Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ауылдардың көркеюі – ел дамуының көрінісі

0 265

Өңірлік саясатты жетілдіру ісі – елімізді дамытудың, халықтың атқарушы билікке деген сенімін арттырудың, азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдаланудың тиімді жолы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында еліміздің қазіргі сын-қатерлерді еңсере отырып, келешекке сеніммен қадам жасауы үшін бүгінгі басты мақсат-міндеттерді нақтылап берді. Соның ішінде өңірлік саясатты уақыт талабына сай жетілдіруге қатысты міндеттерге басымдық берілуі көпшілік көңілінен шықты деуге болады.

Аталған бағытта қолға алынған ауқымды шаралардың оң нәтижесі қоғамда анық байқалып отыр. Оған жергілікті жерлердегі әлеуметтік-экономикалық қордаланған мәселелердің шешіле бастағаны, тұрғындардың өз өңірлеріндегі, ауылдарындағы түйткілдерге байланысты шешімдер қабылдауға қатысуының деңгейі өсе түскені, төртінші бюджетті қалыптастыру бағытында нақты әрі жүйелі шаралардың қолға алынуы және басқа игі қадамдар айғақ. Осының нәтижесінде Жамбыл облысындағы ауылдық округтердің әлеуеті жыл өткен сайын артуда.

Қарасаздағы қарқынды істер көз сүйсінтеді

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл халқы қалаға жаппай ағылып, көптеген елді мекендер қаңырап бос қалғаны шындық. Алайда қолға алынған кешенді жоба-жоспарлардың нәтижесінде бұл олқылықтың орны толып, ауылдардың бойына нәр жүгірді. Әсіресе инфрақұрылымның игілігін сезінген шалғай елді мекендер дамудың даңғыл жолына бет түзеді. Бұл тұрғыда Жуалы ауданындағы Қарасаз ауылдық округін айрықша атап өткеніміз абзал.
Бүгінде Қарасаз ауылдық округі бойынша 5 елді мекен, 15 көше, 3 578 халық, 783 аула, 15 ұлт өкілі бар.
Қазіргі таңда ауылдардың басты мәселесі жұмыссыздық екені белгілі. Бұл бағытта Қарасазда ауқымды жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, былтыр «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» шеңберінде 362 адам жұмыспен қамтылса, ағымдағы жылдың 6 айында 171 адам жұмысқа орналасқан. Сондай-ақ биыл округ тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарламаның 5 негізгі бағыты бойынша 160 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Яғни тағы 160 тұрақты жұмыс орны қосымша ашылады.
Ауыл шаруашылығы саласы да алшаң басуда. Айталық, округте ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі – 20 571 гектар, оның ішінде егістік жер көлемі – 12 178, жайылымдық жер көлемі – 7 625, шабындық жер 24 гектарды құрайды. Оның 1 263 гектары егістік жері округ аумағында орналасқан «Ақсанат» ЖШС-не, №16 Жуалы колледжіне және сорт сараптау бөлімшесіне тиесілі. Ал шаруа қожалықтар еншісінде 10 915 гектар егістік жер бар екен. Сонымен қатар 2023 жылы жоспар бойынша 10 915 гектар егістік жерді игеру керек болса, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан бүгінде 10 915 гектар егістік жер игеріліп, жоспар 100 пайыз орындалған.
Көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін мемлекет тарапынан ауылдық округке 310 тонна жеңілдетілген бағамен жанар-жағармай бөлініп, округ шаруа қожалықтарының қажеттіліктеріне жұмсалған. Сонымен қатар шаруаларға элиталық тұқым алу бағыты бойынша да түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде межедегі көрсетілген жоспар орындалды. Элиталық тұқым алу жоспары 8 тонна болса, орындалғаны – 14,5 тонна. Ал шаруаларға ағын су тапшылығын болдырмау мақсатында «Береке», «Көктас» және «Жүрімбай» каналдары тазаланып, 28,65 гектар жерге су баратындай жағдай жасалған. Бұдан бөлек, 8,6 шақырым шаруа қожалықтың арықтары механикалық жасақтардың күшімен тазаланып, 170 гектар егістік жер суармалыға айналдырылған.
