Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жат ағымдардың пайда болу тарихы

0 108

Мемлекетіміз тәуелсіздік алған қысқа мерзім ішінде елімізде исламның немесе басқа діндердің атын жамылған дәстүрлі емес діни ағымдар пайда бола бастағаны белгілі. Барлығына болмаса да, кейбір теріс пиғылды діни ағымдар мен ұйымдардың қызметіне сот шешімімен тыйым салынып, таралуына шектеу қойылды. Бірақ қазірге дейін елімізде қылмыстық немесе лаңкестік әрекеттерге барған кейбір ерушілеріне шара қолданылып жатқан ағым бар. Бұл уаһабилік-сәләфилік ағым.

«Уаһабилік» – екі жарым ғасыр бұрын Араб түбегінде, Нәжд даласында Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб (1703-1792 ж.) негізін қалаған ағым. «Уаһаби» атауы – осы ағымның негізін қалаушы Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың көзі тірісінде оның соңынан ерушілерге тағылған айдар.

Уахабилік ағым Ислам әлемінде түрлі ағымдардың шығуына түрткі болды.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың сенімі мен көзқарасын жазған еңбектерінен байқауға болады. Ол бірнеше кітап жазған. Солардың ішінен ең танымалы «Китабут-таухид» (Таухид кітабы), «Кәшфуш-шубуһат» (Күмәнді нәрселерден арылту) және «Китабул-усулис-сәләсә» (Үш негіз кітабы). Міне, осы еңбектерінде таухид, ширк, бидғат мәселелеріне кеңінен тоқталады. Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб «Кәшфуш-шубуһат» атты кітабында: «Таухид (иман) жүрекпен сеніп, тілімен айтып, амал ету. Егер осылардың бірі бұзылса, адам мұсылман болмайды. Ал егер таухидті танып, онымен амал етпесе, ол перғауын, ібіліс және сол екеуі сияқтылар тәрізді қасарысқан кәпір болады», – деп амал иманның бір бөлігі, амал етпеген мұсылман болмайды деп кесіп айтады. Оның ұстанымы бойынша, иман – жүрекпен сену, тілмен айту, амал ету. Егер де осы үшеуінің бірі кем болса, ондай жан мұсылман емес, кәпір болады. Демек, амал иманның бір бөлшегі деп қабыл етілсе, қандай да бір парыз амалды тәрк еткен адам – кәпір, діннен шығады деген үкім шығады. Ал амал иманның ажырамас бөлшегі деп үкім айтқан имам Мәлик, Шафиғи, Ханбал сынды ғалымдар өз кезегінде амал етпеген жандарға кәпір демей, «пасық», «күнәһар мұсылман» деп үкім берген.

Уаһабилер өздерін ханбали мәзһабын ұстанамыз дегенімен, толықтай Ахмад ибн Ханбалдың ақидасымен (сенім) жүрмейді. Мысырлық ғалым Мухаммед Әбу Заһра «Мәзһабтар тарихы» (Тарихул мәзаһиб) атты еңбегінде Ахмад ибн Ханбалдың иман жайындағы көзқарасын былай деп келтіреді: «Иман – жүрекпен сену, сенімін тілімен айту және амал етуден тұрады. Егер адам жүрегімен сеніп, тілімен сенгенін айтса, Аллаға серік қоспаса, Құран мен сүннетте бұйырылған әмірлерді терістемесе, бірақ жалқаулықпен амал етпесе діннен шықпайды. Алла қаласа ол пендесін жазалайды, қаласа кешіреді».

Имам Әбу Ханифа, Мәлик, Шафиғи, Ханбалидің пікірі бойынша, иман етіп, сенімін тілімен айтқан адам – мұсылман. Егер адам иман негіздеріне жүрегімен сеніп, сенімін тілімен айтып, амал етпесе, ондай кісі кәпір болмайды, діннен шықпайды. Ондай мұсылман – пасық, күнәһар. Амал жасамағаны үшін Алланың құзырында өзі жауап береді. Осы мәселеге қатысты Ислам ғұламалары төмендегідей хадистерді дәлел ретінде ұстанады: «Әнастан (Алла оған разы болсын.) жеткен риуаят бойынша: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кімде-кім шын жүрегімен «Лә иләһә иллаллаһ» деп айтса және жүрегінде шаң тозаңындай жақсылық (иманы) бар болса, ол тозақтан құтылушы…» (Бухари, Иман; Муслим, Иман; Тирмизи, Жәһәннам). «Алладан басқа тәңір жоқ екендігіне және Мұхаммед Алланың елшісі екендігіне шын жүрегімен куәлік еткен кісіге Алла жәһәннамды харам еткен» (Муслим, Иман).

