Қалалық қоғамдық-саяси газет

Он саусағынан өнер тамған шебер

0 367

Ұлтымыздың қолөнері – сонау ықылым заман тарихымен бірге өсіп, біте қайнасып жатқан өте бай қазына. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып, тамырын тереңге жайған баға жетпес мұра. Сондықтан да халқымыз «Шебердің қолы ортақ» деп қолөнершілердің еңбегін жоғары бағалаған.

Көне шаһарымызда осындай он саусағынан өнер тамған нәзікжандылар аз емес. Міне, сондай шеберлердің бірі – Гүлнар Абдуллаева. Даласы қазақтың кестелі сырмағындай Сыр өңірінде 1967 жылдың 7 қыркүйегінде өмір есігін ашқан Гүлнар Исембайқызы 1989 жылы Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтының «Тігін өндірісінің технологы» мамандығын үздік нәтижемен тәмамдаған соң, алғашқы еңбек жолын Жамбыл тігін фабрикасында қарапайым шебер болып бастап, өндіріс бөлімінің меңгерушісі дәрежесіне дейін көтерілген. Түрлі себептермен фабрика жұмысы тоқтаған соң, үйде бос отырмай, құрақ көрпе, әйелдердің көйлектерін тігумен айналысып, уақыт өте келе қыз жасауын, бесік жасауын, киіз үй жасауын да тігіп, өз кәсібін бастайды. Дегенмен қос бүйірден қысқан нарық заманында қысқа жіп күрмеуге келмей, базар жағалап саудамен айналысуға мәжбүр болады.
Қолөнер шеберінің айтуынша, бұл кәсіпке қайта оралуына Қытайдағы қазақ қандастар себеп болған екен.
– Жиырма жыл бұрын тігін фабрикасында жұмыс істеп жүргенімде фабрика тоқтап қалды. Жұмыссыз қалған соң, үйде отырып тапсырыспен киім тіге бастадым. Кейін саудамен айналысып, Қытайдан тауар тасыдым. Қытай тілін білмегендіктен, сол елде тұратын қазақ қызын аудармашы етіп жалдағанбыз. Жұмыс бабымен жақсы араласып кеттік. Ол өзі ұзатылар кезде ауылына тойға шақырды. Мені таң қалдырғаны – сондағы тігіншілердің қолынан шыққан ұлттық киімдер, көрпе-жастықтар мен киіз үйдің безендірілуі болды. Қытайдағы қазақ қызының ұзатылу тойынан кейін ойыма түрлі идеялар келді. Осылай ұлтымыздың ортақ ою-өрнек өнеріне қайта бет бұрдым. Өткен жылдың қазан айында «Өшпес мұра» атты Жамбыл облысы қолөнершілер ассоциациясын ашып, қолөнершілердің басын қосып, үлкен жетістіктерге жете бастадық. Біздің құрамда тек қазақтың каракөздері ғана емес, орыс, кәріс, өзбек сынды этнос өкілдері жұмыс істейді. Жалпы ел арасында сиреп бара жатқан қолөнер шеберлерінің туындыларын, көне мұраларын тауып, оны түрлендіріп, жаңғырту – біздің парызымыз, – дейді кейіпкер.
Қазіргі таңда шебер жүннен шағын киіз басып, сырмақ тігуге көшкен. Сонымен қатар қыз жасауына сандықтар, құдалыққа қоржындар, тойбастар бұйымдарын да жасайды. Бастапқыда кәдесыйға киіз үй жасап жүрген тігіншіге түскен ең үлкен тапсырыс 2 күнде 12 киіз үй жабдығын даярлау болыпты. Ол жасаған үйлер облыстық көрмелерде де үнемі үздік танылып жүр. Сондай-ақ шебер өскелең ұрпаққа ұлттық ою-өрнекті дәріптеп, тегін шеберлік сағаттарын өтіп тұрады. Кәсібін киіз үй жабдықтарын тігуден бастаған Гүлнар алдағы уақытта қазақтың осы бір ұмыт қалған ою-өрнек өнерін әлем назарын аударатын деңгейде дамытуды қолға алмақ ниетте.
Әрине, еткен еңбек ешқашан елеусіз қалмайды. Көне шаһардың халықаралық қолөнершілер қаласына айналуына айтарлықтай үлес қосқан Гүлнар Абдуллаева бастаған шеберлерді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қабылдап, ұлт өнерін ұлықтаған азаматшаларға зор алғысын білдірсе, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Әулиеатаның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін Құрмет грамотасымен марапаттапты.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.