесінде өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң динамика қалыптасқан. Мәселен осы жылдың алғашқы тоқсанында облыстың жалпы өңірлік өнімі 549 миллиард теңгені құрап, нақты көлем индексі 101,4 пайыз деңгейінде қалыптастыпты. Экономиканың өсуі 104,8 пайызды құраған. 8 айда өнеркәсіп өнімінің өндірісі – 6,7, құрылыс жұмыстарының көлемі – 24,8, тұрғын үй – 1,2, инвестиция – 108, сауда – 2, байланыс 8,2 пайызға артқан. Тұтыну бағаларының индексі 106,3 пайызды құраса, оның ішінде азық-түлік тауарлары – 105,9 пайыз. Жұмыссыздық деңгейі жылдың ІІ тоқсанында 4,8 пайызды көрсеткен.
– Өнеркәсіп саласында 574,6 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға 268 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері 39,2 миллиард теңгеге 7 жоба іске асырылып, 210 жұмыс орны құрылды.
Осы жылдың соңына дейінгі жоспарға келер болсақ, өнеркәсіп өнімінің өсімін 0,1 пайызға арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Еврохим» сияқты ірі өнеркәсіп орындарымен тығыз жұмыс жүргізу, ірі өнеркәсіп кәсіпорындары маңында шағын бизнесті дамыту бойынша әріптестік бағдарламаны жүзеге асыру көзделген. 2026 жылға дейін ірі отандық және шетелдік инвесторларды тарту, құны 1,9 триллион теңгені құрайтын 60 инвестициялық жобаны іске қосу, 4,1 мың жұмыс орнын ашу, «Тас маркет», «Еурохим Тыңайтқыштар», «MONTERRA QAZAQSTAN», «TOTAL EREN», «MASDAR» компаниясы, «QAZAQ SODA» сыңды ірі жобаларды іске асыру да жоспарда бар.

Бүгінде шағын және орта кәсіпкерліктің саны 1,3 есеге артып, олардың саны 107 400-ге жетті. Осы арқылы өңірде 157,1 мың адам жұмыспен қамтылды. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның «Сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау» тетігі аясында 10,7 миллиард теңгеге 537 жобаға қолдау көрсетілді. 355 жобаға 2,6 миллиард теңге кепілдік берілді. Инфрақұрылымды дамытуға бөлінген 2,7 миллиард теңгеге 12 жоба енді. 21 миллион теңгеге 5 жоба бойынша грант берілді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 71,4 миллиард теңгеге 191 жоба, 1,5 миллиард теңгеге 2 жоба қаржыландырылды.
Осы жылдың соңына дейін жұмыс істеп тұрған шағын және орта бизнес санын 108 мыңға жеткізу, онда жұмыспен қамтылған адамдар санын 160 мыңға дейін арттыру, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында 1 100 кәсіпкерге қолдау көрсету жұмыстары жүзеге асырылады, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мақсатында 2019 жылы бастау алған пилоттық жоба өзінің экономикалық және әлеуметтік тиімділігін көрсеткені баршаға белгілі. Облыс әкімі осы іргелі жобаның 5 бағытын қаржыландыруға республикалық бюджеттен 116,2 миллиард теңге бөлінгенін, жалпы қаражаттың 32 пайызы өз өңірімізге тиесілі екенін атап өтті.
Жыл басынан бері 389,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бүгінде аймақта 36,6 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оларды біртіндеп баспанамен қамту үшін 3 929 пәтерлі 74 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 280 пәтерлі 4 кредиттік тұрғын үй, жеке инвесторлар есебінен 324 пәтерлі 7 тұрғын үй тапсырылған. Жыл аяғына дейін 2 564 пәтерлі 45 үй ел игілігіне беріліп, 869 жер учаскесін тарату және әлеуметтік осал топтағы, көпбалалы отбасыларға 7,6 миллиард теңгеге 797 пәтер сатып алынбақ. 37 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласында ойын алаңшалары салынады деп күтілуде.
