Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қордайдағы қарқынды жұмыс көңіл қуантады

0 304

Мемлекет басшысы 2025 жылы Қазақстан халқын 100 пайыз таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Бұл бағытта бүгінде ілкімді істер ілгерілеп, күрделі мәселе өңірлерде оң шешімін тауып келеді. Жүйелі жұмыстарды жалғастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте аталған өңірлердегі халықты таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған жобаларға қажетті қаражат қарастырылған.

Аталған тапсырманы орындау мақсатында Жамбылда істеліп жатқан жұмыс аз емес. Мәселен, былтырдан бері Қордай ауданының бірқатар округтерінде ауыз сумен қамту жұмыстары қолға алынған болатын.
2022 жылы ауданның 5 елді мекенге таза ауыз су жүргізу бастамасы оңды қолдауын тауып, қаражат бөлініп, бүгінгі күнге тиісті құрылыстар жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтқанда, аудандағы Сарыбұлақ ауылына – 693 миллион теңге, Ноғайбай ауылына – 657 миллион теңге, Степное ауылына 682 миллион теңге қаралып, аталған қаражатқа елді мекендердің ауыз су жүйесін қайта жаңғырту ісі басталып кеткен еді. Сонымен қатар Қайнар ауылына 772 миллион теңгеге, Қарасу ауылына 174 миллион теңгеге ауыз су жүйесінің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Өткен жылдан биылға өтпелі болып саналатын жобалар аясындағы жұмыстар қарқынды жүруде.
Жекелей тоқталар болсақ, Қарасу ауылына су тарту жұмыстарының мердігері болып «ТаразСтрой-2004» ЖШС анықталған. Өткен жылы басталған шаруа аясында ауылішілік су құбырлары толығымен жүргізіліп, 576 дана құдық орнатылған. Тереңдігі 150 метрді құрайтын ұңғыма қазылып, су жинағыш қоймасының құрылысы аяқталған. Сонымен қатар электр трансформаторлары мен бағаналар орнатылып, электр жүйесі жүргізілген. 2 су мұнарасы орнатылған. Бүгінгі күнге ауыз су жүйесінің құрылысына қосымша келісімшартпен жұмыстар жалғасуда.
Сол секілді, Ноғайбай ауылындағы су жүйесін жаңартуға «Сәт Сервис» ЖШС жауапты болып белгіленген. Мердігер компания бүгінге дейін ауылішілік су құбырларын толығымен жүргізіп, 130 нүктеге құдықтар орнатып үлгерген. Бұдан бөлек, 130 метрлік ұңғыма қазылып, су жинағыш құру жұмыстарымен айналысуда. Қазіргі танда мердігер қосымша келісімшартқа сәйкес құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Оның айтуынша, жалпы жұмыс көлемінің 80 пайыз орындалған.
Ал Степной ауылындағы құрылысты «Мелиоратор» ЖШС жүргізуде. Елді мекенде 110 нүктеге құдықтар орнатылып, 125 метрлік ұңғыма қазылған. Бүгінде ауылды сумен қамтамасыз ететін су жинағыш қоймасының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар электр трансформаторлары мен бағаналар орнатылып, электр жүйесі жүргізілген. Бүгінге дейін 75 пайыз жұмыс орындалып үлгерген жоба бойынша ауыз су жүйесінің құрылысына қосымша келісімшартпен жұмыстар жалғасуда.
Сарыбұлақ ауылында да құрылыс қарқынды жүруде. Елді мекенді таза ауыз сумен қамту ісін мойнына алған «Мелиоратор» ЖШС бұл ауылда да 82 жерге құдық орнатып, тереңдігі 130 метр болатын ұңғыма қазып қойған. Мердігер бүгінде су жинағыш қоймасының құрылысын жүргізуде. Сондай-ақ сорғы станциясының орнын қазып, трансформатор мен бағаналар орнатқан. Электр жүйесі жүргізілген нысандағы жұмыстар қазіргі уақыта 75 пайызға аяқталған. Бүгінгі күнге ауыз су жүйесінің құрылысына қосымша келісімшартпен жұмыстар жалғасуда.
Бұдан бөлек, ауданда Масанчи ауылдық округі Күнбатыс-2 ауылында 643,2 миллион теңге «Күнбатыс ауылының сервистік желілерін тарта отырып, су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу» жобасы қолға алынып отыр. Жобаны орындаушы болып «Темірстрой Сервис» ЖШС белгіленген.
