Қалалық қоғамдық-саяси газет

Округтерде не мәселе бар?

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев таң азанымен қаланы аралауда

0 268

Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте қалалардың инфрақұрылымы мен жайлылығын сынға алған еді.

– Мойындайық, әзірге біздің қалалар өте нашар көрінеді. Мұнда барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихаттар өкілдері отыр. Әсіресе, әкімдер өз қалалары мен елді мекендерінде жаяу жүруі керек, – деген еді. Бұл мәселе Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында да айқын көрініс тапқан.
Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс кестесінен тыс, таңертеңгі уақытта Тараз қаласының №1 аумақтық округіндегі бірқатар нысандарды жаяу аралап, жай-күйімен танысты.
Аймақ басшысы әуелі Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйіне ат басын бұрды. 1997 жылы пайдалануға берілген үш қабатты нысанның биыл сыртқы бөлігіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ғимараттың бірінші қабатында Қазақстанның Халық әртісі А.Әшімовтың шығармашылық орталығы, 300 орындық көрермен залы, фойе, дыбыс жазу студиясы, үйірме бөлмелері, екінші қабатында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен қалалық мәдениет үйінің әкімшілік кабинеттері және би залы, үшінші қабатта бөлімге қарасты орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №6 электрондық кітапхана және Оңтүстік өңірлік әскери округінің үрмелі аспаптар оркестрінің ұжымы орналасқан. Жалпы 57 адам қызмет ететін мекемеде шығармашылық мамандардың саны – 38.
Облыс әкімі мәдениет үйінің ішкі бөлігін де ағымдағы жөндеуден өткізу бойынша жауаптыларға тапсырма берді.
Бұдан соң Ербол Қарашөкеев №7 мектеп гимназиясын, «Konaev smart school» интеллектуалды бастауыш мектебін, тұрғын үйлердің аулаларын аралап, тексерді. Аулаларда балалар ойын алаңшасын арттыруға қатысты мәселе көтерілді. Сондай-ақ аймақ басшысы Е.Ниетқалиев көшесі, №116, 116 «А» мекенжайындағы бос жатқан жер телімдерін, Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы көпірді көріп, жағдайымен танысты.
Жер телімінің бей-берекетсіз қоқыс орнына айналғанын көрген облыс әкімі тиісті тұлғаларға оны реттеу, тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, айналасын қоршау бойынша міндеттер жүктеді. Ал Ы.Сүлейменов көшесінің соңындағы апатты жағдайдағы көпірді қайта қалпына келтіру жұмыстарын тезірек бастау керектігін баса айтты.
Ербол Қарашөкеев Тараз қаласы – облыстың орталығы, аймақтың айнасы екеніне назар аудартып, шаһардың шырайын арттырумен қатар, қордаланған өзекті мәселелерін де шешуге айрықша көңіл бөлінетінін айрықша атап өтті.
Осы тұрғыда, аймақ басшысының жұмыс уақытынан тыс таңғы сағат 7:30 бен 9:00-ге дейінгі уақыт аралығында Тараз қаласын аралаулары, мәселелермен жіті танысуы алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғаспақ.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.