Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жаса, жайна, ару қала Астана!

0 381

Тараз қаласындағы «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында 6 шылде Астана күніне арналған «Жаса, жайна, ару қала Астана!» атты арт-фестиваль өтті. Негізгі шара алдында ғимараттың фойесінде «Мен сені мадақтаймын, менің Астанам!» тақырыбында балдырғандар қылқаламынан туған суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Арт-фестивальдің негізгі бөлігі 4 аймаққа бөлініп өткізілді. «Мозайка» аймағында оқушыларға жапонның оригами өнерін меңгертуге бағытталған арт-фабрика орын тепсе, «Кәдесый» бөлігінде балақайлар саз балшықтан түрлі ойыншықтар жасауды үйреніп жатты. Ал «Шебер қолдар» аймағында «кинусайга» техникасы бойынша түрлі-түсті таспалардан композициялар құрастыруға машықтанып, «Көркем кенеп» аталған бөлікте бүлдіршіндер «Астана – балалар көзімен» тақырыбына арналған көлемді коллажды безендіруге үлес қосты.

Мерекелік шара оқушылар сарайының тәрбиеленушілерінің қатысуымен ұйымдастырылған концертке ұласты. Онда жас дарындардың орындауында ән әуелеп, биден шашу шашылды. Мәселен, «Жас дәурен» үлгілі балалар хореографиялық ансамблінің мүшелері биімен баршаны тәнті етсе, «Камер-тон» эстрадалық вокал ансамблінің қатысушылары «Сәлем саған, туған ел!», «Астана» әндерін шарықтата шырқады. Ал «Өрлеу» ән-саз студиясының шертершілер ансамблі «Желдірме», «Бақтыбайдың әуені», «Жігер» ұлдардың ждомбырашылар ансамблі Құрманғазының «Адай», А. Райымбековтың «Секіртпе» секілді күйлерін нақышына келтіріп орындап, көпшілік қошеметіне бөленді.

Шара барысында, сондай-ақ балалар арасында викториналық сұрақтарға жауап беруден байқау өткізілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.