Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаңа спорт кешені – салаға серпін

0 2  615

Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдан астам уақыттың ішінде толағай табыстарға қол жеткізді. Соның ішінде спорттағы жарқын жетістіктер салаға серпін беріп қана қоймай, елімізді халықаралық деңгейде танытуға да өзінің оң ықпалын тигізуде. Мемлекет қолдауының арқасында жамбылдық жампоздар сан мәрте айбынымызды асырып, Әнұранымызды шырқатты.

Осы орайда айта кетерлігі, азаттықтың ақт аңы атқалы бері елімізде 77 стадион, 38 спорт сарайы, 8 мыңға жуық спорт алаңы бой көтеріпті. Бұлардың барлығы бүгінде ел игілігі үшін жұмыс істеп, бұқаралық спорттың дамуына ықпал етуде.
Бүгінде облысымызда да жыл сайын жаңа спорт нысандары салынып, ел игілігіне берілуде. Соның жарқын айғағы – күні кеше Қордай ауданының Қарасу ауылында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында дене шынықтыру және сауықтыру спорт кешені есігін айқара ашты. Аталған кешеннің ашылуына аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев арнайы қатысып, қарасулықтарды қуанышымен құттықтады.
Жалпы құны 342 миллион теңгені құраған нысан құрылысын «Тараз-ҚұрылысИнвест» ЖШС жүргізген. Мұнда ауыл тұрғындары спорттың 10-ға жуық түрімен айналыса алады.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатындар саны 489 мыңнан астам адамға немесе облыс тұрғындарының 40 пайызына жеткен. Өткен жылы өңірде 4 спорт нысаны мен 62 спорт алаңшасы қолданысқа берілсе, биыл 16 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Ал аудан бойынша жалпы 352 спорттық нысан жұмыс істесе, соның жалғасы ретінде ашылған заманауи үлгідегі спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт кешені ел игілігіне қызмет етпек.
Жалпы облыс бойынша 2024-2027 жылдар аралығында 52 спорт кешенін салу жоспарланған. Сонымен қатар ағымдағы жылға 38 спорт алаңшасының құрылысы жоспарланып, алты айда 18-і пайдалануға берілді. Осындай игі істердің арқасында облыста халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 57,6 пайызды құрады. 2025 жылға дейін аталған көрсеткішті 61 пайызға жеткізу көзделуде.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.