Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халыққа қажетті бастамалар қамтылған құжат

0 807

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы Қазақстан халқына бүгінгі билікке деген зор сенім қалыптастырды.

Жолдауда еліміздің билік жүйесіне қатысты біраз саяси реформалар айтылды. Соның ішінде мына мәселелер менің назарымды айрықша бұрды. Бірінші – Парламентті жасақтау мәселесі. Бұл – бұрыннан бері көтеріп келе жатқан мәселенің бірі. Мәселен, 2018 жылы «Сайлау туралы» Заңға өзгеріс енгізген кезде аудандық, қалалық, облыстық мәслихаттарды партиялық жолмен сайлау тізіміне өзгертіп жіберді. Өйткені партиялық жолмен сайланған депутаттар халыққа емес, партияға байланады да, халық пен биліктің арасы алшақтап қалды. Өткен жылғы Жолдауда Президент сайлаудың жүйесін өзгертті. Мәжілістің 70 пайызы партиядан, 30 пайызы мандаттық округтерден сайланды. Ал жергілікті, яғни аудандық, қалалық мәслихаттың депутаттары бір мандаттық округтерден сайланды. Бұл – өте дұрыс шешім. Соның арқасында саяси сахнаға ұлтқа жаны ашитын азаматтар келді. Бәрімізге мәлім, сегізінші шақырылымдағы халық қалаулылары өте белсенді әрі елдің көкейіндегі сұрақты жоғарыға жеткізуге мұрындық болып жүр. Демек, сенім ақталды.
Екіншіден, Президенттің партиядан тыс болуы, яғни жетекші партияға басшылық етпеуі – өте маңызды мәселе. Көптеген озық, дамыған мемлекеттерде Президент партияға тәуелді болмайды. Демек, біздің Президентіміздің осы жолды таңдауы елімізде бір партияның билікті монополиялап алатын жағдайды өзгертеді. Бұл біздің үлкен жетістігіміз деп есептеймін.
Үшіншіден, Президенттің өзінің көптеген құзыретінен бас тарта бастауы да билік жүйесіндегі үлкен реформаның бірі деп білемін. Бұрын аудан әкімдерін жұмыстан босатуға дейін Президент араласатын. Ол осының бәрінен заңды түрде бас тартып, Парламентті күшейтуге күш сала бастауы жігерімізге жебеу беріп, келешегімізге сенімімізді күшейтті.
Төртіншіден, Конституциялық сот біздің елде бұрын болған, кейін оны біз Конституциялық кеңес деп құрдық. Ал көптеген дамыған елдерде Конституциялық сот бар. Осы жағдайды ескерген Президент соңғы Жолдауында сол Конституциялық сотты қалпына келтіру мәселесін көтерді. Бұл да өте дұрыс шешім.
Бесіншіден, бұрын Сенатқа байланысты «Сенаттың қажеті жоқ, бір палаталы Парламент болуы керек» деген әртүрлі пікірлер айтылып келген. Құнды құжатта бұл мәселе де ескерілді, яғни Сенат депутаттарының санын қысқартты. Бұрын Президент өзінің Жарлығымен 15 сенаторды тағайындайтын болса, қазір оның санын 5-ке қысқартты. Бұл барлық билікті Президент шеңгелдеп алудың тиімсіздігін ескере отырып, парламенттік билікті күшейтуге бағытталған маңызды қадам саналады.
Мемлекет басшысының кезекті Жолдауында білім саласын назардан тыс қалдырмай, маңызды қадамдарды кезең-кезеңімен жасауға үндейтіні қуантады. Осы тұста Жолдауда айтылған маңызды міндеттер, тың бастамалар әрқайсысымызға зор жауапкершілік жүктейтіндігін тағы да атап өткім келеді. Жолдаудың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» деген тақырыбының өзі ендігі халық пен биліктің бірігіп, ортақ мақсатқа көз тігуіне үндеп тұрғандай әсер береді. Әділетті мемлекет құру – бір ғана адамның немесе кішігірім топтың ғана қолынан келе қоймайтын іс. Ол үшін ұлттың біртұтастығы маңызды. Сонда ғана қоғамда береке орнап, бүтін елдің іргесі сөгілмей, болашағы жарқын болмақ. Сондықтан да Жолдауда айтылған маңызды міндеттер, оларды жүзеге асыру әртүрлі салада қызмет ететін әрбір қазақстандық үшін басты назарда болуы керек.
Президенттің әрбір Жолдауы қазақстандықтардың жақсы тұрмысы ғана емес, сондай-ақ алаңсыз болашағы туралы айтылатындығымен құнды. Бұл Жолдауда көптеген өзекті мәселелер талқыланды. Жаңа бастамалар шеңберінде алда атқарылар жұмыс көп екендігі белгілі.
«Атап айтсақ, бұл – макро-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз», – деді Президент.
Өз халқының ертең емес, бүгін бақытты өмір сүргенін көргісі келетін Мемлекет басшысы: «Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!» – деген қанатты сөзі жастарға жалынды жігер береді.
Жолдау – стратегиялық құжат, сондықтан онда айтылған нәрселер бүгін айтылып, ертең жүзеге аса қоймайды. Өйткені осы Жолдауға байланысты кейбір заңдарға өзгерістер енгізуге тура келеді. Сондықтан Жолдаудың толық жүзеге асуы белгілі бір уақытты қажет етеді. Қазақ «Асықсаң, жақсылыққа асық» дейді. Біз де осы Жолдауда айтылған мәселелердің тезірек жүзеге асуына тілеулеспіз.

Айнура СЕЙДІЛДАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті 
«Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.