Хадисте айтылғандай, кәлимаға тіл келтірген адам түбінде жәннатқа барады. Жасамаған амалы үшін Алла алдында жауап береді және тозақта күнәсін өтеген соң жұмаққа кіреді. Құранда кәпір адам тозақта мәңгі қалады деп анық айтылған. Ал Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб болса, өз пікірін қолдамаған әрбір мұсылманды кәпір деп, тозақта мәңгі қалушы имансыздармен, яғни кәпірлермен тең санауда. Осы пікірімен көпшілік мұсылмандарға қарсы келеді.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһаб таухид мәселесінде Ибн Тәймияның пікірін қолдап, таухидті:

  1. Таухидур-Рубубия – Алла Тағаланы Рабб екендігінде бір деп білу.
  2. Таухидул-Улуһия – Алла Тағаланы ғибадатта бір деп білу.
  3. Таухидул-Әсмаи уәс-сифат – Алла Тағаланы есім-сипаттарында бір деп бөліп қарастырады.

Ал Ибн Тәймияға дейін өткен ешбір ғалым таухидті бұлай бөліп түсіндірмеген. Төрт мәзһабтың сенімінде де таухидті бұлай бөліп түсіндірмейді.

Мұхаммед ибн Абдулуаһһабтың еңбектері негізінен ширк (Аллаға серік қосу) пен бидғаттар (дінге енген жаңалық) төңірегінде жазылғандықтан, Ислам дінін ұстанушыларды ширк пен бидғаттан арылту керек деп санайды. Оның пікірінше, жаһилия (надандық) кезіндегі мүшриктер қандай жағдай болсын Аллаға сенетін. Олардың ширкі қазіргі мұсылмандардың жасап жатқан ширкімен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл еді деп мұсылмандарды мүшриктерден бетер төмен санайды. Уаһабилер өздеріне қосылмаған және өздері секілді сенбеген (ақида ұстанбаған), амал етпеген мұсылмандарды мүшрик, адасқан деп санайды.

Олардың ұстанымы бойынша, Құран мен сүннет заһири (сыртқы, тікелей) мағыналары бойынша қабыл етіліп, амал етіледі. Аят пен хадисті тәуил ету – бидғат және адасушылық.

Әһлу сүннет ғалымдары орайы келгенде антропоморфизмге ұрынбау мақсатында сақтық таныта отырып, аяттарды тікелей мағынасымен емес астарлы (мәжази) мағынасында және араб тілінің рұқсат еткен шеңберінде қабылдаған. Мәселен, «Кімде-кім бұл дүниеде соқыр болса, онда ол ақыретте де соқыр. Және мүлдем жолдан адасушы» (15. «Исра» сүресі, 72-аят) деген аятты «екі көздің соқырлығы емес, рухани соқырлық» деп қабыл еткен. Егер тікелей айтылған күйінде қабыл етілсе, анадан туа бітті көзі көрмейтіндер тозақтық болады деген ұғым шығады. Сондықтан ғалымдарымыз осыған ұқсас астарлы мағынадағы аяттарды тәуил еткен.

Олар тек өздерінің пікірлерін ақиқат санап, өзгелердің ұстанымдарын теріске шығарды. Бұл жайында танымал ғалым Мұхаммед Әбу Заһра былай дейді: «Уаһаби ғалымдары өздерінің пікірлерін қате деп санамайды. Ал өзгелердің пікірлерін айтуға болмайтындай қате деп ойлайды әрі терістейді».

 Н.Каипбаев,

Тараз қалалық жастар ресурстық орталығы дін проблемаларын талдау секторының меңгерушісінің міндетін атқарушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.