Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әуестік әбестікке әкелмей ме?

0 333

Есірткі өнімі естен тандырып барады. Әсіресе жастардың санасын улап, қоғам үшін үлкен қауіпке айналған кеселмен күресу оңай болып тұрған жоқ. Бизнестің қайнар көзіне айналған бұл өнімді таратушылар жас талғамайтын болған. Қазір жастарымыз насыбайдан бастап, дәріханаларда сатылатын түрлі дәрілік препараттарды, ғаламтордан табатын есірткілік қоспаларды жиі қабылдап жүр. Бұл әлеуметтік дертке айналып барады. Осы дәрілер неліктен дәріханаларда жастарға еркін сатылады, әлде фармацевт мамандар бұл жайдан бейхабар ма? Есірткіге тәуелділікке бастайтын насыбай неге еркін саудаланады? Бұл мәселе бойынша Тараз қаласында қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Есірткі өнімі естен тандырып барады. Әсіресе жастардың санасын улап, қоғам үшін үлкен қауіпке айналған кеселмен күресу оңай болып тұрған жоқ. Бизнестің қайнар көзіне айналған бұл өнімді таратушылар жас талғамайтын болған. Қазір жастарымыз насыбайдан бастап, дәріханаларда сатылатын түрлі дәрілік препараттарды, ғаламтордан табатын есірткілік қоспаларды жиі қабылдап жүр. Бұл әлеуметтік дертке айналып барады. Осы дәрілер неліктен дәріханаларда жастарға еркін сатылады, әлде фармацевт мамандар бұл жайдан бейхабар ма? Есірткіге тәуелділікке бастайтын насыбай неге еркін саудаланады? Бұл мәселе бойынша Тараз қаласында қандай шаралар қолға алынып жатыр?

Насыбай нәубетіне тоқтам жоқ па?

Насыбай – құрамында есірткі бар алқа тұқымдасына жататын темекі өсімдігінен жасалтын, құмарлық үшін ататын зат. Ресеймен, Қытаймен етене араласып, сауда-саттық жасаудың нәтижесінде қазақ даласына темекі келіп, насыбай жасау, оны ату етек жайған. Темекінің құрғатылған жапырағынан мүштікке салып тартудың пайда болуы тәрізді, темекіні ұнтақтап, оған түрлі заттар қосып насыбай дайындауды көшіп-қонып жүрген қазақтардың әу- баста өзгелерден үйренгені хақ.

Ұлттық болмысымызға жат насыбай ату әдетінің ел арасында кеңінен тарағаны соншалықты, біздің тілімізде «Адам көңілі бір атым насыбайдан қалады» деген де мәтел бар. Осылайша насыбайдың зияндылығы естен шығып, елімізде насыбай атуға тыйым салынбаған. Насыбай ату қан қысымын көтеріп, ұйқыны қашыратындықтан, түнде жылқы баққан немесе жолға шыққан атты кісілер, қотан мен ауылды күзеткендер де, көңіл күйін көтергісі келгендер де насыбай атты.

Насыбай ату темекі тарту, араққа салыну, нашақорлық тәрізді дерт болғандықтан, оған үйренгендер бір мезет насыбай атпаса, басы ауырып, жүрегі соғып, мазасыз күйге түседі. Сөйтіп отырғанында насыбайды атып жіберсе, жаны жадырап, басының ауырғаны тыйылып қоя береді. Мұның «бас жазу» тәрізді қылық екенін түсінбейтіндер насыбайда сондай күш бар деп ойлайды. Сірә, сол себептен де шығар, насыбайқұмар қарттар атып жіберген насыбайының жанын сергітіп, көңілін көтергенін, басының сынып ауырып тұрғанының жазылып кеткенін айтып отырушы еді.

Жалпы, дәрігер мамандардың айтуынша, насыбайдың адам денсаулығына тигізер зияны өте көп. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе обырына ұшырататын әртүрлі радиоактивті қоспалар қосылады. Әрі насыбай ату адамның өмір сүру жасын қысқартады. Оны ататындар ауыз қуысы, ас қорыту жүйесінің қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге деген ынта-ықыласты азайтады. Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді.