Өңірде 297 елді мекен ауызсумен қамтылған. Бұл – халық санына шаққанда 93,4 пайыз. Жыл басында 13,6 миллиард теңгеге 54 жобаны іске асыру есебінен 36 елді мекен мен қалалардағы 4 тұрғын алқапты сумен қамту жоспарлаған екен. Бүгінде 12 ауылдық елді мекенге ауызсу берілген.
Табиғи газға 371 елді мекеннің 274-і қосылса, бұл тұрғындардың 90,2 пайызы көгілдір отынмен қамтамасыз етілгенін көрсетеді. Жыл аяғына дейін 24 ауылды ауызсумен, 11 елді мекенді газбен қамту көзделіпті.
Халықты әлеуметтік жағынан қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында 50 мың жұмыс орны құрылса, оның 36 мыңы – тұрақты.
– Мемлекет басшысының 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құруға қатысты берген тапсырмасына сәйкес, биыл 14 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасылар саны 3,1 мың адамға кеміп, олардың саны 39 мыңды құрап отыр. Жұмыспен қамтудың өңірлік картасы аясында құрылған жұмыс орындары санын жыл аяғына дейін 67 968-ге жеткізу жоспарланды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 54 156 адамды тарту көзделді. Тараз қаласында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жан-жақты әлеуметтік-медициналық, психологиялық көмек көрсететін оңалту орталығын пайдалануға беру де жоспарда айқындалған.
Өңірде 25 білім нысанының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданында 1 200 орындық 2 мектеп, Қордай ауданында 600 орындық 2 мектеп, Тараз қаласында 5 мың орындық 4 мектеп салынуда. 1 мектеп пайдалануға беріліп, 9 білім нысанына күрделі жөндеу жүргізілді. Мектептерді жаңғыртуға 2,6 миллиард теңге бөлінді. Жыл аяғына дейін өңірдегі ауыл мен қала мектептерінің білім сапасындағы алшақтықты азайту, білім мекемелерін жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету, жастарды тегін кәсіптік біліммен қамту, 2025 жылға 2 орын тапшылығы бар, 4 үш ауысымды, 3 апатты мектептердің мәселесін шешу, 8 білім нысанындағы күрделі жөндеу жұмыстарын толық аяқтау мәселелері тұр. Бір айта кетер жайт, жақында облыс орталығынан шалғайда жатқан Мойынқұм ауданына жұмыс сапарымен бардым. Сол кезде білім саласына қатысты мәселелерге де назар аударып, ол жақта жөндеуді қажет ететін мектептердің аз емес екенін байқадым. Осы мәселе де алдағы уақытта жоспарға енгізіліп, шешімін табу қарастырылады.
Денсаулық сақтау саласында 21 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында жүзеге асырылуда. 11 нысан күрделі жөндеуден өткізілуде. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, «Үздік тәжірибе орталығы» пилоттық жобасы облыстағы 5 денсаулық сақтау нысанында іске асырылып, оң нәтиже көрсетуде. Алдағы уақытта денсаулық сақтау ұйымының тозу деңгейін 36,7 пайызға төмендету, арнайы құрал-жабдықтармен қамту деңгейін 96,6 пайызға жеткізу межеленді.
20 санитарлық автокөлік сатып алу да маңызды міндеттің бірі. Жыл соңына дейін Меркі, Шу, Талас секілді 3 ауданаралық көпбейінді орталық аурухананы модернизациялау, Байзақ, Қордай мен Жуалыда аудандық орталық аурухана құрылысын жүргізу ісі қолға алынады.
Біз өңірдегі орта мектеп директорларын және облыстық, қалалық, аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдардың басшыларын тағайындау үдерісін қайта қарауымыз қажет. Тек қана кәсіби деңгейін дәлелдеген, тәжірибесі мол мамандар ғана мектеп және емдеу ұйымдарына басшы болуы қажет. Сонда ғана аталған саладағы жұмыстар оң нәтижесін бере- ді, – деген Ербол Қарашөкеев спорт, мәдениет саласындағы атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайына кеңінен тоқталды.
Жиын соңында мәслихат депуттары өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.