Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тәуелсіздік жылдарындағы тұңғыш саябақ

0 308

«Ұлы дала» ықшамауданында салынып жатқан саябақта «Жасыл желек – жердің көркі» атты ағаш отырғызу акциясы өтті. Шара барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, зиялы қауым өкілдері, жастар және қала тұрғындары саябаққа алғашқы тал көшеттерін отырғызды. Тағы бір атап өтерлігі, Қырғыз Республикасының Талас облысынан келген қонақтар да тал егіп, акцияға атсалысты.

Жалпы «Ұлы дала» ықшамауданында бой көтеретін саябақ тәуелсіздік жылдарында Таразда салынатын алғашқы саябақтардың бірі болмақ. Бұл саябақтың аумағы он гектарды құрайды. Мұнда 4 500-ге жуық тал-дарақ отырғызылады деп жоспарлануда. Оның ішінде 600 қарағай, 200-ден аса тікенекті және еуропалық шыршалар, 300-ден аса әр түрлі сортты терек, катальпа, боз арша, алқоры, үйеңкі, гортензия, бөртегүл, шынар және тағы басқа ағаштар егіледі. Акция аясында 1 мыңға жуық тал егілді.
Осы егілген ағаштарға дұрыс күтім жасалып, ел игілігіне жараса, саябақ үш аумақтың демалыс орталығына айналатыны сөзсіз. Өйткені мұндағы елу мыңнан аса тұрғыннан бөлек «Бурыл» және «Төрткүл» тұрғын алқаптарында демалыс орындары қарастырылмаған. Міне, осы саябақ сол олқылықтың орнын толтырады.
Қазіргі таңда «Ұлы дала» – облыс орталығындағы ең ірі ықшамаудан. Бүгінде мұнда 50 мыңнан аса халық тұрмыс кешуде. Сондықтан аталған ықшамауданның инфрақұрылымын дамытып, жасыл желекке бөлеу айрықша назарда. Бұл бағытта жоспарланған ауқымды жұмыстар жетерлік. Атап айтсақ, ықшамаудан маңынан өтетін екі канал да келесі жылы абаттандырылады деп күтілуде. Осы мақсатта биыл «Түйте» каналының 1 700 метріне механикалық тазалау жұмыстары жүруде. Сондай-ақ канал маңына биыл ағаш егу жұмыстары басталады. Осылайша келер жылы каналдың бойы толық абаттандырылып, тұрғындардың жайлы демалысына жағдай жасалады.

Дедек ТӨЛЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.