Қазіргі таңда округ бойынша 160 кәсіпкер, 238 шаруа қожалығы бар. Осыған орай, жиындар ұйымдастырып, аула аралау арқылы мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіре отырып, шаруаларға бағдарламаны тиімді ету нәтижесінде мал шаруашылығын дамыту мақсатында шаруа қожалықтар, жеке кәсіпкерлер «Ұлттық жоба» бағдарламасы және ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы 5-6 пайыз арзандатылған несиеге өтініш беріп, жалпы 23,5 миллион теңге несие алып, сол қаржыға жылқы және ұсақ малдарды сатып алу арқылы шаруасын кеңейткен. Осылайша жалпы сүт бағыты мен мал алу бойынша 2022 жылы 109 014 780 теңге субсидияланған. Ағымдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таппақ. Округте егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығы да тұрақты даму үстінде. Округ тұрғындарының көпшілігінің табыс көзі мал шаруашылығымен тікелей байланысты болғандықтан, ата кәсіпті дамыту ерекше орынға ие. Бүгінгі таңда округтегі мүйізді ірі қара мал саны 4 848 басты, ұсақ мал саны 12 014 басты, жылқы 876 басты, құс 11 970 басты құрайды.
Округ бойынша 7 625 гектар жайылым жер болса, оның 1 484 гектары елді мекендердің жерлері, 6 141 гектары шаруа қожалықтарға тиесілі. 2022 жылы шаруаларға тиесілі 546 гектар кері қайтарылса, елді мекен жерінен 12 гектар мемлекет меншігіне өткен. Сондай-ақ босалқы жерлерден 484 гектар қосылған. Ағымдағы жылы да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, жыл соңына дейін шаруа қожалықтар еншісіндегі 424 гектар жайылым жерді кері қайтару жоспарлануда. Сонымен қатар ағымдағы жылы 13 шаруа қожалық пен жеке тұрғындар жалпы 2 736 бас малдарын сыртқа шығарды. Бұған қосымша 3 шаруа қожалық жетекшілерімен меморандум жасалған.
Ауылда кәсіпкерліктің де көкжиегі кеңейіп, 2022 жылы өз қаражаты есебінен іске асырылған құны 74 500 000 теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, ағымдағы жылдың 6 айында құны 11 миллион тұратын 2 жоба іске асырылып, 3 адам тұрақты жұмыс тапқан.
Округ әкімі аппаратының негізгі міндеттерінің бірі ауыл бюджетін тұрғындар есебінен төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер арқылы толықтыру екені айқын. Салық жинаудың жылдық жоспарына сәйкес, 6 айдың қорытындысы бойынша 8 917,0 теңге түсім түсіп, 112,7 пайыз орындалған.
«Ауыл – ел бесігі» жобасы қарасаздықтар үшін табысты жүзеге асырылуда.
– Аталған бағдарлама аясында 177 миллион қаржы бөлініп, округімізде 4 жоба іске асырылуда. Олар – Қарасаз ауылындағы Жамбыл көшесін бұрылыстарымен, Абай көшесі, Бірлік көшесінің жапсарлас бөліктерімен, Ы.Алтынсарин көшесі және Бірлік көшесінің 1-ші және 3-бұрылыстарының жолдарын орта жөндеу жұмыстары. Аталған ауылішілік жолдар бойынша Абай көшесі, Бірлік көшесінің жапсарлас бөліктерімен, Ы.Алтынсарин көшесі және Бірлік көшесінің 1-ші және 3-бұрылыстарының жолдарын орташа жөндеу бойынша «Жамбыл ДорМост строй Сервис» ЖШС жеңімпаз атанып, бүгінгі күнге көрсетілген жұмыстарды толықтай аяқтады. Ал Жамбыл көшесінің бұрылыстары мен жолдарын орта жөндеу жұмыстарын «Инвест-mk» ЖШС жеңіп алып, бүгінде асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар округ бойынша 15 көшенің 1-і облыстық деңгейдегі, 2-і аудандық деңгейдегі, 12-і ауылішілік жолдар. Бүгінгі таңда 12 ауылішілік жолдардың 11-і асфальтталса, 1 көше 2024 жылдың жоспарына енгізілді. Ол – Нұрлы жол көшесі. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 6 айында Қарасаз ауылының Гагарин көшесіне жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, округ бойынша 15 көшенің 14-і жарқырап тұр. Бұдан бөлек, Ақбастау ауылының Қойгелді көшесіне жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, қаржы бөлінісімен орындалады.
