Қалалық қоғамдық-саяси газет

Алғыс арқалаған алтын қолды дәрігер

0 1  709

«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Бұл тұрғыдан келгенде, біліктілік пен шыдамдылықты қатар талап ететін жауапты мамандық иелерінің бәсі тіпті артық. Әсіресе медицина – жүгі ауыр салалардың бірі. Оның ерекшелігі сол – жауапты да қиын мамандық иесі дәрігердің жұмыс барысында ешқашан қателесуіне болмайды. Сондықтан олар ұдайы тәжірибелік білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде жүреді. Сондай білікті мамандардың бірі – Аида Тоқбергенова.

Аида Ералықызы 1986 жылы 16 қыркүйекте дүниеге келген. 2004 жылы Жеңістің 30 жылдығы орта мектебін бітірген соң, Аида арман қуып Алматыға аттанады. Алып шаһардағы С.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетіне оқуға түсіп, бала күнгі арманына бір қадам жақындайды. 2011 жылы аталған білім ордасын «Емдеу ісі-терапевт», 2013 жылы «Аллергология», 2014 жылы «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандықтары бойынша тәмамдаған.
Қазіргі таңда Аида Ералықызы «Мейірім» медицина орталығының №8 қалалық емханасы бас дәрігерінің медициналық көмектің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеуде. Қызмет ете жүріп білімін жетілдіруді көздеген ол 2021 жылы Қоғамдық денсаулық сақтаудың жоғары мектебінде «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығының магистратурасын аяқтайды. Бұл оның өз мамандығын қаншалықты шексіз сүйетінін аңғартса керек.
Талмай еңбек етіп, еліне зор пайдасын тигізіп жүрген дәрігер – жастарға үлгі етуге әбден лайықты еңбек адамы. Мамандығына жан дүниесімен берілген білікті дәрігер үшін «ақ халатты абзал жан» деген халықтың құрметті атағынан асқан қасиетті ұғым жоқ. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген ол бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнағысы келеді. Осы мақсатта «Денсау- лық – басты байлық» тәмсілін өмірлік ұстанымға айналдырып, емдеу саласында жемісті еңбек етуде.
– Жамбыл жерінде Сағындық Ордабеков, Сейітхан Жошыбаев сынды білікті дәрігерлер аз емес. Мен де бала кезімнен соларға еліктеп, осы саланы таңдағаныма еш өкінбеймін. «Адам жанының арашашысына» айналған дәрігер мамандығының қиындығы мол. Алайда алдыңа ем іздеп келген науқас дертіне дауа тапса, сол қиындықтың барлығы бір сәтте ұмытылады. Олардың шынайы алғысы мен риясыз көңілінен асқан марапат жоқ. Өз ісін жақсы көретін барша дәрігердің ойы дәл осындай екеніне сенімдімін, – дейді Аида Ералықызы ағынан жарылып.
Кейіпкеріміздің науқастармен қарым-қатынасы, өз жұмысына жауапкершілікпен қарайтыны кімді болса да сүйсінтері сөзсіз. Осы қасиеттерінің арқасында ол әріптестері мен емделушілері арасында зор абыройға ие. Сондықтан олар Аиданы «алтын қолды дәрігер» деп атайды.
Ауырған тәнді қалпына келтіріп, кейде өмір мен өлімнің арпалысқан қатерлі сәттерінде бар білімі мен білігін аямайтын мамандық иелерін қалай дәріптесек те жарасады. Дәрігерлердің шипалы қолдарының көмегімен өмірден күдер үзгелі жатқан науқас та аман-есен жарық дүниеге қайта оралып жатады. Сондай білікті мамандардың сапынан Аида Тоқбергенованың да табылуы өзіне де, өзгеге де мақтаныш.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.