Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жеткіншектердің тұлғааралық қарым-қатынас дағдыларын тренингтер арқылы қалыптастыру

0 469

Адам баласы өсіп келе жатқанда оның жетекші қызметінің сипаты ғана емес, айналасындағы адамдармен өмірінің әртүрлі кезеңдерінде қарым-қатынасқа түсу сипаты маңызды болады. Сол себепті жас жеткіншектердің өздерінің құрбыларымен тұлғааралық қатынастары олардың тұлғалық дамуының маңызды шарты болып табылады. Қазіргі кезеңде жеткіншек жасының шегі шамамен балалардың орта буын сыныптарында білім алуымен сәйкес келеді, яғни 11-12 жастан бастап, 15-16 жасқа дейін созылады. Жеткіншектік кезең психолог-педагог ғалымдардың қарқынды зерттеу нысанына айналған мәселе болып табылады.

Жеткіншектік жас – тұлға болып қалыптасу кезеңі, бұл жаста оқу іс-әрекетімен және айналадағылармен өзара қарым-қатынас орнатумен байланысты өзіндік сана, адамгершілік және интеллектуалды сезімдер дамиды.
Бұл кезеңде достық, жолдастық қатынастың тірегі – эмоцияға негізделетін тұлғааралық қатынастар. Топтағы және ұжымдағы тұлғааралық қатынастарда өмірлік тәжірибе меңгеріліп, тұлға қалыптасады, бұл жеткіншектердің сыртқы ортамен және адамдармен қатынастарының күрделі жүйесін анықтайды. Қарым-қатынас барысында әлеуметтік мінез-құлық нормалары меңгеріледі, жеткіншектерде бір-біріне деген өзара құрмет, өзара түсіністік, достық қатынастар орнап, өзге адамдарды түсіну, қабылдау қабілеттігі қалыптасады.
Жеткіншектердің құрбы-құрдастармен тұлғааралық қатынастарын зерттеу айрықша назар аудартады. Бұл кезеңде қарым-қатынас анағұрлым таңдамалы болып келеді. Жақсы жолдас бола білетін құрдастар жоғары бағаланады. Жеткіншектерге топтың бір бөлшегіне айналуға ұмтылыс тән. Жеткіншектер өздерін жақсы танытуға, топқа бейімделуге, басқаларға ұнайтын жетістіктерге жетуге тырысады. Құрбы-құрдастармен қарым-қатынас барысында әлеуметтік өзара әрекеттесу дағдылары, бағыну, сондай-ақ өз құқығын қорғау ептілігі де қалыптасады. Сонымен қатар қарым-қатынас жеткіншектер үшін ақпарат арнасы болып табылады. Жеткіншектер құрбы-құрдастармен қарым-қатынасты аса маңызды әрі тұлғалық қалыптасу ретінде қабылдайды. Дегенмен де жеткіншектік кезеңде тұлғааралық қатынастардың дұрыс дамымауына негізделген мәселе – жалғыздық та кездесіп жатады. Жеткіншектер бұл қиындықты өзін-өзі бағалаудың төмендігінен айналадағылармен байланыс орнатуда қиналғанда, мазасыздықты сезінгенде, айналадағылармен сенім болмағанда сезінеді. Психологтар, педагогтар мен ата-аналар мұндай балаларды мұқият қадағалап, оларға қолдау көрсетуі қажет. Жеткіншектерде жалғыздық, невроз, мінез-құлықтың бұзылуы, құқық бұзушылыққа бейімділік құрбы-құрдастармен өзара қатынастар қиындығын сезінгенде туындайды.
Жалпы тренинг сабақтарын «өмірдің кейбір үлгісімен», «шынайылыққа ұқсас шындықты құрастыру тәсілімен» салыстыруға болады. Осындай сабақтар арқылы жасөспірімдер қандай да бір жағдайда «өмір сүруі», мінез-құлық стилін апробациялау, түсінікті себептермен шындықты шеше алмайтын қандай да бір міндетті шешуге тырысуы мүмкін.
Тренингтер рөлдік ойындарды қолдана отырып, топтағы жұмыс белсенділігін арттыру, теорияны практикалық тапсырмалармен байланыстыру, ақпараттар көлемін саналы меңгеру арқылы эвристикалық әдістемеге жол ашады. Тренинг мақсаты – қатысушылардың ойлары мен сезімдерімен бөлісу, пікірлерін ортаға ашық айтып, топтық тұтастыққа әкелу. Сонымен қатар тығыз қарым-қатынас орнату мен өзін-өзі түсінуге, басқа адамдарды түсіне алу қабілетін арттыруға, шын ниетпен адамды тыңдай білу және оны терең түсінуге, басқа адам тарапынан сынға тура қарау қабілетін арттыруға, сезімдерін шығарудан қорықпау, өзін-өзі бағалауын көтеруге бағытталады.
Осылайша тренингтік сабақтарға қатыса отырып, оқушылар оптимизм, позитивті ойлау деген не екенін тұжырымдайды, өз жетістіктерімен (физикалық, моральдық), өмірлік қиын жағдайларды шешу тәсілдерімен бөліседі және жағымсыз үрдістерге қарсы тұру үшін өз ресурстарын ашады. Әртүрлі жұмыс түрлері (тренингтер, сынып сағаттары, психологиялық акциялар) салауатты өмір салтын насихаттаумен үйлеседі және жастар арасында маскүнемдіктің, нашақорлықтың және суицидтің алдын алу тәсілдері болып табылады, өйткені оқушыларды өз өмірі үшін жауапкершілікті қабылдауға және қиындықтарға қарсы тұруға үйретеді.

Әлия Сұлтанбек,
Тараз қалалық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына
психологиялық кеңес беру кабинетінің психологы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.