Онколог және нарколог дәрігерлер насыбай қолданғандардың өмір сүру ұзақтығы кем дегенде 10-15 жылға кемитінін, астыңғы ерін ауыз қуысы, өңеш, асқазан, тері обырына себепкер бірден-бір зиянды зат екенін баяғыда-ақ дәлелдеп қойған.

– Әсері бірден миға шабатындықтан, ми тамырларының қысылуынан инсульт және инфаркт болу қаупі басым. Құрамындағы әкті жұтатындықтан, гастрит, асқазан жарасының да пайда болуы мүмкін. Санитарлық талаптарға сай емес, үй жағдайында дайындалатынын ескерсек, ішек инфекциясы да тез байқалады. Жануарлар тезегі қосылатындықтан, өкпеде құрт пайда болуы мүмкін. Ең ауыры – әйелдер бала туудан қалып, еркектер белсіздікке ұрынады, – дейді нарколог-дәрігер Манап Қалиев.

Насыбайды қала ішінде орналасқан кез келген базарлардан оңай тауып аласыз. Біз алысқа бармай-ақ, Тараз қаласындағы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы орналасқан ғимараттың артындағы кішігірім дүкеннен алғашқысын кездестірдік. Өзін Нұрлан деп таныстырған сатушы темекі, шемішкемен бірге еш қымсынбай-ақ насыбайды ашық түрде сатып тұр.

– Бәрі сатып жатыр ғой, біз базардағы сатушылардан аламыз. Оларға Алматыдан жеткізіледі. Мұның не зияны бар? Ата-апаларымыз бұрыннан бері атып келеді емес пе? Егер тыйым салатын болса, сатпаспыз, – дейді ол.

Кішкентай полиэтилен жасыл қапшықтардың біреуі – 180-200 теңге тұрады. Ол дегеніңіз – шамамен 2 бөлке нанның бағасы. Ал сатып алушылар көп. Сатушы жас та, жасамыс та, тіпті қыздар да алатынын жасырмады. Жарым сағаттың ішінде ол біздің көзімізше оншақты қапшықты сатып жіберді.

– Бірге оқитын жолдастарымның бәрі алып жатқасын, қызығып атып көрдім де, тәуелді болып кеттім. Бірақ көбірек атып қойсаң, басың ауырып, жүрегің айнып, құсасың, тамаққа тәбетің болмай қалады. Өткенде теледидардан мұның зияны туралы айтылған бағдарламаны көріп, пайдалануды сиреттім. Қазір анда-санда бір аламын. Негізі қажеті жоқтығын ұғып келемін, – деді өзін Мейірлан деп таныстырған жас жігіт.

Қоспалардан қор болып қалмаңыз!

Жастарымызды улап жатқан есірткілік заттардың тағы бірі – еркін сатылып жатқан өсімдік қоспалары немесе түсінікті тілмен айтсақ, шөптік микстер. Кептірілген шөп тәріздес, иісі де жағымды. Оны алғаш пайдаланған адам мүлде тәуелді болуға мәжбүр. Қолданған адам есеңгіреп, өзінің іс-әрекеттеріне жауап бере алмайтындай күйге түседі. Әсері қарасорамен бірдей.

Құрамында есірткілік заттар болғандықтан, мұндай өнімдердің таралуын тоқтату мақсатында «Есiрткi, психотроптық заттар, сол тектестер мен прекурсорлар және олардың заңсыз айналымы мен терiс пайдаланылуына қарсы iс-қимыл шаралары туралы» Заң қабылданған еді. Осыдан кейін-ақ республика бойынша шөптік микстерді сатуға тыйым салынды. Сол құжаттың күшімен ғана үлкен қалалардың ортасында, дүкендерде ашық саудаланатын шөп қоспаларына тосқауыл қойылып, арнайы шектеулер жасалған.

Шөптік микстердегі қоспалар марихуанадан да күшті әсер ететінін шетелдік мамандар дәлелдеп үлгерген. АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Австрия, Швейцария, Жапония сияқты елдер мұны пайдалануға мүлдем тыйым салған. Көршілес Ресейдің өзі дабыл қағып, тыйым салудың барлық тетіктерін іске қосты. Себебі әлгі шөптер кәдімгі есірткінің орнын алмастыра алады екен. Оны пайдаланған адам есінен айырылады, өз әрекетіне жауап бере алмайтын халге жетеді. Міне, жасөспірімдер арасындағы қылмыс атаулының басым бөлігі дәл осы сәттерде жасалатынын құқық қорғау өкілдері айтып отыр.

