Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нәзікжандылардың қоғамдағы рөлі зор

0 163

Әлемдегі әрбір мемлекет өзінің Конституциясына сәйкес, сыртқы және ішкі саясатпен айналысатыны белгілі. Өзінің атауы айтып отырғандай, сыртқы саясат – шет мемлекеттермен жүргізілетін қарым-қатынас, ал ішкі саясат – мемлекеттің тәуелсіздігін нығайтып, жаһандану процесiнен қалмай, алға қарай даму үшін қажетті тетіктердің бірі. Ал соңғы жылдары ішкі саясаттың бір құрылымы ретінде «гендерлік саясат» деген ұғым көп айтылып жүр. 2000 жылғы қыркүйекте өткен Мыңжылдық саммитте әлемнiң көптеген елдерiнiң лидерлepi БҰҰ Мыңжылдық декларациясын қабылдады. Оның сегiз мақсатының бiрi гендерлiк теңдiктi қолдау болып айқындалған.

«Gender» сөзi ағылшын тiлiнен аударғанда «жыныс» (еркек, әйел) дегендi бiлдiредi. Ал гендерлiк саясат – қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет. Еліміз егемендік жылдары гендерлік саясатты дамытуда үлкен жұмыстар атқарды. 1998 жылы Қазақстан Республикасының Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссия құрылды.
Біздің елімізде гендерлік саясаттың міндеттеріне мыналар жатады. Бірінші, билік құрылымына әйелдер мен ерлердің тең қатысуы, екінші, экономикалық тәуелсіздік үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, өз бизнесін дамыту және қызмет бабымен көтерілу, үшінші, отбасындағы тең құқықтар мен міндеттер үшін талаптар құру, төртінші, жыныс белгілері бойынша күштеу бостандығы. Біздің қоғамымыздың дамуында әйелдердің рөлін бұдан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда.
Былтырғы қаңтар айындағы мәлімет бойынша, елімізде 9,84 миллион әйел бар екені анықталған. Бұл көрсеткіш бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 1,2 пайызға көп. Яғни елдегі әйелдер саны республикадағы жалпы халық санының 51,4 пайызын құрап отыр. Сондықтан гендер, гендерлік теңдікке қатысты көптеген мәселенің белең алуы – бесенеден белгілі жайт. Себебі қоғам үздіксіз даму процесіне түскелі бері ерлер мен әйелдер үшін норма саналатын құқықтар һәм міндеттер, дәлірек айтсақ, гендерлік рөлдер біраз түрленіп, өзгеше бағыт ала бастады. Осы саясаттың сырын түсінбей, әйел деген азат деп ұрандатып жүрген бойжеткендердің саны да жылдан-жылға артуда. Бүгінде түндігі желбіремей, оң жақта отырып қалған қыздардың саны бір жыл бұрынғы статистика бойынша 350 мыңға жетіп қалыпты. Яғни жыл сайын «кәрі қыздар армиясы» көбейіп барады деген сөз. Мұны демографтарымыз қауіпті құбылысқа балап отыр. Заңды некеде тұрған ақжаулықтылардың төрттен бірін 16 мен 49 жас аралығындағылар құрайды екен. Мамандар соңғы жылдары отбасын құрған арулардың қатары 6 есеге дейін төмендеп кетті деп дабыл қағуда. Қазіргі жастардың 30-40 пайызы отау құруға құлықты емес. Олар үшін бала табу емес, жан бағу бірінші кезекке шықты. Елімізде «кәрі қыздардың» санын көбейтіп жүрген, мансап қуып, отбасылық құндылықтарды екінші сатыға түсіріп тастаған қыздарымыз қаншама. Әуелі материалдық жағдайды ойлайтын олар тұрмыс құруға келгенде тізгінді тарта тұруды жөн көреді. Жастардың отау құруына ынталы еместігіне бірнеше мәселелер басты себеп. Жалақының аздығы, баспананың болмауы, материалдық жетіспеушілік. Қыздардың көпшілігі ілім қуып, жастық шағын сарп етсе, жігіттердің дені материалдық жағдайын түзеп алайын деп уақыт өткізіп алады екен. Оның үстіне қыздардың дені ыңғай әйелдер ғана жұмыс істейтін ортада қызмет етуі өмірлік жолдас табуына кедергі келтіріп жатады. Етектен тартар тағы бір қауіпті құбылыс қылаң береді. Яғни кеш некенің кесірі «кәрі қыздармен» ғана шектелмей, олардың дүниеге ұрпақ әкелуі де қиындай түседі. Дәрігерлер тұрмысқа кеш шыққан қыздардың үштен бірінің ұрпақсыз қалуы мүмкін екенін айтады. Яғни біз «кәрі қыздар» проблемасын да алдымен шешіп алуымыз қажет. Бірақ қайтіп? Біреулер тоқал алу мәселесін түбегейлі шешу керек дейді. Оған кеңестік идеологиямен құрсауланған бәйбішелер дес бере ме? Егер екі-үш әйел алу туралы заң шықса, шағын мемлекеттердің «соғысы» басталып кетуі кәдік деп қауіптенетіндер де жоқ емес. Сонымен, бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Сондай-ақ елімізде «кәрі қыздардың» көбеюі демографиялық ахуалымызды дамытуға үлкен соққы екені сөзсіз. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы жеңгетайлық дейтіндер де табылады. Алайда екі жастың жаманын жасырып, жақсысын асырып, үйленуіне сеп болатын жеңгетайлардың да бүгінде аузы күйген. Оған себеп – жастардың мінезі. Өйткені бүгінгі жастардың психологиясы мүлдем бөлек. Эгоизм дертіне тұсалғандар өзінікін жөн санап, «менікі дұрыс, неге мен төмендеуім керек?» деген сияқты отбасын сақтап қалуды емес, өзінікін жөн деумен-ақ діңкелейді. Мұндайда «машайық қашыпты» дегендей, ертеңгі күні «сен тауып бергенсің» деген өкпе мен наладан жеңгелеріміз айналып қашатын болған. Мамандардың айтуынша, «кәрі қыздардың» орташа жасы – 40 жас. Көн етіктіні менсінбей, көк етіктіні іздеп жүргенде уақытын өткізіп алатындардың дені жоғары білімді. Ал «тақиялы періштелердің» саны да аз емес. Бұл өз алдына бөлек әңгіме.
Бүгінде «Әйел мен ердің теңдігі бірдей тұру керек» деген ұстанымға қатты беріліп кеткен қыз-келіншектеріміз біртін-біртін Батысқа еліктеп бара жатқандай көрінеді. Мұның тағы бір басты себебі болып отыр-ған – психолог-коучтар. «Әйелдің басты мақсаты – нәзіктік, отбасын құру, ана бақытын, әйел бақытын сезіну» деп кеңес беретін үлгі аларлық психологтардың аздығы. Кеше ғана отбасын құрып, отбасылық құндылықтар туралы ақыл айтып шыға келетіндерді айтпағанда, «әйелдер де ерлермен теңдей табыс табу керек» деп үгіт-насихат жүргізіп жүргендердің де саны аз емес. Десек те, психологтардың көмегіне жүгінуден бұрын көз көрген өмірден ұтқан жетістіктері көп батыр аналарымыздан, асыл әжелерімізден кеңес сұрасақ, тегін өмірлік кеңестер болары анық.
«Қыз деген ана, ана деп қана бағала, оны бағала» демекші, қыздың өмірдегі ұтқан жетістігі – асыл жар, аяулы ана болу. Осы бақытты бағалай алмайтын жастар көп қой қазір. Қыздар өз бағытынан тайып кетпеуі керек. Қызды жоқшылық құртады емес пе, ақшаның жетіспеуінен көп қыздар мансап қуып кетеді, я болмаса отбасылық тәрбиеден. Ол әр қыздың санасына байланысты. Отбасы мен мансапты қатар алып жүре алатын ақылды әйелдер көп қазір. Әрине, ері қамқор, әйелі ақылды болған шаңырақ бақытты болады. «Менікі дұрыс» деп менмендікке салмай, өзара түсінісу керек. Кейде соқыр, кейде мылқау болып тек жақсы кездерді есте қалдыру керек. Әйел отбасы ошақ қасының қасында әдемі. Тағдыр әркімді әртүрлі сынайды. Ешкімге ешқашан еліктемеу қажет. «Теңін тапса, тегін бер» дейді ғой қазақта, қыз кезінде еркін болсын, ерке болсын, бірақ әйел ерден қаймығу керек.
Әрине, әйелдің жалғыз жүруіне тек мансап қана кінәлі емесі анық. Бүгінде ажырасу белең алып тұрған шақта отбасын құрып, оны сақтау қиын. Әйелдің нәзіктігін ұмыттыратын ер азаматтардың да қарасы қаншама. Мансаптың соңында кететін әйелдердің басым бөлігі ажырасқан әйелдер қауымы, сондай отбасыларын сақтай алмағаннан олардың психологиясында отбасылық өмірге деген нашар көзқарас пайда болады, соның салдарынан артынан ерген құрбы сіңлілеріне отбасын құруға асықпауға кеңес береді. Сондай-ақ материалдық жетіспеушіліктің құрбаны болмас үшін бірінші орынға табысты болуға үйретеді. Тек отбасылық тұрғыдан емес, қыз баласының бала күннен жоқшылықта өсуі де осыған әкеліп соғады. «Қызды жоқшылық құртады» дегендей, жетіспеушілікте өскен қыз баласы өскенде бай-қуатты өмір сүргісі келу жолында табыс табудың соңына түсемін деп басты мақсатын ұмыт қалдырады.
Жалғыздықты ту еткен қыздардың бас-ты мәселесі тек жетіспеушілік болмаса мансаптың соңында кеткендік емес, соның ішінде күнде естіп-көріп, тіпті естігенде елең етпейтіндей дәрежеге жеткен зорлық-зомбылықтың құрбандары да бар.
Жоғарыда айтқандарды қорытындылай келе, елімізде кәрі қыздардың көбеюі жігіттерге сын ба, әлде аруларымызға мін бе? Алдағы уақытта қазақтың әр қызы өз жарын кездестіріп, сәби сүйіп, бақытты өмір сүреді деген тілектеміз. Қазақтың әр қызы бақытқа лайықты, тек сол бақытты болашақ жарынан көре білсе екен.

Жанерке Жанұзақ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.