Аталған мердігер компания Еңбек ауылында да жұмыс жүргізбек. «Сервистік желілерді жүргізе отырып, су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу» жобасына бюджеттен 801,8 миллион теңге қаралып отыр.
Ал «Отар ауылының «Шанхай» тұрғын алқабында су құбыры желілерін кеңейту, Жамбыл, Кебекбай, Абай, Достық көшелері бойынша су құбыры желілерін салу» жобасы жүргізіледі. Аталған жұмыстардың жалпы құны 192,9 миллион теңге болып бекітіліпті.
Сондай-ақ Қордай ауылындағы «Партизан» шағынаудандарының сервистік желілерін және Қордай ауылының Цемзауытын тарта отырып, су тарту құрылыстары мен су құбыры желілерін салу жұмыстары да жолға қойылған. Ауқымды жобаға қазына қаражатынан 1 миллиард 122,6 миллион теңге бөлінеді.
Ауданда, сонымен қатар тағы бірнеше ауылға таза тіршілік нәрін тарту жұмыстары да қолға алынып отырғанын айту керек. Қазіргі таңда Соғанды, Шарбақты және Бәйтерек секілді 3 ауылды сумен жабдықтау бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Мемлекеттік сараптама қорытындылары аяқталған жағдайда, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім ұсынылмақ. Бұл қатарда Гвардейск қалашығы да бар. Онда қызмет көрсету желілерін жүргізе отырып, су құбыры желілерін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін қажетті құжаттар әзірлеуіне Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына бюджеттік өтінім тапсырылған.
Тонналап көмір түсіріп, қыстай үйдегі температураны тоңбастай етіп сақтауға жанталасқан, таңмен күлін шығарып, көк түтінмен алысқан шақты Қордай ауданындағы бірқатар ауыл тұрғындары ұмыта бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы тапсырмасының аясында ауданымызда ауқымды жұмыстардың атқарылғаны белгілі.
Президенттің игі бастамасының шапағатын шалғайдағы елді мекен тұрғындары да сезініп, көгілдір отынға қолы жеткен ауыл халқының арманы орындалды. Ауданды толықтай көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары бүгін де жалғасуда. Соңғы бірнеше жылда Мемлекет басшысының бастамасымен Қордай ауданында қыруар жұмыс атқарылып, 22 ауылды газдандыруға 10 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Осының арқасында қордайлықтардың көгілдір отынмен қамтылу деңгейі 47-ден 95 пайызға жетті.
Жалпы Қордай ауылына газ құбыры 1987 жылы тартылғанына қарамастан, аудандағы үлкенді-кішілі елді мекендерді газдандыру мәселесі ондаған жылдар бойы шешімін таппай келген. Десек те, соңғы екі жылда мемлекет тарапынан ауданға ауқымды қолдау көрсетіліп, аудан орталығына жақын жатқан ауылдар былай тұрсын, тіпті шалғайдағы Көктөбе, Аңырақай, Бел сынды елді мекендерге газ құбыры тартылды.
Тарқата айтсақ, 2021 жылы Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масаншы, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп, бас-аяғы 392 шақырым магистральды газ құбыры салынды. Бұл іс өз кезегінде 62 мыңнан астам азаматқа қуаныш сыйлап, 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының табиғи газбен қамтылуына мүмкіндік берді. Сондай-ақ былтыр «Отар» автоматты газ тарату стансасындағы жұмыстар аяқталып, осы аймақтағы тағы 12 елді мекенге орталық құбыр тартылды. Нәтижесінде, Отар, Сұлутөр, Үлкен Сұлутөр, Көктөбе, Бел, Аңырақай, Кенен, Алға, Мұзбел, Көгадыр, Соғанды ауылдарына газ құбыры жетті. Алайда кейбір ауылдарда тұрғындардың газға қосылу ақысын кешеуілдетуіне байланысты ауылішілік құбырларды тарту жұмыстары әлі күнге жүргізілуде.
Ендігі кезекте, яғни 2022-2024 жылдар аралығында Қарасай, Еңбек, Керу, Ноғайбай, Сарыбастау және Шарбақты ауылдарына газ құбырын тарту жоспарланған. Осының барлығы іске асқан жағдайда ауданның барлық елді мекендері табиғи газдың игілігін сезінбек.
Табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып отыр. Сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай азайтуға ықпал етпек. Оның үстіне көгілдір отынның арқасында тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жеңілдеп, қыс маусымында отынға кететін шығынның да азаятыны, жайлы өмірдің арқасында жастардың ауылға тұрақтап, кәсібін дөңгелететіні де анық.