Округ бойынша 5 елді мекеннің барлығы толықтай газдандырылған, электр жарығымен қамтылған. 5 елді мекеннің 3-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылса, Көктас және Қарасу ауылдары ауыз су жүйесіне қосылмаған. Алдағы уақытта Қарасу ауылын ауыз сумен қамту мақсатында Жүрімбай ауылынан ауыз су жүйесін тарту жоспарланса, 2024 жылы Көктас ауылына модульдік ауыз су жүйесін тарту көзделуде, – дейді ауылдық округ әкімі Жанар Нұрмұратқызы.
Ауылдың әлеуметтік саласында да оң өзгерістер баршылық. Бүгінгі округтегі 2 орта мектептің жағдайы қалыпты, жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізілуде. 3 елді мекен бойынша оқушыларды тасымалдау жұмыстары оңтайлы ұйымдастырылған. Сонымен қатар округтегі 5 елді мекен тұрғындарының денсаулығын сақтау бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Нақтырақ айтсақ, округ орталығы Қарасаз ауылында 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория жұмыс істейді. Қалған 4 елді мекенде 5 келушіге арналған фельдшерлік пункттер орналасса, Көктас ауылындағы фельдшерлік пункттің жағдайы нашар, жаңа ғимарат соғуды қажет етеді екен. Сол себепті жаңа ғимарат салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, қаржыға сұраныс берілген. Бұл мәселе 2024 жылы өз шешімін таппақ. Бұған қоса округте 203 орындық мәдениет үйі және 20 865 кітап қоры бар кітапхана орналасқан. Руханият ордасына келушілердің саны жыл сайын артып келеді.
Ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізу мақсатында да тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Айталық, Қарасаз ауылдық округінде жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша, рухани-мәдени бағытта, діни бағытта, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында барлығы 33 семинар, жиын, кездесу және түрлі іс-шаралар ұйымдастырылған. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, бүгінгі күні округте 14 пен 29 жасқа дейінгі 1 298 жас бар. Олардың 239-ы жоғары оқу орнында оқыса, 57арнаулы оқу орындарында білім алуда. Отан алдындағы әскери борышын өтеуге 2022 жылы 11 азамат шақырылса, биылғы жылдың 6 айында 6 азамат әскердегі борышын өтеуге аттанған. Округте жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру бойынша жұмыстар да өз деңгейінде жүргізілуде. Оның дәлелі ретінде ауыл жастары арасында жүйелі өтіп тұратын спорттық сайыстар мен жарыстарды айтуға болады. Сонымен қатар ауыл жастарынан жасақталған еріктілер тобы елді мекендегі жасы үлкен қариялар мен әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасылардың үйлеріне барып, көмектер көрсетуде.
Ерекше атап өтерлігі, спортқа да айрықша ден қойылуда. Айталық, округ бойынша 8 спорттық алаңша, 3 street workaut, 1 үлкен стадион бар. Ағымдағы жылдың 6 айында мұнда 22 спорттық іс-шара өткізілген. Округ бойынша спорттық кешендер қажет етіледі. Соған байланысты Қарасаз ауылына спорттық кешен салу 2024 жылға жоспарланса, Ақбастау ауылына спорттық алаңша салу бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасалып, қаржыға сұраныс берілген.
Қоғамдық қауіпсіздікті, қылмыс және құқық бұзушылыққа қарсы күресті қамтамасыз етіп, ауыл тұрғындары арасында бұзақылықтың, тәртіп бұзушылықтың алдын алу мақсатында округтің учаскелік полиция инспекторы мен округ әкімі аппаратының мамандары өзара бірлесіп іс-шара жоспарына сәйкес жұмыстар атқаруда. Жыл басынан округте 1 қылмыс тіркеліп, 399 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның ішінде Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 505-бабы бойынша 1 айыппұл салынса, округ әкімі аппараты тарапынан да 1 айыппұл белгіленген. Сонымен қатар аталған Кодекстің 408-бабы бойынша 7 айыппұл салынған. Қуантарлығы, әкімшілік аумақта ауыр қылмыс және аса ауыр қылмыстар, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар, қоғамдық тәртіпті бұзу деректері орын алмаған.
