Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымы жайбасарлықты көтермейді

0 307

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен штаб отырысы өтті. Жиынның күн тәртібіне сәйкес әуелі қала әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев қысқы кезеңге дайындық барысы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, шаһардағы жылумен қамтамасыз етуші 5 кәсіпорын дайындық бойынша іс-шаралар жоспарын бекітіп, тиісті жұмыс жүргізуде.
– Кәсіпорын қазандықтарында негізгі пайдаланылатын отын түрі – табиғи газ. Осыған орай, барлық кәсіпорын газ жеткізу бойынша «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖӨФ-мен келісім-шартқа отырған. Сонымен қатар, олар резервтік отын қорын дайындаған. Атап айтқанда, «Жамбыл-Жылу» МКК-да 10 күнге жетерлік 342 тонна көмір, 390 тонна мазут, «Таразэнергоорталық» АҚ-да резервтік 5 күнге жетерлік 1865,6 тонна мазут, «Таразтрансэнерго» МКК-да резервтік 5 күнге жетерлік 10 тонна көмір, «София» ЖШС-де резервтік 5 күнге жетерлік 10 тонна көмір, «Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» АҚ-да резервтік 20 күнге жетерлік 11 993 тонна мазут қоры бар, – деді Ғабит Серғазыұлы.

Бұдан кейін қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Асанәлі Түкебаев тұрғын үйлердің, білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова оқу ордаларының жылыту маусымына әзірлігіне кеңінен тоқталды.

Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы жылыту маусымына қамданбаған қапы қалатынын қадап айтты.
– Жылыту маусымының басталуына санаулы күн қалды. Алайда, кейбір кәсіпорындар бұған әлі де толығымен дайын емес. Мәселен, шаһардағы 29 мекемеде жауапты маусымға дайындық жұмысы аяқталмаған. Бұл берілген тапсырманың дер кезінде орындалмайтынын көрсетеді. Тағы бір айта кетерлігі, қалада көмір пайдаланатын аумақтар әлі де бар. Алайда, осы күнге дейін қатты отынның нақты бағасына толыққанды зерделеу жүргізілген жоқ. Ертеңгі күні бұл тұрғындардың наразылығын тудырады. Содан соң бірқатар тұрғын үйлердің жылу жүйесінде орын алған ақаулар да назардан тыс қалмауы керек. Мектеп, балабақша, аурухана секілді бірінші деңгейлі әлеуметтік нысандардың ішкі ауа температурасын ұдайы бақылауда ұстау маңызды. Себебі қажеттілік туындаған жағдайда, ең әуелі аталған нысандарға жылу беріледі, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.