Ал биыл 5 елді мекенді – Еңбек, Қарасай, Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарын газдандыру мақсатында республикалық бюджеттен 888,8 миллион теңге қаражат қарастырылып, құрылыс жұмыстары жүргізілу үстінде.
Аталған жұмыстар аясында «Жамбыл облысы Қордай ауданының Қарасай, Еңбек, Керу ауылдарына тартылатын газ құбырын салу. І кезек Қарасай, Еңбек ауылдарына тартылатын газ құбыры» жобасы бастау алған еді. Аса жауапты жұмыстардың мердігері болып «Алия-Сервис» ЖШС танылып, компаниямен 1 миллиард 479,8 миллион теңгеге келісімшарт жасалған. Техникалық қадағалаушы болып «Тараз-Технопроект» ЖШС бекітіліпті. Бүгінгі күнге дейін «Алия-Сервис» компаниясы Еңбек ауылының кіреберісінен бастап 25 шақырым траншея қазып, 25 шақырым газ құбыры жүргізілген. Бүгінгі күнге жұмыстың 65 пайызға жуық көлемі орындалған.
Сондай-ақ «Қордай ауданының Ноғайбай, Сарыбастау, Шарбақты ауылдарына тартылатын газ құбырын және Шарбақты ауылының ішіндегі газ құбырын салу» жобасы бойынша мердігер ретінде «Gas Energy Construction» ЖШС анықталған. Аталған компаниямен 712,6 миллион теңгеге келісімшарт жасалып, техникалық қадағалаушы болып «Тараз-Технопроект» ЖШС белгіленген. Қазіргі уақытта Қордай-Ноғайбай ауылының кіреберісінен бастап 49,5 шақырым газ құбыры жүргізілген. Бүгінгі күнге жұмыстардың 87 пайызы орындалып, ауылға көгілдір отын тарту бойынша жұмыстар жалғасын табуда.
Сонымен қатар Керу ауылын газдандыру үшін 476,6 миллион теңге республикалық бюджеттен бөлініп, конкурс өткізу үшін мемлекеттік сатып алу басқармсына құжаттар жолданған. Бүгінгі күнге тиісті жұмыстар атқарылуда. Сондай-ақ Бәйтерек ауылына жобалау және зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 2025 жылға дейін ауданның барлық елді мекені 100 пайыз табиғи газбен қамтылады.
Инфрақұрылымның дамуы – экономиканың өсуі және соның нәтижесінде халықтың өмір сүру сапасының жақсаруының көрсеткіші. Тақтайдай тегіс жолдар бүгінде сән-салтанат емес, жайлы жағдайды қамтамасыз етудің қажеттілігі. Ауылішілік жолдарды жөнге келтіру мәселелері – күн тәртібінен түспейтін тақырып. Десе де, бүгінде жол мәселесінің біртіндеп шешіліп келе жатқандығы көңіл қуантады. Мәселен, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Қордай ауылында бірнеше көшені орташа жөндеу жұмыстары басталды.
Атап айтатын болсақ, Жамбыл көшесі, «Үсен ұлы» базарының жанындағы көше бөлігі ретке келтіріледі. Сонымен қатар Аңырақай, Сауранбаев, Жеңістің 40 жылдығы, Елімай көшелері, Жібек жолы көшесінің бас жағы, Пушкин көшесінің бас жағында жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Б.Момышұлы, Желтоқсан, Абылайхан тұйығы, Алматы көшесінің Домалақ ана көшесіне дейінгі бөлігі, Мүсірепов көшесі мен Жангелді көшесіне кіреберісте орташа жөндеу жасалады деп жоспарлануда. Төле би, Орталық және Бәйдібек көшелерінде де орташа жөндеу жасалады. Жалпы алғанда, Қордай ауылында 5,5 шақырым жол жөнделмек. Жұмыстарды жүргізіп жатқан мердігер – «Dauren Build» ЖШС.
Тағы бір қуанышты жаңалық – «Батыс» шағын ауданына қарасты жол учаскелеріне асфальт төсеу жұмыстары басталды. Еске сала кетсек, осы уақытқа дейін ықшамаудан тұрғындары асфальт жолдың жоқтығын бірнеше рет көтерген болатын. Қордай ауылдық округі әкімінің аппаратында жол сапасын жақсарту мәселесі басымдықтың бірі екенін айтады. Сондықтан бұл мәселені шешуге ерекше көңіл бөлінетін болады.