«Туған жерге туыңды тік» дейді халық даналығы. Кіндік қаны тамған алтын бесік ауылын ұмытпай жүрген жандар қандай құрметке де лайық. Қарасаздық атымтай жомарт азаматтар да өз туған өлкелеріне барынша көмек қолдарын созуда. Мәселен, былтыр округке қарасты Ақбастау ауылының тұрғыны, аз қамтылған жас Назым Қалдыбектің отбасына тұрғындар бірлесіп, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлердің ұйымдасуымен «Асар» бағдарламасы бойынша 3 500 000 теңгеге тұрғын үй салып берсе, биыл Жүрімбай ауылының тұрғыны Инга Бальчунайтеге арналған баспана бой көтеруде. Сондай-ақ Ақбастау ауылының тумасы Жандос Баетов өз қаражаты есебінен ауылда бос тұрған ескі дүкен ғимаратын 2 миллион теңгеге сатып алып, 5 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, «Рысбек» спорт клубын ашты. Қазіргі уақытта 50 балаға арналған онда үстел теннисі, бокс, күрес үйірмелері жұмыс істеуде. Сонымен қатар спорт клубының ауласына 14 миллион теңгеге спорт алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде кіші футбол алаңшасы, волейбол алаңшасы, «Street workout» алаңшасы орналасады. Бұдан бөлек, «Жомарт түлек» жобасы аясында Медетовтер отбасының немерелері Жүрімбай ауылына оқушыларға арналған екі аялдама құрылысын жүргізіп, ел игілігіне берсе, Матеевтер отбасы Қарасу ауылына заман талабына сай оқушыларға арналған екі аялдаманы тарту еткен.

Қарасайдағы қарышты қадамдар

Облыс орталығы Тараздан 420 шақырым қашықтықта орналасқан Қордай ауданының Қарасай ауылдық округі де бүгінде дамудың даңғыл жолында. Аталған округтің құрамына Қарасай батыр және Еңбек ауылдары кіреді. Мұндағы 14-ке жуық ұлт өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрмыс кешуде.
Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қарасай ауылдық округінің ауылішілік жолдары және қиылыстары 100 пайыз орташа жөндеуден өткен. Сондай-ақ 57 миллион теңгеге 100 орындық Еңбек ауылының клубына күрделі жөндеу жүргізілсе, салауатты өмір салтын дамыту мақсатында Қарасай батыр және Еңбек ауылдарына шағын футбол алаңшалары салынған. Бұған қоса, 2022 жылы құрылысы бастаған спорттық сауықтыру кешені де ағымдағы жылы қолданысқа берілмек. Бұл, әрине, ауыл жастарының спортқа деген құлшынысын арттырады деген сөз.
Білім саласының да округте көкжиегі кеңеюде. Айталық, мұнда 650 оқушыға арналған 3 оқу ордасы бар. 2020 жылы 225 миллион теңгеге Мағжан Жұмабаев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, елді мекенде 150 орындық 3 балабақша жұмыс істеуде. Осылайша ауылдың барлық бүлдіршіні мектепке дейінгі біліммен толық қамтамасыз етілген. Халықтың денсаулығын сақтауға да ерекше екпін түсірілуде. Соның анық айғағы – ауылдық амбулаторияда тұрғындарға 23 медицина маманы қызмет көрсетуде. Аталған емдеу нысанына талапқа сай күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Ауылдан түлеп ұшқан азаматтар туған өлкелеріне үнемі демеушілік көрсетіп келеді. Соның арқасында ауылдың көкжиегі кеңейіп, жылдан-жылға көркеюде. Осы орайда «Жомарт түлек» жобасы аясында ауыл жастары және осы елді мекеннен шыққан меценаттар 2 гектар жерді қоршап, ағаштар отырғызып, «Алмалы саябағының» бой көтеруіне септігін тигізгенін айта кеткен абзал. Еңбек және Қарасай батыр ауылындағы мешіт асханасына күрделі жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілгені – ауыл түлектерінің теңдессіз тартуы.
