Қалалық қоғамдық-саяси газет

Тараздық балғындарға тарту

0 231

Білімді, тәрбиелі әрі дені сау ұрпақ – ұлттың ең қымбат байлығы. Олай болса, балалар мен жасөспірімдердің оқумен қатар, өнер үйреніп, спортпен шұғылданып, жан-жақты жетілуіне қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің мойнындағы борышы. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Президент ретіндегі алғашқы Жолдауында бұқаралық спортты дамыту мәселесіне назар аударған болатын.

– Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы бұқаралық спортты дамытуға арналған кешенді бағдарлама қабылдау керектігін айтқан еді. Бұл бағытта Тараз қаласында да ілкімді істер қолға алынуда. Соның жарқын дәлелі – қала тұрғындары тығыз орналасқан аудандарда кішігірім футбол алаңдары мен дене шынықтыру нысандарының көптеп салынуы.
Осы орайда «Жамбыл облысының балалар футболын дамыту» қоғамдық қоры жарғылық міндеттеріне сай өңірде балалар мен жасөспірімдер арасында футболдың дамуына атсалысып, мектепаралық және аула футбол лигаларын құру, сондай ақ балалар мен жасөспірімдер футболының материалдық техникалық және қаржылық базасын нығайту бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Атап айтсақ, қоғамдық қор шаһардағы «Қаратау» ықшамауданы, №30 және 33 тұрғын үйлер аумағында балалар мен жасөспірімдер футбол орталығы үшін жалға бөлінген 0,4001 гектар жер телімін оңтайлы пайдалануда.
Күні кеше аталған ықшамауданға арнайы барған қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Жамбыл облысының балалар футболын дамыту» қоғамдық қоры өкілдерімен және қала тұрғындарымен кездесіп, футбол орталығының құрылысымен танысты. Қор тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын білдірген шаһар басшысы футбол алаңымен бірге жас спортшылардың тұрмыстық-гигиеналық мәселелеріне де назар аударып, алаң жанынан әкімшілік-тұрмыстық жай орнату туралы ұсыныс жасады.
Өз кезегінде Қор өкілі Әбиірбек Қонысбаев бұл орталықта балалар мен жасөспірімдердің спортпен айналысуына толық жағдай жасалатынын жеткізді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы «Туризм мен спортты қолдау қоры» корпоративтік қорының футбол орталығына қаржылай демеушілік қолдау көрсетуге дайын екенін де мәлімдеді.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.