Сонымен қатар 2021 жылдан өтпелі Ноғайбай ауылына кіреберіс автомобиль жолының 0-11 шақырымын орташа жөндеу жұмыстарына былтырғы жылы 50 миллион теңге бөлініп, 2 шақырым жол жасалған болатын. Қазіргі таңда қосымша жұмыстар жұргізілуде. Ал Қаракемер-Еңбек-Қарасай бағытындағы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге 2021 жылға 7,1 миллион теңге, 2022 жылға 107,3 миллион теңге бөлінген еді. Қазіргі уақытта жұмыстар жалғасуда.
«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді дана қазақ. Бүгінде баспаналы болғысы келіп, табанынан таусылып жүрген адам қаншама. Бірі мемлекеттік бағдарламалармен банктерді жағалап жүрсе, енді екіншісі үй кезегіне тұрып, Үкіметке үміт артып отыр. Осы орайда көп азаматтар кезектің санын білмей, түрлі мекемелердің табалдырығын тоздырып, әкімдіктің есігін қағып жатады. Бұл мәселені шешуде де Қордай ауданында алға жылжу бар деуге болады.
Ресми деректер бойынша, ауданда тұрғын үй кезегіне 2 315 азамат тіркелген. Аталған азаматтарды тұрғын үймен қамту мақсатында аудан бойынша 30 пәтерді сатып алуға республикалық бюджеттен 288 миллион теңге қаражат бөлінген. Осы жоспарды орындау мақсатында ауданда арнайы 4 пәтерлі 1 қабатты тұрғын үйдің эскиздік жобасы әзірленген. Әр пәтердің көлемі 58 шаршы метрді құрайды. Осы жоба аясында мердігер анықталып, қазіргі таңда Қордай ауылында тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары басталыпты. Жоспарға сәйкес, тамыз айында 12 пәтерлі 3 үйдің құрылысы, қыркүйек айында 16 пәтерлі 4 үйдің құрылысы аяқталып, сатып алынады. Қалған 2 тұрғын үйді тамыз айында сатып алу жоспарланып отыр екен. Сонымен қатар ағымдағы жылы тағы да 20 пәтерді сатып алу үшін облыс әкімдігінің құрылыс басқармасына жалпы сомасы 192 миллион теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылған.
Бұдан бөлек, «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 2023 жылға 16 аз қамтылған отбасыны жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланған. Жұмыстар 3 жаңа құрылыс жүргізіп, 9 үйді сатып алу, 4 үйге күрделі жөндеу арқылы жүзеге аспақ. Бүгінгі күнге дейін 6 тұрғын үй қолданысқа беріліп үлгерген екен.
2021 жылы Қордай ауылы «Батыс» ықшамауданындағы 5 қабатты 60 пәтерлі № 3,4 тұрғын үйлердің құрылыстары басталған болатын. 2022 жылға өтпелі нысан былтыр қабылдау қажет болған. Алайда құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер «Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС жұмыстарын тоқтатып, қосымша қаржы қарастыру бойынша талап қойған. 2023 жылы 27 ақпанда №01-06/242 хатымен Қордай ауданы әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлім тарапынан мердігерге «Нұр Құрылыс Болашақ» ЖШС объектілерді салуға арналған шарттарды бұзу туралы, алдын ала төлемді қайтару туралы, 2021-2022 жж және тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімпұл) алу туралы талап арыз Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына берілген. Бүгінгі күнге аудан әкімдігі мен мердігер тарапынан келіссөз жүргізіліп, қосымша қаржы бөлу бойынша бір келісімге келді. Қазіргі таңда тиісті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін аталған нысандардың құрылысын аяқтап, пайдалануға беру бойынша тиісті жұмыстар басталмақ.
Пайдалануға берілген тұрғын үй құрылысын геопортал жүйесіне енгізу ісі де аса маңызды жұмыстардың қатарында. 2023 жылға облыстық құрылыс басқармасымен 72 735 шаршы метр тұрғын үйдің көлемін енгізу бойынша индикатор бекітілген. 6 айдың қорытындысы бойынша 24 220 шаршы метрді құрайтын 124 жеке тұрғын үй пайдалануға берілген. Қазіргі уақытта 94 қабылдау актісі, 65 сәулеттік жобалау тапсырмасы және 60 эскиздік жоба геопортал жүйесіне енгізіліпті. Қалған құжаттар шілде айының соңына дейін жүйеге толық енгізілмек.

Еркін Сайын

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.