Мамандардың айтуынша, бүгінде үйдегі тәрбиенің осал болуынан есірткіге құмар жастарды жөнге салу жағы кемшін түсіп жатыр. Мәселен, жастардың көбі әлгі есірткі алмастырғыш заттарды түнгі клубтарда, түрлі көңіл көтеру орындарында қолданады.

Ал енді бұл шөптер жастарға неге қолжетімді деген сұраққа жауап іздер болсақ, оның сыры – ғаламторда. Ғаламтордың бетінде сұрау салсаңыз болғаны, әлгі шөптеріңіздің түр-түрінің жарнамасы толып-ақ тұр. Тапсырыс берсеңіз, үйіңізге дейін әкеліп беретін адамдар бар. Ал интернетке әркімнің-ақ қолы жетімді.

 

Дәрінің бәрі дауа емес

Енді дәріханаларда сатылатын, құрамында есірткілік заттар бар дәрілерге тоқталайық. Олардың құрамында кодеин деп аталатын есірткі заты бар. Мұндай дәрілерді сатып алушылардың дені – жастар, студенттер. Себебі, дәрінің құрамында есірткі барын жақсы біледі, әрі бағасы да арзан.

Біз Тараздағы бірнеше сату нүктесі бар (атын атамауды жөн көрдік) белгілі дәріханаға келіп, мәселенің мән-жайын сұрадық. Сонда жұмыс істейтін фармацевтің айтуынша, «тетралгин», «Демидрол», «Темпалгин», «Пенталгин» деген дәрілер лицензиядағы дәрілер құрамында бар. Оларды дәрігердің рецептімен босатады.

Ал «Трамадол» секілді дәрілерді сатып алу үшін арнайы үлгідегі бланкіге толтырылған дәрігердің рецепті және оны сатуға арнайы лицензия да қажет етіледі. Яғни есірткі құралдары, психотроптық заттар мен прекурсорларды сатуға арнайы лицензия алынуы тиіс. Әйтпесе заңмен қудаланады. Тіпті қанша түйір, қанша грамм сатылғанына да қатаң есеп жүргізіледі екен. Дәріханашының пікірінше, дәрі іздейтін жастар оларды алатын дәріханаларды бес саусағындай біледі.

– Дәріхана қызметкерлері өрімдей жастардың ағзасын улап, оларды трамадол сияқты психотропты препаратқа тәуелді етуден тайынар емес. Фармацевтердің көкейін ақша тескен, олар біреудің баласының тағдырына, ұлттың болашағына басын қатырғысы да келмейді. «Трамадолдың» адам ағзасына кері әсері героинмен пара-пар. Ресей мен Беларусь елдерінде трамадол есірткі қатарына жатқызылып, қолдануға мүлдем тыйым салынған. Қазақстанда дәрігердің рұқсатымен ғана тұтынылады. Бірақ мұны фармацевтер ескеріп жатқан жоқ, – дейді ол.

Біздегі барлық дәріханада дәріге қажетті нұсқаулық талап етіле бермейтіні ашық айтылып жүр. Соның салдарынан аталған препараттарды пайдаланушылар оңай олжаға кенелуде. Бұл қауіпті індеттің ошағын ауыздықтай алмай отырғанымыздың тағы бір дәлелі.

Жалпы, трамадолды немістің «Грюненталь» фармацевтикалық компаниясы 1962 жылы ойлап тапқан. Медицина тәжірибесінде трамадол – синтетикалы опиоидты дәрі. Оны ауыр жарақат алғандар мен онкологиялық ауруларды, сынықтарды емдеу кезінде қолданады. Өкінішке орай, синтетикалық дәрі нашақорлар арасында үлкен танымалдыққа ие. Әлем бойынша сатылымы рекордтық көрсеткішке жеткен. Наркологтардың айтуы бойынша кейінгі кездері нашақор диагнозы қойылған адамдардың көпшілігі трамадолды пайдалана бастағанын растап отыр.