Елді мекен тұрғындарының негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Бүгінде округ бойынша 96 шаруа қожалығы тіркелген. Олардың ауыл шаруашылығына пайдаланатын жер көлемі 17 000 гектарды құрайды. Мұндағы шаруа қожалықтар негізінен егін, мал шаруашылығы, оның ішінде мал бордақылау, мал өсіру, бие байлап, оны сауып, қымыз ашыту, сауынды сиырларды көбейтіп, сүт өнімдерін ұлғайту, асыл тұқымды бұқаларды көбейту және алма, алмұрт бақтарын өсірумен айналысады. Мемлекет тарапынан берілетін түрлі бағдарламалардың арқасында шаруа қожалықтардың кәсібі кеңейіп, өнім көлемі артуда.
Округ әкімі Күлжахан Елемесованың айтуынша, елді мекен инвестиция игілігінен де кенде емес екен.
– Жаһандану заманында инвестиция тарту тек қалалы жерлерге емес, шалғай ауылдарға тартылып, өз жемісін беруде. Кеңес үкіметі тұсында ауылымыз алмасымен асқақтап, әлемге танымал болған. Ауылды дамыту мақсатында жойылып кеткен бақтардың орнына алма бағын өсіру үшін инвестиция тартылды. Жалпы жер көлемі – 160 гектар, оның ішінде 118 гектар жерге интенсивті алма бағын тамшылатып суғару жүйесімен өсіруде. Осының нәтижесінде бүгінгі таңда «Азия сад» ЖШС ауыл тұрғындарын 30 адамды тұрақты жұмыспен, 300 адамды маусымдық жұмыспен қамтып отыр. Аталған компанияның болжамды жылдық кірісі 2022-2023 жылы 2,7 миллиард теңгені құрады. Мәселен, былтыр жеміс сақтайтын тоңазытқыш қойма құрылысы басталып, 2023 жылы қараша айында аяқтауды жоспарлап отыр. 30 орындық жатақхана құрылысы да бой көтерді. 2024 жылға алма бағын 50 гектарға ұлғайтып, 100 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде. Алдағы уақытта өнім көлемі мен алма сапалы мүмкіндік берсе, экспорттау мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» бойынша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз мемлекеттік грант алуға 5 азамат ниет білдіріп, қайтарымсыз грантты алып, өз кәсіптерімен айналысуда. Тағы бір айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, округке қарасты 2 ауылда газбен жабдықтау желісі тартылуда. Аталған жұмыстар Қордай ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдар бөлімі арқылы жүргізілді. Бүгінгі күнге Қарасай батыр ауылы бойынша 671 аулаға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, Қарасай батыр ауылында – 30, Еңбек ауылы бойынша – 196 аула, оның ішінде 50 адаммен келісімшарт жасалды, – дейді Күлжахан Алмасқызы.
Сонымен қатар ағымдағы жылы Қарасай ауылдық округінде Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін жалпы 786 миллион теңге қарастырылып, 5 бағыт бойынша жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, 1-бағыт – үй іргесіндегі жерді игеру, 2-бағыт – мал шаруашылығы, 3-бағыт – ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану, 4-бағыт – кооперативтерді техникамен жабдықтау, 5-бағыт – өз кәсібін ашу бойынша ауыл тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, олардың кепілдікке қоятын мүліктерінің құжаттары даярлануда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жоғарыда аталған құнды құжатта: «Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек. Басты мақсат – олардың Өңірлік стандарттар жүйесіне сай болуын қамтамасыз ету. Бұл ұстанымдар Аумақтық даму жоспарында бекітілуге тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту – басым бағыттың бірі», – деген еді. Бұл, әрине, ауылдарға зор жауапкершілік жүктейді. Себебі елді мекендер өркендесе, еліміздің де көркейе түсері даусыз.

Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.