Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әлемдік ауқымда танылған лидер

0 245

Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде Елбасының қызмет атқарғанына 30 жыл толуына орай «Нұрсұлтан Назарбаев: құрылым дәуірі» атты апталық аясында түрлі іс-шара өтуде.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

«Кемеңгерлік пен парасат биігіндегі тұлға: Елбасы – жаңа дәуірдің Флагманы» тақырыбындағы ғылыми-теориялық конференцияны ашқан колледж директоры Жанар Орынбаева:
– Тәуелсіздігімізге биыл 28 жыл толады. Бұл – адамзат өркениетіндегі ғаламат жаһандық өзгерістер дәуіріндегі Қазақстан халқының мықты мемлекет құру және бақуатты өмірге жету жолындағы күресінің шежіресі. Осынау жыл аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылып, стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегендігімен, сарабдал саясаткерлігімен көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түсті. Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын»,– деген болатын. КСРО тарағаннан кейінгі алғашқы уақыттан-ақ Қазақстанның Кеңес Одағы құрамында бірге болып, осы уақыттарда территориялары империялық мүддеге сай қазақ жері есебінен өзгертіліп келген Өзбекстан және Қырғызстанмен арадағы шекараны анықтайтын мәселелер де бірден туындады. Тура осы мерзімдегі Елбасының аталған елдермен жүргізген сыртқы саясатының басты бағыты да осы күрделі мәселелерді бейбіт жолмен түбегейлі және әділетті тұрғыда шешуге арналды. Нәтижесінде қысқа мерзімде Қазақстан Республикасының көрші мемлекеттермен, соның ішінде Қытай, Ресеймен арадағы шекаралары толығымен танылды. Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев тарапынан халқымыздың ғасырлар бойы жерінің тұтастығын қамтамасыз ету жолындағы барша ұмтылысы мен арманы қысқа мерзімде және де бейбіт, дипломатиялық келісім жолымен іске асырылды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды,– деді.
Сонымен қатар мемлекетіміздің тәуелсіздік алғаннан бергі жолында өткен сындарлы сәттерін оқу орындарында ұрпақ тәрбиелеп жүрген ғалымдар тарқата әңгімеледі.
Бұл жиын келесі күні «Әлемдік ауқымда танылған лидер» атты дөңгелек үстелде жалғасын тапты. Мұнда аға буын өкілдерімен бірге саясатқа араласқан жастар да бас қосып, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің ішінен жасақталған Коворкинг орталығының салтанатты ашылуына куә болды. Онда колледждің ZHPVK логотипінен сөрелер әзірленіп, түрлі тақырыптардағы кітаппен көмкеріліпті. Сонымен қатар ноутбук, тоғызқұмалақ, дойбы тақтасы қойылған. Коворкинг орталығының ашылу салтанатында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайырбек Асанов:
– Осындай зәулім оқу орындары мен ондағы білім іздеушіге жасалған барлық жағдайға қарап-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жастарға деген қамқорлығын айтқызбай тануға болады. Тұңғыш Президент бастаған ілкімді істерді Қасым-Жомарт Тоқаев жалғастырып, қазақ көші алдағы уақытта бұдан да үлкен белестерді бағындыратынына сеніміміз кәміл. Осынша игіліктің бәрі өздеріңе арналған, жас достар. Білім, тәрбие алу жолдарыңа сәттілік тілеймін. Ел үмітін ақтар азамат болып, қазақтың абыройын асқақтата беріңдер, – деп батасын берді.
Сонымен қатар қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай заманауи үлгідегі бәсекеге қабілетті нарықтық экономика туралы сөз қозғады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.