– Оның өзіндік себебі бар. Есірткінің бағасы қымбат болғандықтан, олар қолжетімді бағамен «Трамадолды» сатып алады. Негізі, бұл дәрілер дәрігердің нұсқаулығымен сатылады. Алайда нұсқаулықсыз-ақ сата беретін дәріханалар бар. Оларға қатаң тыйым салған жөн, – дейді олар.

Әдетте, трамадолды жасөспірімдер күніне 2-3 таблеткадан бастап, 10 таблеткаға дейін ішеді екен. Тіпті бір адамның 30 таблеткаға дейін ішіп қойған кездері болған. Бастапқы кезде аталған дәріні жан рақаты үшін пайдаланады. Ал кейін оны дененің сынып ауыруын басу үшін қолдана бастайды. Яғни, тәуелділікке әкеледі. Мамандар қоғамдық иммунитет қалыптасып қалған «әдеттегі» есірткілердің орнын неғұрлым қауіпті синтетикалық есірткі түрлері басып жатқанын бірнеше рет айтқан, айтып та жатыр. Демек, синтетикалық есірткіні емін-еркін саудалап жүргендерді заңмен жауапқа тартып, жаза қолданбаса, жағдайдың одан сайын нашарлай түсері анық. Ол үшін өзекті мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастырған жөн. Әйтпесе жағдайдың оңалар түрі жоқ.

Осыған орай Тараз қаласында полицейлер «Дәрмек» аталатын жедел-алдын алу шараларын жүргізген еді. Шараның нәтижесінде бірқатар былықтың беті ашылды. Жекелей тоқталсақ, операция өткен 5 тәулікте 2 мыңға жуық есірткі құралдарының ампуласы мен 8 мың литр прекурсор тәркіленді. Сонымен қатар есірткіге қатысты құқық бұзушылықтың 34 дерегін анықталған.

Оның ішінде 13 қылмыс, яғни аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатында есірткіні заңсыз сақтаудың 4 дерегі (ҚР Қылмыстық кодексі 297-бабы), аса ірі мөлшерде есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтаудың 5 дерегі (ҚР Қылмыстық кодексі 296-бабының 4-бөлігі), өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсірудің 3 фактісі (ҚР Қылмыстық кодексі 300-бабының 1-бөлігі), құрамында есірткі заттары бар есірткі құралдарымен, психотроптық немесе улы заттармен жұмыс істеу қағидаларын бұзудың 1 дерегі (ҚР Қылмыстық кодексі 303-бабының 1-бөлігі) белгілі болған.

Сондай-ақ полицейлер ҚР Қылмыстық кодексі 296-бабының 1, 2, 3-бөліктері бойынша 2 қылмыстық теріс қылық (қоғамдық орындарда есірткі құралдарын медициналық емес тұтыну, есірткі заттарын өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтау), ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабының 1-бөлігі бойынша 19 әкімшілік құқық бұзушылықты (дәрілік заттар,  сондай-ақ медициналық мақсаттағы бұйымдар саласындағы фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзу), сондай-ақ ҚР құқық бұзушылық туралы кодексінің 427-бабының 1-бөлігі (есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы саласындағы объектілер мен үй-жайлардың техникалық нығайтылу талаптарын бұзу) бойынша заң бұзушылықтарды анықтады. Облыс бойынша барлығы 25 дәріхана, 10 медициналық мекеме тексерілген.

– Жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген 5 тәулікте барлығы 85 келі 234 грамм каннабис өсімдіктері, 538,5 грамм кептірілген марихуана, 8 мың литр «күкірт қышқылы» прекурсорлары, 765 грамм «улы заттар» және дәрілік есірткінің 1 960 ампуласы заңсыз айналымнан алынды, – дейді Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығы, полиция подполковнигі Әлім Бажықбаев.

 

Қорқорға құл болғандар саны артып келеді

 

Бүгінде кей мейрамханаларға кіре қалсақ, жүректі алатын иіс шығарып түтіндеп отырған адамдарды көзіміз шалады. Сол қылығын елге мақтан етіп, денсаулығына келер қауіпті ойына да алмай отырады. Жастар арасында сәнге айналған бұл дүние «қорқор» деп аталады.

