Қалалық қоғамдық-саяси газет

Азаттықтың туы тыныш қоғамда желбірейді

0 903

Еуразияның кіндігінде орналасқан Қазақстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеніне 30 жылдан асты. Бұл – адамзат тарихы үшін қас қағым сәт болғанымен, біз үшін маңызды бір белес. 30 жылда тәуелсіз елдің бағындырған белесі туралы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жазған болатын.

Мақалада Н.Назарбаев ең әуелі тәуелсіздіктің мән-мағынасына, оның қазақ тарихы үшін қаншалықты маңызды екенін айта келіп: «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ, бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы», – деп азаттығымыздың мерейлі жеңіс екеніне ой жүгіртеді.
Иә, ешбір елге тәуелсіздік аспаннан түспейді. «Жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткізсек» те оған дейін бір жарым ғасырдай уақыт ішінде азаттыққа ұмтылған ел отаршыларға қарсы жүздеген рет көтеріліске шығып, есепсіз қан төкті. Мәселен, ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде тыл жұмысы үшін қазақтан адам алмақшы болған кезінде қазақ жерінің барлық тұсында «патшаға адам бермейміз» деген ұранмен халқымыз көтеріліске шыққан болатын.
Патша өкіметі құлағаннан кейін де жерімізде Кеңес өкіметі орнап, буынын бекіткен соң да қазақ халқына жасалған қан-қасаптар аз емес. 1921-1922, 1932-1933 жылдардағы аштық, 30-жылдардағы репрессия, Екінші дүниежүзілік соғыс миллиондаған қазақтың өмірін жалмап, өзі жерімізде азшылыққа айналдық. Бұл туралы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Кейде ойлаймын: қазақ не деген төзімді халық?! Көнбеске көніп, шыдамасқа шыдаған. Болашағы бұлдыр болған күннің өзінде сағын сындырмай, келешектен үмітін үзбеген. Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, үздіксіз алға жылжыған. ХХ ғасырдың екінші онжылдығында, дәлірек айтқанда, 1913 жылы ұлт зиялысы Ахмет Байтұрсынұлы өзінің «Қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дей келе, соған қарамастан Абайдың есімін тек Семей мен Ақмола облыстарының қазақтары ғана білетінін, ал дүниеден қайтқан соң жарық көрген жалғыз кітабы ел ішіне кеңінен таралмай жатқаны туралы қынжыла жазған еді. «Қарап отырсақ, содан бергі бір ғасырдың көлемінде бірте-бірте ұлы ақынның даңқы жер жүзіне әйгілі болатындай деңгейге жетіппіз. Ол – алдымен, әлбетте, Абайдың теңдессіз кемеңгерлігінің, содан соң тәуелсіз мемлекеттігіміздің арқасы», – деп жазады.
«Тәуелсіздік тағылымы» мақаласындағы Тұңғыш Президентің ойларының бәрін бір мақалада шолып, баға беру қиын. Дегенмен, ондағы айтылғандардың ең бастысы – қазақ халқының тәуелсіздікке жету жолындағы ғасырларға созылған жанқиярлық күресі мен Қазақстан тәуелсіз мемлекет атану жолындағы саяси қиындықтарды еңсеруі жайындағы ойлар дер едім. Бұл – бүгінгі және болашақтағы қазақтың есінде тұруы тиіс аса маңызды тұжырым.

Айнұр СЕЙДІЛДАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Конвергенттік журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.