Жалпы қоғамда қорқордың негізгі отаны – Шығыс елдері деп біледі. Себебі атаулы бұл дүние алғаш Үндістанда пайда болып, араға көп уақыт салмай-ақ бүкіл шығыс елдеріне тарап кеткен екен. Ал Еуропада қорқор шамамен ХІХ ғасырларда пайда болған. Сонымен бірге әр елде қорқордың атауы әртүрлі болып келеді. Мәселен, орысша «кальян» болса, араб тілінде «шиша» немесе «наргиле», «аргиле» деп атайды. «Наргиле» көбінесе Түркия, Грекия, Әзірбайжан, Ирак, Ливан, Сирия және Израильде кездеседі. Парсы тілінен тараған «наргиле» сөзі кокос деген мағынаны береді. Албания, Босния және Грекияда қорқор «лула» немесе «лулава» деп аталады, ал румын тілінде бұл «түтік» деген мағынаны білдіреді екен.

Ал біздің қазақ ше? Бұл дүниемен қашаннан бері таныс болды? Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романында мынадай сөйлем кездеседі: «…Бұл қалада бәрі де әдеттегідей, анау бөдене соғыстырған топ та, әне, анау қорқор тартып, геджак тыңдап отырған мырзалар да… Бәрі де күндегі салтында». Дегенмен мал бағып, сүт пен қымыз ішкен ертедегі қазақ халқы үшін бұл жат әдет болды. Кейін келе тәуелсіздігімізді алып, байтақ даласын кеңінен ашқан қазақты сырт елдер әуес еткені анық. Еліктеуші халық екеніміз өтірік емес. Қорқорды кәсіпке айналдыру мақсатында ұрпақ денсаулығын кейінгі орынға қойғаны рас дүние.

Десе де, бұл зиянды әдетпен күрес те жолға қойылған. Мәселен, жуырда ғана облыс орталығының аумағында «Қарасора-2023» және «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында мүдделі органдармен бірлесіп, профилактикалық іс-шаралардың тұтас кешенін жүргізуде.

Облыс орталығында Тараз қаласысының Полиция басқармасы, 1,2-полиция бөлімдері, прокуратура және Тараз қаласы әкімдігінің қызметкерлері, сондай-ақ еріктілер бірлесіп, ойын-сауық орындарында рейдтік тексеру шараларын  жүргізді.

Нәтижесінде 43 ойын-сауық мекемесінде ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 441-бабы (Қоғамдық орындарда темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салуды бұзу) бойынша 38 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталды. Бұл баптың санкциясы 15 айлық есептік көрсеткіш (51 750 теңге) мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жазаны көздейді.

Рейд барысында Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салу туралы ақпараты бар парақшалар таратылды.

– Тараз қаласындағы кафе-барлардың әкімшіліктеріне ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 422-бабы (Есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорларды өткізу және (немесе) медициналық емес тұтынудың жолын кесу шараларын қолданбау) бойынша әкімшілік жауапкершілік туралы ескертілді. Осы бап талаптарын бұзу шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 150 мың теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 300 мың теңге мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. ҚР ҚК 299-1 бабы (Есірткі құралдарын насихаттау және заңсыз жарнамалау) бойынша қылмыстық жауапкершілік көзделген, яғни үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, – дейді тараздық тәртіп сақшылары.

Жалпы алғанда, жоғарыда аталған заң бұзушылықтармен күрес күшейіп келеді. Кең даланың саф ауасымен тыныстап, қымыз бен шұбатты азық қылған, кесек тұлғалы, сымбаты келіскен бабаларымыз соңдарына көрсе көз тоятындай келбетті ұрпақ қалдырды. Олардың бойларына тек қазаққа ғана тән кеңпейілділік пен қонақжайлықты, еңбекқорлықты мұра етті. Атадан балаға қалған осындай асыл қасиеттерді мирас еткен ұлтымыздың ертеңі, кеудесінде ұлттық намысы бар әр адамның есінен шықпаса игі.

 

Еркін Сайын

 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.